• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 04 Желтоқсан, 2024

Қойманы толтыратын көрсеткіш

42 рет
көрсетілді

Алматы облысының ауыл шаруашылығы секторы биыл айтар­лықтай жетістікке жетті. Облыста биыл ауыл шаруа­шылығы дақылдарының жалпы алаңы 420 мың гектарды құрады, оның ішінде бүгінге дейін 405,6 мың гектар егін жиналды. Бұл – жалпы жоспардың 96 пайызы. Жиналған өнім ішінде картоп, көкөніс, дәнді және майлы дақылдар айтарлықтай көп.

Егін жинауда облыстағы дәнді дақылдардың жалпы алаңы 169,2 мың гектарды құраса, майлы да­қылдар 23,7 мың гектарға егілді. Сондай-ақ 10,4 мың гектар картоп, 15,5 мың гектар көкөніс, 1,8 мың гектар бақша дақылдары, 0,2 мың гектар қант қы­зыл­шасы және 198,4 мың гектар азық­тық дақылдар қамбаға түсті.

Жүгері егілген алаң 50,4 мың гек­тарды құрайды, өткен жылмен са­лыс­­­тыр­ғанда бұл көрсеткіш 4,3 мың гек­тар азайған. Қазіргі уақытта 36 мың гектар (71,3%) жүгері жиналып, өнім­ді­лік гектарына орташа 70,6 центнерді құрады. Бұл көрсеткіш бойынша жалпы 254,9 мың тонна жүгері жиналды, ал жалпы жи­налған өнім көлемі 378 мың тон­­надан асады деген жос­пар бар.

Алматы облысында жыл сайын жиналған жүгері мен басқа да дақыл­дарды қабылдап, өңдеумен 3 кәсіп­орын, атап айтсақ, Панфилов ауда­нын­дағы «Жаркент крахмал-патока зауыты» ЖШС, Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» АҚ және Жамбыл ауданындағы «Көк Теңіз» ЖШС айналысады.

Қазір «АзияАгроФуд» АҚ зауыты 25 мың тонна жүгері қа­был­дады, орташа бағасы 50 мың теңге көлемінде. «Көк Теңіз» ЖШС 62-65 теңгеден 5 мың тонна жүгері қабылдаған, ал жел­тоқ­сан айы­ның ортасына дейін тағы 15 мың тонна жүгері қабылдауды жос­пар­­лап отыр. Облыста құс фабрикала­ры килограмына 74 теңгеден 800 тонна жүгері сатып алды.

Алматы облысында дәнді дақыл­дарды сақтау, кептіру және қабыл­дау жұмыстарын атқаратын 3 лицен­зия­­­ланған кәсіпорын бар. Олар – «Байсерке Агро» ЖШС, «Agro-food» ЖШС және «Балтабай Дән» ЖШС. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданындағы «Наниев К.И», «Будан», «Хайдаров» ШҚ, Жамбыл ауда­нын­дағы «Олжас», «Шкаев» ШҚ астық кеп­тірумен айналысады.

Биыл Алматы облысы картоп пен көкөніс өнімдерінде де көңіл тоғай­тар­лық нәтиже көрсетті. Осы жылы 741 мың тонна картоп және көкөніс-бақша өнімі жиналды. Бұл облыстың ішкі нарығын то­лық­тай қам­тамасыз ету үшін жеткі­лік­ті. Кар­топтың орташа бағасы – 213 теңге, пияз – 146 теңге, сәбіз 163 тең­­­ге­ден бағаланған. Пияз өнімінің көле­­мі ішкі нарықтың қажеттілігінен екі есе артық. Қазіргі кезде облыс 50,6 мың тонна пияз жинады, оның 24,4 мың тоннасы ішкі тұтынуға, 8,1 мың тоннасы маусымаралық кезең­ге сақ­тал­ған. Облыста пиязды сақтау үшін 29 көкөніс қоймасы іске қосылған, олардың жалпы сақтау сыйымдылығы 57,2 мың тоннаға тең. Сонымен қатар шаруа­шы­лықтар пиязды уақытылы өткізу үшін ірі сауда желілерімен, супер­мар­кет­термен келісімшарттар жасасып жатыр.

2024 жылға арналған су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспары облыста 42,6 мың гектарды құрайды. Бүгінде су үнемдейтін технологиялармен қамтылған алаң 43,1 мың гектарды немесе 101,3%-ды құрайды, оның ішінде тамшылатып суару – 18,4 мың гектар, жаң­бырлатып суару – 24,7 мың гек­тар (жаңа алаң 22,5 мың гектар, оның ішінде тамшылатып суару – 8,8 мың гектар, жаңбырлатып суару – 13,7 мың гектар).

Сонымен қатар облыста су үнем­дейтін технологияларды сатып алу мүм­кіндігін арттыруға тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін зауыт жұ­мыс істейді. «Жібек жолы» ЖШС бас­тапқы кезеңде су үнемдейтін техно­логияларға 10 миллион доллар инвес­­тициялауды жоспарлап отыр. Ком­пания тамшылатып суару жүйе­сі­не арналған құрамдас бөлік­тер­ді шығарумен айналысады. Өндіріске бөлінген жер учаскесінің аумағы – 8 гектар.

Облыстың аграрлық секторында ішкі нарықты тұрақты түрде қам­та­ма­сыз етуге тиімді логистика мен сауда желілерімен байланыс орнату қажет. Сонымен қатар егін жинау жұ­мыс­тарына қажетті техниканың тиімді пайда­ланылуы, астықты сақтау инфра­құрылымының дамуы егін шаруа­шылығының тұрақты дамуына ықпал етеді.

 

Алматы облысы