• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 06 Желтоқсан, 2024

Түгелбай ҚАЗАҚОВ, Қырғыз Республикасының Ел әртісі: Музыкадан құдіретті дүние жоқ

226 рет
көрсетілді

Өнерде шекара жоқ дейміз. Әсіресе ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен қырғыз өнерінің кеңістігі тіптен жақын. Көрші ауылда бір ғажап ән туса, дабырасы мен даңғазасы қазақ топырағына жетпей қалмайды. «Жаңбыр төкті», «Элегия», «Жиырмасыншы жаз», «Гүлзарлар» сынды аңызға айналған әндердің авторын да қазақ жұрты жақсы таниды. Жуырда Қырғыз Республикасының Ел әртісі Түгелбай Қазақовтың Бішкекте өткен шығармашылық кешіне барып қайтқан едік. Біртуар композитордың сырлы әндерін тыңдап, өмірі мен өнері туралы сұхбат құрдық.

– Қазаққа сіздің атыңыздан гөрі тегіңіз жақын. Әрі Шәм­шіні ерекше жақсы көресіз. Оның шығармашылығымен алғаш қалай таныстыңыз?

– Мен Шәмшіні өмірде көрген жоқпын. 1982 жылы радиода бас редактор болып жүргенде ісса­пармен Алматыға бардым. Ол кезде Қазақ радиосының му­зыкалық бөлімінің бас редакторы – Ілия Жақанов. Ол сонда: «Бүгін бізге Шәмші келеді» деп айтып қалды. Бірден: «Шәмші әкеге мені таныстырып қойшы, оның «Ақ бантигін» қырғызшаға ауда­рып, жырлап жүрмін. Өзінен бір рұқсат алайын», дедім. Бірақ Шәмшімен жолыға алмадым. Кейін біздің Рысбай Әбдіқадыров деген әйдік композиторымыз (ол біздің Шәмшіміз): «Әй, інім, мына Шәмші 31-жылы туған, мен 41-де тудым, сен 51-жылы өмірге келдің, ортамыз он жастан екен, күндеріміз де он күннен екен. Шәмші әкеге барып, кездесіп келейік», деді. Мақұл. Ол кезде Рысбай аға пединститутта істейтін, демалысқа шыққанда баратын болдық. Сөйтіп жүргенде Шәмші әке дүниеден қайтты. Сонда Рысбай ағам бір күн бойы жылады. Екеуі Шымкентте танысып, жақын дос болып қалған екен. Қазасын естіп, әбден өксіді.

– Шәмші несімен таңқал­дырды?

– Мен Шәмшіні ұлы композитор деп есептеймін. Оның «Қайықтасы», «Ақ бантигі», «Өмір-өзені», «Сыған серенадасы» сынды ғажап әндерін әсерленбей тыңдау мүмкін емес. Толқымау, тебіренбеу мүмкін емес. Ол не жазса да, қазақтың ұлттық колоритін сақтап жазады. Шәмшінің әндері қартаймайтын сияқты. Мәселен, «Қайықтаның» шыққанына 60-70 жыл өтсе де біздің қырғыздар бүгін шыққан әндей қабылдайды. Тіпті көп адам «Ақ бантикті» ме­нің әнім деп ойлайды. Сол үшін сахнаға шыққан сайын бұл Шәмшінің әні екенін айтып отырамын. Сахнада жүрген отыз жылдан аса ғұмырымда Шәмшінің, Нұрғиса Тілендиевтің, Кеңес Дүй­секеевтің, басқа да қазақ компо­зиторларының шығар­маларын қырғыз халқына тараттым. Сах­нада қанша уақыт жүрсем, сонша жыл репертуарымда алып жүрдім. Қырғыздар кейде мені қалжыңмен қағытады. «Сенің осы тегің күдікті. Онымен қоймай қазақтың жырларын жырлайсың, домбыра тартасың. Қалай бұл өзі?» дейді күліп. Бір жолы: «Мен фашистердің аккордеонын тартсам, шуламайсыңдар. Іргеміздегі бір туған қазақтың домбырасымен шықсам, тиісе жөнелесіңдер», деп мен де қойып қалдым.

– Алғашқы аудармаңыз да Шәмшіден басталды ғой?

– Алғаш Шәмшінің «Ақ бан­тигін» аудардым, кейін «Қа­йықта», «Өмір-өзен», Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын», «Анашым» шығармаларын аудардым. Әсіресе осы ана туралы ән жүрегіме ерекше әсер етті. Жалпы, әлемде анасын жырға қоспаған ақын жоқ. Бірақ қазақ ақыны философиялық жаңалық ашты деп ойлаймын. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген бір ғана жол қазір афоризмге айналды. Әндерін аударып жүріп, қазақ поэзиясына кіріп кеттім. Астанадағы Түркі академиясының бастамасымен Абайдың 175 жыл­дығы қарсаңында ақынның өлеңдерін аудардым. Ол жинақ болып шықты. Абай өлеңдерін тәржімалап, ТҮРКСОЙ-дың алтын медалін алдым. Қырғыз әншілері қазақ шығармаларын жырласын деп аудара бастадым. Одан кейін өзім де музыкант болған соң әнге ыңғайлап тәржімаладым. Күні кеше ғана аударма кітабым жарық көрді. Онда Махамбеттен бастап Абай, Жамбыл, Мұқағали, Қадыр Мырзалиев, Серік Ақ­сұң­қар, Ұлық­бек Есдәулет, басқа да қазақ ақын-жазушыларының шы­ғармалары енген.

– Аудармашылықты кімнен үйрендіңіз?

– Менің туған ағам талантты аудармашы болды. Ол Расул Ғам­затовтың «Менің Дағыс­та­ным» өлеңін шебер аударғаны соншалық, ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Сонда ағам бар болғаны 24 жаста екен. Қырғыз тілін өте жақсы білді. Мен аудар­маны сол ағамнан үйрендім. Жалпы, аудармамен студент кезім­нен айналыстым. Мысалы, екінші курста жүргенде грузин жазушысы Ордэ Дгебуадзенің «Четыре жизни» романын аудардым. Бұдан бөлек Г.Снегирёвтің балаларға арналған шығармасын, В.Жилинскайтенің әңгімелерін тәржімалап, қолжазбаларымды құшақтап, баспаға алып бардым. Кітап шығаратын ойым болды. Ол жердегілер «Жазушылар одағына мүше болмасаң, ешкім қолдаухат бермесе, қалай шығады?» деп шы­ғармай қойды. Мен аудармамның бәрін көтеріп алып, жатақхананың алдында өртеп жібердім. Қазір соған өкінемін.

– Сіздің өлең жазатыныңызды білеміз. Бірақ өзіңізді ақын санамайсыз. Жалпы, жазуға бірінші келдіңіз бе, музыкаға бірінші келдіңіз бе?

– Жазуға бірінші келдім. Мен жазуды алтыншы сыныпта бас­тадым. «Лениндік туы» деген аудандық газетке жиі мақала жазам. Жеті ұжымшарды біріктіріп, бір ұжымшар қылған соң жазатын тақырып та көп. Біздің ауылда Сал­питьер деген еврей бас есепші болды. Басқарма маған есепшің не айтады, соны жаза бер деді. Бір күні Салпитьер мені шақырып алып, «Қарақол» ұжымшарының ішкі резерві түгел. Енді приписка басталды» деп жаз деді. Жаздым. Газетке басылды. 8-сынып оқитын бала ішкі резерв, приписка дегенді қайдан білсін. Содан ертесіне шу шықты. Сабақта отырған жерімнен, мойнымнан түйреп басқармаға алып барды. «Сен жаздың ба?» деді. «Мен жаздым», дедім. «Неге бұлай жазасың? Мынауың қылмыс қой», деді. «Өздерің бас есепші не айтады, соны жаз дедіңдер ғой» деп шырылдаймын. Сөйткен Сал­питьер сол түні қашып кетіпті. Журналистік жолым осы оқиғадан кейін тоқтады. Өзім таудан келіп оқитынмын. Күнде 13 шақырым белесебетпен жол жүрем. Са­бақтан шыққан соң қарным ашады. Газеттен түсетін қаламақыма таудан келіп оқитын үш баланы ертіп, дүкеннен прәндік аламыз. Нан сатылмайды. Ол прәндіктер үп-үлкен және қап-қатты. Біз оны суға малып, жұмсартып, ептеп-септеп кеміріп үйімізге қайтамыз.

Ал музыкаға келуім Рысбай Әбдіқадыровтан басталды. Оған дейін қомыз шертіп жүргем. Бір күні Рысбай ағаның «Түгейім» деген баянмен тартатын әні шықты. Мен оны тыңдап, есім кетті. Содан қомызды тас­тап, аккордеонға жар­мастым. Ал дом­быраға жа­қын болуым нағашы атамнан берілген. Ол кісі шебер домбырашы болған. Ақындығы да бар. Сол атамның ақындығы ағаларыма беріліп, маған да титтей бір бөлігі бұйырыпты.

– Алғашқы шығар­ған әніңіз қандай?

– Мектепте оқығанда радиодан берілетін әндерге тамсанып, әсерінен шыға алмай жүремін. Бір күні ән сияқты бірдеңе шы­ғардым. Бізге «Алатау» деген әдеби журнал келетін. Соның ішінен жаңағы әніме сөз іздедім. Атақты ақынымыз Байділда Сарноғаев «Колхоз қызы Жаңылға» деген өлеңі шығыпты. Осы өлеңге салдым, тағы тыныш жүрмей оны ел алдында орындадым. Мектептегілер таңғалысты. «Бұл қайсы Жаңыл?» десті бәрі. Сөйтсе мектепте Жаңыл деген қыз жоқ екен. Олар іздеп-іздеп, ауыл шетіндегі бес баласы бар, күйеуі өлген, елуден асқан Жаңыл деген жесір әйелді тауыпты. Содан мені мазақтап, жыларман қылды. Кейін политехникалық институтта оқып жүргенде өнер институтындағы бір ауылдасыма бардым. Оған қарасам, аккор­деонда «Полонез», «Түрік маршы», «Венгерский танец» шығармаларын ойнап отырады. Мен де аккордеон үйренемін деп түйдім. Ән шығарамын, композитор боламын деп ойлаған жоқпын. Сонда ағам жетпіс-сексенге келгенше аккордеон көтеріп жүресің бе деп ұрысқан. Сол сөзі шынға айналып отыр, міне. Сөйтіп, мен техникалық мамандығымды тас­тап, музыкалық білім алуға көштім. Бұл кезде де ағам «Көп болса, Әбді­қадыров боларсың. Одан әрі кім боласың?» деп ашуланды. Ол кезде Әбдіқадыровтың қол жетпейтін биікте тұрған шағы. Ағамның сө­зіне таңғалдым. Әбдіқадыровтай болсам, сұмдық емес пе дедім.

– Музыкалық білім алуда кім­дерден сабақ алдыңыз?

– Өнер институтында алғашқы бір жыл тек музыка тыңдадым. Жалпы, жақсы оқытушыдан менің жолым болды. Өнер ордасы ашыл­ғанда Алматыдан А.Ма­насбаева, Е.Криволапов, С.Алаев деген мықты оқытушыларды алып келген. Мен Сергей Алаевқа түстім. Ол таңғы алтыға жетпей тұрады. Мен де сол уақытта оянам. Қасымыздағы стадионда екеуміз күнде 17 айналым жүгіреміз. Сонда Алаевтың жасы елу бірде. 17 айналым жүгіріп жүріп, маған шетелдік музыкалық әдебиеттен сабақ өтеді. Ал менің факультетімде мұны оқытпайды. Ол маған ешқандай институт бере алмайтын академияның білімін құйды. Стадионнан келген соң сегізден он жарымға дейін баянмен отырамыз. Сол кісі болмағанда өнерді де тастап кетер ме едім, кім біледі. Оның мықтылығы, маған бір шығарманы үйретерде алдымен өзі ойнап береді. Түрлі әйгілі туындыларды кезек-кезек ойнап, қайсысы ұнағанын сұрайды. Менің жаныма жаққанын ғана береді. Яғни баланың көркем табиғатын қинамайды. Ол бірінші курсты аяқтағанша тек музыканы ұғасың, оларды ойнайсың, көкірегіңе жақсы музыка не екенін толтыру керек деді. Дәл осылай істедім. Сосын елдің есінде мәңгі тұратын классикалық му­зыкаға қызыға бастадым. Казан­скийдің «Этюдін», Равельдің «Боле­росын», операның мықты ария­ларын, «Дунай толқындары» вальсін халық сүйіп тыңдайды. Талғамы биік тыңдаушы бұл шығармаларды қай заманда да ұмытпайды. Осының бәрі менің көкірегіме қонған соң халтураның не екенін, классиканың не екенін ұға бастадым. Кейде «ұлылар жазған музыкадай дүние тудыра алмасам, маған не жорық» деген де ой келді. Екінші курста «Карело-финская польканы» ойнап отырып, бөтен бір әуен қосып, сәл өзгертіп жіберсем керек. Алаев маған баянға кішкентай пьеса жазып көр деді. Ол кезде музыкалық форма дегеннен хабарым жоқ, пьесаның қалай жазылатынын да білмеймін. Қызықтым. Өзіңе жақын тақырыпты ал деді. Маған жақыны жайлау. Жай­лауда атты адам әндетіп келе жатады, асудан асады, қар-боранға тап болып, қиналып, әрі қарай қайта еңіске түсіп бара жатады. Жаздым. Ойнап берсем: «Сен пьеса емес, ән жазып келіпсің», деді. «Мынау жазықта келе жатқаның тармақ, асуда қиналып жатқанын қайырма қылсаң, ән болады», деді. Бұл «Алтын балалық» деген ән болды кейін.

– Өнердегі ұстанымыңыз қандай?

– Өнерге алғаш келгенде өзіме шарт қойдым. Біріншіден, мен ешкімге еліктемеймін. Екіншіден, өзімді-өзім қайталамаймын. Үшіншіден, қыздардың атын айтып жырламаймын. Төртіншіден, музыкаға бір жаңалық енгізгім келді. Музыкада мажор және минор деген лад бар. Осы екеуін бір әнде қолдандым. Бұл әлем музыкасында бар, бірақ қырғызда жоқ. «Қарқыралар», «Сұңқар», басқа да шығармаларымда мажор мен минорды бір тонда қолдандым.

– Жаңбыр десе, көп жұрт сізді еске түсіреді. Бұл ән қалай туды? Жалпы, неге жаңбырды жырладыңыз?

– Маған жайлаудың жаңбыры бала кезден жақын еді. Бірде жаңбырлы күні үйде ты­ғылып отырғанымда апам: «Далаға шы­ғып неге жүгіріп ойнамайсың?» деді. «Жаңбыр құйып тұр ғой», деп ем, шешем жаң­бырдың астында жүгірген бала­лардың шашы қап-қара болады», деді. Сол күннен бас­тап жаңбыр жау­са, тапырақтап жүгіріп, үсіп-тоңып, малмандай су болып үйге әрең жететін болдым. Сонда апам ұрыспайды, киімімді ауыстырып, шапанға орап, есікті түріп қояды. Жаңбыр сіркіреп жауып жатады. Анау жақтағы өзендегі бетегелерді самал айдағанда теңіздей толқиды екен. Соған қарап жатып, ұйықтап кетем. Жайлауда жауын күнде жауады. Жаңбырдың астында көп жүргенім соншалық, жаң­быр жан-дүниеме сіңіп кеткен сияқты. Жер бетіндегі барлық жамандық атаулыны жаңбыр жуып кететін сияқты сезінем. Сол үшін жаңбырды жақсы көрдім. Студент кезде жатақханадағы үтік бөлмесі шығармашылық орныма айналды. Орындығым мен баянымды әкеліп, күн ұзаққа ойнаймын. Жаңбыр жауғанда терезені ашып қойып қарап отырамын. Бірде курстасымның ауылдағы сөйлесіп жүрген қызы басқа біреуге тұрмысқа шығайын деп жатыр деген хабар келді. Содан ол өлемін деп бөлмеден атып шықты. Артынан мен қуып, сол жүгірген бойы теміржолға келдік. Ол пойыздың астына түсіп өлемін деп отыр. «Анна Каренинаны» оқымаған, бірақ пойыздың астына түсем дейді. Содан ең жақын пойыз кешке өтеді екен. Сөйтіп, екеуміз қоштасу отырысын бас­тап кеттік. Бір кезде күн күркіреп, аспан жарылардай болды. Сонда «Күн күркүрөп, жамгыр төктү» деген жол әнімен бірге аузыма түсті. Досым: «Бұл қай ән?» деп қалды. «Білмеймін, қазір келді», деп жатырмын. Қайта-қайта орындап отырғанда «Ошол күндөр кайда кетти» деген жолдары келді. Екеуміз құшақтасып, қосыла айтып отырмыз. Осы екі жолды ыңылдап, жатақханаға қайттық. Осы екі жол кешке келетін пойыз­ды да, ауылдағы қызды да, өлімді де ұмыттырды. Кейін үтік бөлмесінде қанша отырсам да екі жолдан басқасы шықпайды. Жаз бойы екі жолмен жүріп, қайырмасы күзде бір-ақ бітті. Әлі шумағы жоқ. Қандай шумақ жазсам да қайырмамен біртүрлі үйлеспейді. Содан келесі жаз келді. Үтік бөлмесінде отырып қатты шаршадым. Бір уақытта жаңбыр төкті. «Жамгыр төктү эч басылбай» деп шығып кетті. Сөзі мен әуені бір шығып жатты. Сол түні ұйықтаған жоқпын. Жалғасы жоқ, келмейді. Осы жазда екі жол ғана шықты: «Жамгыр төктү эч басылбай, біз келаттық көл-шал болуп». Арғы жағындағы екі жолы жоқ. Жаңбыр да басылып қалды. Жаз кетіп, күз келді. Күзде ғана шумақтың соңғы екі жолы табылып, шырқала бас­тады. Сонда мен он тоғыз жастамын. Бұл әнді кім орындамады – бәрі айтты. Солардың бірі – қазақ қызы Гауһар Қаспақова. Оның дау­сы ғажап енді.

– Домбырамен шырқалып жүрген «Шуулдаба терегим, теректерим» деген әніңіз де жан-дүниені алай-дүлей төңкереді. Бұл әннің де тарихы бар ма?

– Бұл ағамның жан досы, сыншы Салижан Жігітовтің өлеңіне жазылды. Баллада секілді өмірдің өткелдерін жырлаған өлең. «Шуул­­даба, шуулдаба теректерим, шуулдасаң ачышып каректерим, шуу үшкүрүп ыйлағым келет менин» деп жүріп отырып, бала кезін айтып, қаза болған бауыр­ларын, ата-анасын айтып, Р.Ғам­затовтың солдаттарды тыр­наға балағаны сияқты ол да теректі өзінің жақындарымен қатар суреттейді. Менің бір әдетім, жақсы дүние оқысам, жылап қаламын. Әдеби кеште осы өлеңді алғаш тыңдап, жылап жібердім. Кейін ән шығарайын деп ойладым. Бірақ әнім өлеңнің деңгейіне жеткен жоқ. Менен басқалар да ән шығарды. Ешкімнің әні бұл өлеңнің бар табиғатын аша алған жоқ. Кейін автор өлерінің алдында ауруханаға барсақ, мен жазған әнді тыңдап жылап жатыр екен.

– Тапсырыспен жазылған ән­дер көп болды ма, әлде шынайы сезімнен туған әндер көп пе?

– Мен тапсырыспен жазып көргем жоқ. Біреудің сұрауымен «Акыргы ыр» деген бір ғана ән жаздым. 1991 жылы 19 тамызда елде топалаң болып, компартия өзінше бөлініп, демократтар өзінше кетті. Сол кезде режиссер Дәуренбек Садырбаевпен «Қайран ел» деген фильм жасап жатқанбыз. Онда орыс басқыншылығы суреттеледі. Компартия жеңсе, демократтар атылады. Біз демократтар тізімінде жүргенбіз. «50 адамның аты-жөні кетті, ішінде сендер бар екенсіңдер», деді бізге. Сөйтіп, фильмге кіргізу үшін ақынды шақырып екі сағатта «Акыргы ыр» жазылды. Маған әнін шығар деп, сол кеңседе жатқан жалпақ домбыраны қолыма ұстатты. Өмірімде тапсырмамен ән жазып көрмегем, домбыра да тыңқылдап, үні жоқ. Бір кезде отырып-отырып, шындап ойлана бастадым. Ертең атылсақ, не боламыз? Атылатыныма сене бас­тадым кәдімгідей. Бүгін шынымен ақырғы күнім болса ше? Екі сағатта өлеңге ән жазып шықтым. Сөйтіп, түнімен фонограммасын жазып, түсіріп, фильмді аяқтап, Түркияға жіберіп үлгермесе, ертең мұның бәрі жоқ болады деді. Үйге де бармай сақал-мұрт өскен қалпыммен фильмде осы әнді өзім орындадым. Ертеңіне Компартия жеңіліп, біз тірі қалдық.

– Өнерде әділетсіздік көп бола ма?

