Ел ертеңі саналатын жастар мен жасөспірімдерге билік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазіргі кезде еліміздің барлық қиырында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі ондаған білім беру мекемелері бой көтерді. Кәмелет жасына толмағандардың саламатты өмір салтын ұстануына да қолдан келгенше мүмкіндік қарастырылған.
Ел билігі мен жергілікті атқарушы билік тарапынан жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынғанына қарамастан, жүгенсіз кеткен жастардың қарасы тыйылмай тұр. Білім ұйымдарымен қатар, бала тәрбиесінде ата-ананың да жауапкершілігі зор. Бірақ кейде жанарында от ойнаған жасөспірімдерді уысымыздан шығарып алатынымыз белгілі. Түн қатып көше кезген балалар расында не бүлдіріп жүр?
Облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаевтың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен және учаскелік полиция инспекторларымен өткізген кездесуінде біраз деректің беті ашылды. Басқасын былай қойғанда, баланың жасына қатысты деректі тексермей, оларға алгогольдік ішімдікті саудалайтын дүкен иелері де аз емес екен.
Бізге жеткен дерекке жүгінсек, қара түнде қанатын еркін қаққан жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлер жетіп артылады. Осы жылдың он айында жаөспірімдердің жасына қатысты деректің байыбына бармай табыс тапқысы келген 196 дүкен иесі тиісті жазасын арқалапты. Құзырлы орган қызметкерлері оларға 14 млн-нан аса айыппұл салған.
Құзырлы орган қызметкерлері кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша қолдан келгенше қызмет атқарып жатқаны ақиқат. Қолайсыз отбасылық жағдайда тұратын отбасыларды анықтап, оларға көмек көрсету мақсатында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда ювеналды полиция инспекторлары да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр. Әйтсе де, көңілге кірбің түсіретін деректер жиі кездеседі.
Мәселен, осы жылдың он айында 2 214 түрлі рейд және қандай да бір оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 12 913 әкімшілік хаттама толтырылған. Түрлі деңгейдегі әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ішкі істер органдарына 8 537 кәмелет жасына толмаған жасөспірім жеткізіліпті. Сондай-ақ өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамағаны үшін 859 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ата-аналар түнгі уақытта балаларының қайда жүргеніне назар аудара бермейтін секілді. Ал түнгі ойын-сауық орындарының басшылары тұтынушылардың жасына қатысты деректерге назар аудармайды. Салдарынан ішкі істер органдары қызметкерлері ұйымдастырған іс-шаралар кезінде олардың құқық бұзушылыққа жол бергені анықталып жатады. Полиция департаментінің басшысы келтірген дерекке жүгінсек, осы жылдың он айында түрлі мейрамхана мен барлардың 202 әкімшісі түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді мекемеге кіргізгені үшін 4 млн теңгеден аса айыппұл арқалаған. Сондай-ақ 7 036 ата-ана жауапкершілік жүгін сезінбегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жазықты деп танылып, жауапқа тартылыпты. Әрине, аз емес.
«Мемлекет басшысы Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдатуды талап етті. Сондықтан жасөспірімдердің жүріс-тұрысына айрықша назар аударған жөн. Ел Президенті жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше ден қойғаны мәлім. Балалар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз», дейді департамент басшысы.
Кәмелет жасына толмағандарға қатысты мәселелермен құзырлы орган өкілдері жыл сайын күресіп келеді. Алайда түнгі уақытта көше кезіп, мейрамханалар мен барларда жүрген жасөспірімдердің саны тыйылар емес. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қоғам боп күрескен жөн. Әйтпесе мұндай жүгенсіздіктің соңы орны толмас өкінішке апаруы да мүмкін.
Жамбыл облысы