• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экология 07 Желтоқсан, 2024

Климаттың өзгерісі әлемді алаңдатады

183 рет
көрсетілді

1990–2022 жылдардағы Монреаль хаттамасымен рет­тел­мейтін парниктік газдардың көздері мен сіңіргіштер абсорбцияларынан болған антропогендік шығарындылардың кадастры туралы Ұлттық баяндама форматында ұлттық климат есебінің негізгі мәселелері мен ережелеріне арналған семинар өтті. Оны «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырды.

Қазір әлемді қатты алаң­датып отырған өзекті проблеманың бірі – климат өзгеруі. Осы жағдайды оңтайлы шешу бағытында 2030 жылға дейінгі Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақ­са­тына қол жеткізу туралы баян­дамасы жасалған. Оның негізгі міндеті – кедейлік пен теңсіздікті жою, қоршаған ортаны қорғау және әлем халқының әл-ауқатын қам­та­масыз ету.

Баяндаманың қорытындысы бо­йынша 2023 жылы біздің рес­­пуб­лика 100 мемлекет іші­нен 71,6 балл жинап, 166 ел ара­сын­да 66-орынға ие болды. Бұл 2022 жылмен (71,1 балл) са­лыс­тырғанда жақсарғанын көрсетеді.

Бұдан басқа, «Жасыл даму» АҚ әзірлеген Транспарентті­лік бойынша екі жылдық есебі үздік шықты. Бұл парниктік газдар көздерінен антропогендік шығарындылар және сіңір­гіш­тердің сіңірілуі туралы BTR1 негізгі бөлігінің Ұлттық баяндамасы саналады.

Семинардың ашылуына Эко­логия және табиғи ресурс­тар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, еліміздегі БҰҰ Даму бағдарламасы Климаттық саясат жөніндегі сарапшысы Гүлмира Серғазина, «Жасыл даму» АҚ басшылары қатысып, ойла­рын ортаға салды. Жиынға «Жасыл даму» АҚ Парниктік газдар­ды түгендеу департаментінің директоры Айман Есекина моде­раторлық етті.

Бұл іс-шара «Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Климаттың өзгеруі ту­­ралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберін­де бірінші екі жылдық баяндама және бірік­кен тоғызыншы ұлттық хабарлама және Қазақстан Республикасы транспаренттілік мәселелері жө­ніндегі екінші екі жылдық баян­дама» жобасы аясындағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Жа­сыл даму» АҚ әзірлеген БҰҰ КӨНК-ның хатшылығына ҚР транс­паренттілік мәселелері жөніндегі алғашқы екі жыл­дық баяндаманы (Biennial Trans­parency report – BTR1) ұсы­ну қорытындысы бойынша ұйымдас­тырылды.

BTR1 – парниктік газдарды ұлт­тық түгендеу және ұлттық дең­­гейде айқындалатын үлесті орын­далуы туралы міндетті ақпа­рат­ты қамтиды. Оны дайындау­ды «Жасыл даму» АҚ іске асыра­ды. Ұлттық түгендеу 2030 жыл­ға қарай парниктік газдар шыға­рын­дыларын 15 пайызға азайту жө­ніндегі міндеттемені, сон­дай-ақ Париж келісімі шең­бе­рінде 2060 жылға қарай кө­мір­тегі бейтараптығына қол жет­кізу жөніндегі міндеттемені қа­дағалауға негіз болады.

Айта кетейік, парниктік газ­дың эффектісіне ықпал ететін шығарындылар 36-72 пайыз су буы, 9-26 пайыз көмірқышқыл газы, 4-9 пайыз метан және 3-7 пайыз озон. Табиғи үдерістер нә­тижесінде пайда болатын пар­никтік шығарындыларға озон, азот протоксиді, метан, көмір­қышқыл газы және су буы жатады. Антропогендік қоспалар қо­сылғаннан кейін ғаламдық жылыну мен климаттың өзгеруі орын алып, оның өткізу қабілеті артып, табиғи тепе-теңдік бұзылады.

Семинар барысында мұ­най-газ саласы мен көлік кіре­тін энер­гетикалық сектор; өнер­кәсіптік үдерістер және өнімдерді пайдалану; ауыл шаруашылығы; орман шаруашылығы және басқа да жер пайдалану түрлері мен қалдықтар секторы бойынша парниктік газдар шығарындыларының есеп­теулері талқыланды.