Агросаланы дамытудың басты тетігі – ауылшаруашылық өнімдерін тиімді бағамен өткізу. Бұқар жырау ауданындағы бірнеше шаруа қожалық енді өздерінің еңбекпен жиған өнімін өңіріміздегі алпауыт «Qarmet» компаниясына үздіксіз саудалайтын болды. Мұнымен қоса, осы аудан Президент тапсырған «Тауарлы несие» тетігін алғашқылардың бірі болып іске қосты. Осындай қолдау көрген агрокешеннің алға қадам баса беретіні анық.
Жақында ғана облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қазақмыс» АҚ мен «Qarmet» АҚ басшылығымен бірлесіп, жергілікті кәсіпкерлерден азық-түлік өнімдерін сатып алу туралы меморандумға қол қойды. Сол меморандум негізінде енді Бұқар жырау ауданының фермерлері «Qarmet» АҚ қызметкерлерін ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ететін болды. Өйткені аудандағы фермерлер «Qarmet» АҚ-ға азық-түлік өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол қойды. Келісім «Değirmen» ЖШС мен «Акнар ПФ», «Агрофирма Азамат» ЖШС, «Нұр-Әділ» шаруа қожалықтары арасында жасалды.
Келісімге қол қойғандардың бірі – «Нұр-Әділ» шаруа қожалығы. Шаруашылық Жаңаталап ауылындағы 3 мың гектарға егін егеді. Арпа, бидайдан басқа көкөністің түр-түрін өсіреді. Осы уақытқа дейін ол өнімін Астана мен Алматыға саудалап келген. Келісімнің арқасында келесі жылы тауарын алысқа тасып әуре болмайды. Қоймасынан артып әкетеді.
– Биылғы өніміміз берекелі болды. 3, 5 мың тонна егін, 2 мың тонна картоп, 500 тонна сәбіз, 500 тонна қырыққабат алдық. Осы астықтың бәрін 3 мың гектарға егемін. Диқандар қамбамызды толтырып қуанып жүр едік. Қуанышымыз осындай жақсы жаңалыққа жалғасып жатыр. Қазіргі нарықта өніміңді тиімді өткізе алудың өзі – үлкен шаруа. Сол уайымымызды жеңілдеткен биліктегі азаматтарға шаруа қожалықтар дән риза. Енді келер жылға жоспарымыз көп. Президент тапсырмасына сәйкес суармалы жерді 400 гектарға ұлғайтамыз. Тамшылатып суару техникасын аламыз деп отырмыз. Қоймамызды кеңейтеміз. Енді еш алаңсыз еңбекпен жиған көкөнісімізді сонда жинаймыз. Жыл он екі ай өтетін болады. Олар асханаларына өздері алып кетіп отырады. Бұл біз үшін үлкен көмек болды, – дейді шаруақожалық басшысы Еркін Ахметов.
Тұзды ауылындағы «Агрофирма Азамат» ЖШС басшысы Игорь Романович сәбіз өнімін өткізу бойынша келісімшартқа қол қойыпты. Шаруашылықтың иелігінде 2700 гектар жер бар екен. Соның 1000 гектарына егін салып отыр. Биыл 4 гектарға тұқым салып, 2000 тонна сәбіз өндіріпті. Ол осы уақытқа дейін өнімін Қарағандыдағы әлеуметтік дүкендер мен супермаркет желілеріне өткізіп келген. Компаниямен жасалған ортақ келісімнен соң көкөніс алқабын 10 гектарға арттырамын дейді.
Келер жылдан бастап жылына 8200 тонна құс етін өндіретін Ботақара ауылындағы іргелі «Акнар ПФ» фабрикасы да өнімін алпауыт компанияға өткізеді. Кәсіпорын директоры Виктор Колчев «Сапалы өнімімізді Алматы қаласы Ақмола, Павлодар облысы мен Астанаға тонналап жөнелтеміз. Жергілікті өнімімізді өңірімізде де өткізуге болады. Осыған жағдай жасаған облыс басшылығына алғыс айтамыз», дейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін алпауыт кәсіпорынға жеткізуді өз мойына алған «Değirmen» ЖШС директорының орынбасары Алтын Огузхан келісімге қол қойып, құжат негізінде кедергісіз жұмыс атқаратына уәде берді.
Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын жасалған келісім-шарттың игілігін екі тарап та көреді дейді.
– Бұл стратегиялық келісім жоғары сапалы өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге, тараптар арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға және ауданның жергілікті өндірушілерін қолдауға бағытталған. Жасалған келісім – жоғарыдағы меморандумның іс жүзінде жүзеге асуының айқын дәлелі. Алдағы уақытта да ауданымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен осындай нәтижелі келісімдер жалғасын табатын болады, – дейді Ерлан Бейсембайұлы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтарды заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын ойлауға ынталандыру мемлекеттің басты міндетінің бірі екеніне тоқталды. Осы орайда Үкіметке былтыр басталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл тапсырма аграрлық салаға қолдау көрсету мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Тұңғыш рет тауарлық несие беруді облыста Бұқар жырау ауданы бастады. Байыпты бағдарламаға Ақөре ауылындағы ірі «Шатан» шаруа қожалығының басшысы Евгений Әпейісов қатысып отыр. Ол өзінің шаруашылығынан 15 сиырды әлеуметтік осал топқа жататын Белағаш ауылындағы бес отбасыға үш сиырдан үлестіріп берді. Малды болғандардың бірі Гүлжазира Мұхтарова жалғыз өзі 4 бала тәрбиелеп отыр. Марина Пригляда жұмыссыз. Айжан Жалбырова көпбалалы ана санатында. Бірінші топтағы мүгедек Ерсін Ибраевтың да 4 баласы бар. Екі баланың әкесі Виктор Кушнеренко отбасында бір өзі ғана жұмыс істейді.
– Тауарлы несие жөнінде ауыл әкімі Аман Мұқатайұлынан естіп, өтінішімді бердім. Сиыр малында береке бар. Құрт-майының өзінен ай сайын табыс тауып отыруға болады. Сол арқылы бала-шағамның нәсібін тауып отырсам деген ниетпен тәуекел еттім. Бес жыл қатарынан үш сиырдан екі бұзау беруіміз керек. Одан кейін үш сиыр төлімен өзімізге қалады, өте тиімді, – дейді Гүлжазира Мұхтарова.
Фермер Евгений Ерғалиұлы басқаратын шаруашылық мал бордақылаумен айналысады. Иелігінде 1000 сиыр бар. Тауарлы несиені іскерлік қарым-қатынас бойынша былтыр бастаған көрінеді. Шаруашылығынан 15 шақырым жердегі Саумалкөл бөлімшесіндегі жігіттерге былтыр 30 сиыр, биыл 100 сиыр беріпті. Енді бес жыл бойы жылда 60 бұзау алып отырады. «Маған осы үлгідегі шаруа ұтымды», дейді.
– Шыны керек, 1000 сиырдың қыс бойғы бейнеті, оның жем-шөбі бар, оңай емес. Биыл заңды түрде белағаштықтармен келісім-шарт орнаттық. Әкімдік кепілдік беріп отыр. Ал өзімнің іргедегі шаруашылық иелерімен былтырдан бері осы бағытта жұмыс істеймін. Бордақымен айналысқан соң, жем-шөбіме үнем. Онымен қоса, елге де пайдам тиеді. Осы бір жоба сәтімен жалғасып жатса, әрі қарай да мал өсіремін, пайда табамын дегендер болса қолым ашық, – дейді Е.Ерғалиұлы.
Аудан басшысы алдағы уақытта тиімді тауарлық несиені басқа да шаруа қожалықтары қолға алатын болады дейді. «Ауданымызда бірінші рет беріліп отырған тауарлық несиенің мерзімі 5 жылға дейін. Бұл екі жаққа да тиімді.
Неге десеңіз, несие берген қожалық басшысы 5 жыл бойы сол берген малын бағып-қағудан құтылады. Әр үш сиырдан жылына екі бұзауын алып отырады. Ал 3 сиырға ие болған отбасы олардың сүтін сауып, құрт-майын алып, жылына қалған бір бұзауын өсірген күннің өзінде белгіленген 5 жылда сол несиеге алған малын 5-6 сиырға жеткізуі де мүмкін.Тауарлық несиеге қол жеткізген отбасылар сертификаттарын алып, табыннан өздері сиыр таңдауға кірісті. Сәтті жобаны ірі шаруа қожалықтары жалғайды деген сенім бар», – дейді аудан басшысы.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы