Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 млн 973 мың азамат ел ішінде саяхаттаған, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артқан. 2023 жылы осы көрсеткіш 5,4 миллион адамды құраған.Ведомство мәліметінше, Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен тартып келеді.
«Ішкі туристер санының артуы азаматтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз», деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.