– Бала кезден алған тәрбием біреумен жауласып, кектесуден алыс жүруді үйретті. Ма­ған біреу жамандық қылса, мен де жамандықпен жауап қайыр­мауым керек дегенді апам құла­ғыма құйды. «Сенің Құдайың бар. Жа­мандық қылса, жақсылық қыл» деп өсірді. Мен мұны көп жыл бойы қабылдай алмадым. Жамандық ойлаған адамға мен неге жақсылық қылуым керек? Кейін ойласам, менікі дұрыс емес екен. Комсомол сыйлығына ұсынылғанда үстімнен екі жақын жолдасым арыз жазды. Сөйтіп, тергеп-тексеріп болғанша, комсомол сыйлығының тізіміне үш кіріп, үш рет шықтым. Кейін апамның айтқанын тыңдап, жақ­сылық қылдым. Біреуіне үй, екін­шісіне «Мәдениет саласының қайраткерін» алып бердім.

Жалпы, апам мықты адам болған. Әкем менің бес айлығымда өмірден өткен. Апам мені жетім­­сіреп өспесін деп ес кіре бастағанда, әкең әскерде деп айтты. Әкем әс­керде екен деп, күтіп жүрдім. Сондағы адамдардың ұлылығы ғой, ауылда бір жан әкең өлген деп аузынан шығарған жоқ. Содан бірінші сыныпқа барарда апамнан: «Әкем енді қашан келеді?» деп сұрадым. «Баласы тек беске оқыса, жібереміз деп айтыпты», деді апам саспай. Төртінші сыныпқа дейін бір күн бес алмай қайтқан емеспін. Төртіншіні бітіргенде тағы сұрадым. Апамның бұл жолғы жауабы тіпті сұмдық. «Балаң беске оқығанмен бұзық екен депті», деді. Сол сәттен бас­тап мен монтидым да қалдым. Шынында, тен­тек едім. Сегізінші сыныпқа келгенде бір мұғалім «әкең бес айыңда өліп қалған» деп балп еткізіп айта салды. Сол сәт жер көшкендей болды. Апам тұрмыстан қанша қи­нал­са да, біреудің алдына бірдеңе сұрап бармаған жан. «Біреудің есігінің алдынан көрсем, басыңды жұлам» дейтін маған. Мен кісінің үйіне кірген емеспін. Апаммен бірге барсам да кірмеймін, көшеде тұрамын.

– Шығармашылық жолы­ңызға қарасақ, сәттіліктер көп болыпты. Жақсы адамдарға да көп жолы­ғыпсыз. Не істелмеді деп ойлайсыз? Жазылмаған әндер бар ма?

– Менің бір арманым бар. Жал­пы, арман деген сөздің қырғызша мағынасы басқаша. Бізде арман деп жетпей қалған дүниені айтады. Мен шабытым тасып тұрған шақта оркестрге арналған үлкен шығармалар жазбаппын деп өкінемін. Вальс жазсам болмас па еді? Қайта-қайта өлеңге ән жаза бермей, оркестрге күй шығарсам болмас па еді?

– Музыкадан құдіретті не бар?

– «Әуелде сөз пайда болған» деп жатады ғой. Мен ылғи айтам, сөзден бұрын үн болған. Сол үнді музыкаға теңеймін. Музыкадан құдіретті дүние жоқ. Музыка әркімге әртүрлі әсер етеді. Ең бас­­тысы, музыканы түсінетін адам қылмысқа бармайды, жамандық жасамайды. Музыка адам жанын жұмсартады, нәзік қы­лады. Ғажап әуендер нәзік жан-дүниені жақсы көреді. Қатты адамға нәзік музыка келмейді ешқашан. Көңілшек, жылай алатын шақта жақсы әуездер келеді. Ал адам баласының жасы ұл­ғайған сайын нәзіктігі де азаяды. Жылауықтығы да тоқтайды. Көкірегі беріш болып қата бас­тайды. Сол кезде жас кездегідей лирикалық музыка келмей қалады. Мен 39 жасымда сол үшін музыканы тастадым. Бір нәрсені түсіндім, осы жасыма дейін бар көрген-білгенімді, сезгенімді жазып тауысыппын. Енді не жазсам да күшке саламын. Ақылға саламын. Енді жазсам, ән төбеден келмейді, ақыл мен тәжірибемді пайдаланып қолмен жинау керек болады. Бұлай жазылған әндер халыққа өтпейді. Өйткені табиғи емес. Күшке салсаң, жаза бересің. Өзі келді деп ойламайсың, жазып жатырмын дейсің. Сол 90-жылдарда көктен келетін нәзік әндер тоқтап қалды. Мен де тоқтадым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АСТАНА – БІШКЕК – АСТАНА