• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Желтоқсан, 2024

«Дала халықтары» кітабы не туралы?

129 рет
көрсетілді

Вашингтондағы Католик университетінің кітапханасында сақтаулы тұрған британдық тарихшы, ғалым, жазушы Ральф Фокстің 1925 жылы Бостон және Нью-Йорк қалаларындағы баспадан қатар шыққан «Дала халықтары» атты зерттеу кітабындағы ұлтымызға қатысты деректер қызықты һәм мағыналы. Бір ғасыр бұрын жазылған кітапта «Қазақ болмысы» деген арнайы тарау бар.

Мақалаға кіріспес бұрын атал­ған кітаптың авторы туралы аз-кем айта кеткен дұрыс. Се­бебі әр зерттеу кітабының артында оны жазған ғалымның ұшан-теңіз еңбегі жатқаны анық. Ральф Уинстон Фокс (1900–1936) британдық революционер, журналист, жазушы, тарихшы. Ол – Ленин мен Шыңғыс ханның өмірі туралы кесек ең­бектер жазған қаламгер. 1920 жы­лы Фокс кеңестік Ресейге келіп, сондағы өмір салтын, қо­ғам­дық жағдайларды көзімен көре­ді. Өмірінің соңғы кезінде Мәскеудегі Маркс-Энгельс инс­титутында кітапханашы болып жұмыс істеген Фокстің «Дала халықтары» атты еңбегі – соңғы кітабы.

Автор аталған кітабының алғысөзінде өз еңбегі жөнінде былай дейді: «Бұл туынды кей адамдарға үгіт-насихат болып көрінуі мүмкін, бірақ ешқандай саяси мақсатпен жазылған жоқ». Қазақ жеріне Орал жақтан ойы­сып, Арал теңізі арқылы енген ағылшын ғалымы алдағы сапарында нені көрсе, соны анық қағазға түрткенін аңғартады. Пойызға отырып, алдымен Ташкент жақты аралаған Фокс жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен, кең далада өмір сүрген қырғыздардың болмысымен танысады.

Кітаптың бір тарауы «Қазақ болмысы» деп аталады

«Пойыз терезесінен сыртқа қарағанымда, мен алғаш рет көшпелілердің араның ұясындай жыпырлаған қара шатырларын көріп, кешегі хан Шыңғыс та дәл осындай шатыр астында өмірге келген шығар деп ойладым. Басына ақ кимешек орап, үстіне киген сырт киімдері жер сызған әйелдер ен далада жорғалап келе жатқан пойызға бейғам жүзімен назар салды. Кейде олар топ-топ болып анадайдан көзге шалығады, үлкендер мен балалар керек-жарақтарын түйеге теңдеп алыпты, жастар жағы тайға мініп тепеңдеп барады. Маған бұның бәрі тым ерекше сезілді. Олардың әр қимылынан далаға тән бояуды, сайын даладағы малшылар өмірінің мәңгілік ырғағын түйсіндім». Бұл оның Түркістан территориясына атбасын бұрған сәтіндегі алғашқы әсері. Қалай десек те, алыстан келген ағылшынға көшпелі өмір, ен жатқан дала, бейғам тіршілік осылай көрініс берері анық.

Міне, ол аяңдап қазақтардың қосына атбасын бұрды. Сол сәті туралы «Қазақ қосына кіргенде» атты тарау арнайды. «Бір жылы жүзді әйел бізге бір тостаған қымыз әкелді. Ягановтан өзге үш серігіме назар салдым. Сосын есік алдында бір евреймен французша сөйлестім, бірақ ол «жолдас» деген бір ғана сөзді түсінді, ол күлім­сіреп, бұл сөзді екі-үш рет қайталады». Қазақтар арасын­дағы оның бұл сапары сәтімен жалғасқаны сөзсіз.

«Олар тамақ дайын болған кезде мені оятты. Қазақтар жарығы әлсіз түсетін қостың ішінде айнала отыр. Мұржадан шыққан түтін еркін самғайды, күн әлдеқашан батып кетті. Отырғандар сырлы ағаш қасықтармен ас жей бас­тады, біз сияқты нәзік ақ нәсіл­ділерге ағаш тостағандарды берді. Ет қатты, оның үстіне майлы екен, маған арналып қамырдан жасалған шағын торттың дәмі тіл үйіреді. Ал қазақтар еркін тамақтанып отыр. Бұл олардың күні бойы жеген жалғыз асы еді. Олар қойдың майын ерітіп ішті (тіпті жалаңаш отырған ұл мен анадайдағы қыз бала да қойдың майын ішіп алды). Сонымен бірге сүйекті тістерімен үгіте бастады. Жағымсыз иісті оттың айналасында осы көріністің бәрі маған ұнады». Бұл – Ральф Фокстің қазақ отбасында көзімен көргені. Арада жүз жыл өткен соң, біз оның сол кезде жазғанын қаз-қалпында оқып отырмыз. Иә, уақыт қанша өзгергенімен, ата дәстүріміз, салт-санамыз көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Былайша айтқанда, қазақ бар жерде қазақ мәдениетінің шоқ жұлдызы жана бермек.

Дәстүрлі қазақ көші

Келесі күні британдық ғалым Сыр бойындағы қазақ көшіне, Сібір жақтан көшіп келе жатқан Кіші жүз қазақтарының тобына кездеседі. Аталған көштің ал­дыңғы бөлігі әлдеқашан Торғайға орналасқанын, кейінгі бөлігі Оралға табан тіреуге ниетті екенін жазады. «Онда келгеннен кейін олар Қазалы, Жусалы, Перовскі және Түркістанға қарасты Сыр бойындағы үлкен базарлардан бір жылға жететіндей қажетті заттар сатып алу үшін өздерінің қолда барын аямайтын».

Ральф Фокс қазақтарға ар­на­ған тарауында ең алдымен ұлты­мыздың тарихы туралы аз да болса түсінік бере кетеді. Дала­да емін-еркін көшіп-қонып жүрген көшпелі халықтың арғы-бергі мәдениеті, ұлт болып ұйысу жолындағы қилы кезең­деріне ақ қағаз бетінде саяхат жасайды. «Қазақтар қалай пайда болды? Олардың тарихын жырлар мен аңыздардан бөліп-қарау тым қиын, бірақ олар жиі көшетіндіктен, белгілі деңгейде жазба әдебиеттер тудыруға ұм­тыл­ған жоқ». Әрине, тарихшы болған соң, автор өзі кейіпкер еткен халықтың мәдениеті мен әдебиетіне, қоғамдық жағдайына да назар аударғысы келеді. Сол үшін де Фокс біздің бағзы замандарда жазба әдебиеттерді өмірге әкеле алмауымызға көшпелілік салтымыз себеп болды деген көзқарасты ортаға салады.

Ең маңыздысы, ежелде ұлты­мыз­дың төл атауы әлдебір саяси теріс пиғылдардың себебінен «қырғыз» деп аталғаны белгі­лі. Ал осы жайтқа тарихи бұр­малаушылықтан ада көзқараспен пайым жасаған ағылшын ғалымы өз кітабында бізді «қазақ» деп анық жазады. Ұлтымыздың тарихи атауы 1923 жылы ресми «Қа­зақ» деп қайта аталғанын ескер­сек, алыста жатқан Ральф Фокс­тің де бұл жайттан хабары бар екенін аңдаймыз. Біздің тарихы­мыз үшін маңызды дерек емес пе? «Қазақтардың олармен еш­қандай байланысы жоқ және қыр­ғыз деген атқа мүлде қатыс­сыз. Бұл атауды олар мүлде қолдан­байды, олар өздерін тек қазақ деп айтады, сондықтан оларды Азияда өмір сүріп жатқан өзге халықтар да жақсы біледі» дей келе, аңыз-әңгімелеріміз бен жырларымыздағы тарихи оқиғалардың ерекшелігін, ежелгі тайпалар бірігіп, бір ұлт болып қалыптасқанын, үш жүз­дің географиялық жағ­дайын, 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтерілістің мән-жайын айтады. Сонымен бірге халқымыз­дың мұсылман дініне деген сенімі, неке салтымыздағы бәйбіше-тоқал дәстүрі, оны болше­вик­тердің шектеуі сияқты жағдай­ларды да Ральф Фокс Ба­тыс оқыр­мандарына баян етеді. «Осы­лайша, біз бірнеше ай бойы қазақ халқын жақсы түсіндік. Олардың тағдыры, жерінің болашағы не болмақ? Олар Американың қызыл үндісте­ріндей алапат жойылуға ұшырай ма?». Соны­мен автор халқымызға арнаған тарауын көкейінде жүрген түйткілді сұрақтармен осылай аяқтайды.