• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 07 Желтоқсан, 2024

Соқпақбаевтың Қонаевқа жазған хаты

425 рет
көрсетілді

Өткен жолы белгілі тарихшы, мұрағаттанушы Рашид Оразов архивтен Бердібек Соқпақ­баев­тың республикамыздың сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевқа жазған өтініш хатын тапқанын сүйіншіледі. Осыдан елу жыл бұрынғы сарғайған құжатты оқып отырып, классик жазушының болмыс-бітімін басқа қырынан танығандай болдық.

Қазақстанды кеңестік заманда ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың қарым-қатынасын баяндайтын үзік-үзік естеліктерді бұрын да оқығанбыз. Мынау хат сол естеліктердің кейбір қалтарысты тұстарын ашатын да сияқты.

Мәселен, белгілі қаламгер Рымғали Нұрғалидың Соқпақбаев туралы «Таудан түскен адам» деген эссесі бар. Ол эссе-естелікте Бекең Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Тұманбай Молдағалиевтармен бірге зейнеткер Дінмұхамед Қонаевты туған күнімен құттықтауға барады. Қонаев: «Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек...» деген ыңғайда әңгіме айтады. Мұндай мақтауды күтпеген Соқпақбаев әлденені бүлдіреді. Қысқарта айтқанда Рымғали Нұрғалиға айтқан әңгімесінің соңын Бекең «Сонымен, бала, мен өмірімде естімеген мақтау сөзді Димекеңнің аузынан естідім және ол кісі де өмірінде естіп көрмеген тентек сөзді менен естіді» деп аяқтайды.

Классик жазушының бір кездері мемлекет басқарған зейнеткер Қонаевқа «тентек сөз» айтуы­на не түрткі болды? Бұған жауап бермес бұрын тағы бір оқиғаны баяндайық.

Тынымбай Нұрмағанбетов Соқпақбаев туралы мақаласында «Бір жолы ол кісінің су жаңа костюм киіп ЦК үйі жағынан Төле би көшесін (ол кезде Комсомол) бойлап келе жатқанын көріп, амандасып, әзілдедім.

– Ау, Беке, ЦК-ның өзінен келе жатырсыз ғой.

– Әй, дәл таптың, ай, – деп ол кісі қуақы күлді.

– Осы жұрт Қонаевқа кіреді екен... тіпті ол кісіні үйлеріне қонаққа да шақырады екен дегенге... мен де бір қимылдап көрейінші десем... ол кісінің маған дегенде уақыты жоқ... сондай бірдеңе...

Осылай деп Бекең тағы күлді. Шамасы, әу баста да үйінен, ЦК-ға өз ықыласымен емес, өзгелердің «Сенде сөйтсейші... Барсайшы» деген үгітімен шығып қалған жандай.

Асылы біреуге кіріп, бірдеңе сұрағаны жарас­пай тұратын кісілер болады. Бекең сондай жан еді» дейді.

Міне, басқаны айтпағанның өзінде осы екі оқиғадан классик қаламгердің Қонаевтың алдынан тауы шағылып қайтқанын көреміз.

Енді хатқа келейік... 1973 жылдың 12 ақпаны күні Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хат­­шы­сы Дінмұхамед Қонаевқа 49 жастағы жазу­шы Бер­ді­бек Соқпақбаевтан өтініш хат келіп түседі.

(Суреттегі хатты Президент архивінің 708-қо­ры­нан тапқан белгілі архивист Рашид Ора­зов екенін ескертеміз).

«КП Орталық комитетінің бірінші секретары ­Д.Қонаев жолдасқа.

Жазушы Бердібек Соқпақбаевтан өтініш.

«Мен 1924 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданында туылдым. 1974 жылы елуге толамын. Тұңғыш кітабым «Бұлақ» 1950 жылы жарық көрген еді. Содан бергі 25 жыл өмірімді әдебиетке арнап келемін. Жалпы саны жиырмаға жуық кітаптың авторымын. Көптеген повестер, әңгімелер, пьесалар, киносценарийлер, сын-мақалалар жаздым. Менің кітаптарым: орыс, француз. украин, литван, латыш, молдаван, өзбек тілдерінде басылды.

Мен жазған «Менің атым Қожа» повесі бойынша түсірілген кинофильм 1967 жылы Францияда Канн қаласында өткізілген халықаралық кинофестивальде жүлде алды.

Сізден өтінерім: 50 жылдық юбилейімнің тұсында шығармаларымның 3 томдық таңдамалы жинағын басып шығару ісіне көмектессеңіз екен. Жалпы көлемі 60 табақ.

«Жазушы» баспасының 1974 жылға арналған өндіріс­тік жоспары осы күні жасалып жатыр.

Сізді құрметтеуші Б.Соқпақбаев.

12.2.1973 жыл».

Хат мәтінінен «Сізді құрметтеуші Б.Соқпақбаев» дегеннен басқа басы артық бір ауыз мадақ сөз кездеспейді. Сөйлемдері еш көркемдеусіз жинақы жазылған. Қаламгер 3 томдық таңдамалы жинағын басып шығаруды ғана сұрайды.

Ал осыдан бір жылдан кейін, яғни 1974 жылдың 17 мамырында ақын Мұқағали Мақатаевтың Қонаевқа жазған хатын қараңыз:

«Аса ғұзырлы Димаш Ахметұлы, қапелімде Сізге хат жолдап, өзіңізге тым қажетті, асыл уақытыңызды алғаным үшін алдын ала ғапу өтінемін. Бұны бек түсінемін. Бірақ мен басқаша батылдыққа бара алмаған болар едім. Төзімнің де шегі бар емес пе, оның үстіне бұл шатпақ ұзақ жылдар бойы жанымды жегідей жеп келді. Ашығын айтқанда, Сізге мені мазасыздандырған жайлардың бәрін жайып салуға, біртүрлі қорқа соқтап жүрексініп жүрдім. Бұларды бұрын айтпағанымның да өзгеше себеп-салдары бар болатын. Сол туралы, қымбатты Димаш аға, еш бүкпесіз жүрегіммен қан жылап тұрып айтсам деп едім», деп бастайды.

Әрине, денсаулығы сыр беріп, Жазушылар одағынан шеттетіліп, жұмыссыз қалған, шиіттей бала-шағасының жан бағысына алаңдаған ақынның жанайқайын Бекеңнің хатымен салыстыру дұрыс емес. Десе де, ол дәуірде мемлекет тізгінін ұстаған Дін­мұ­хамед Ахметұлы Қонаевқа хат жазбаған жазу­шы кемде-кем екенін айтқымыз келеді. Олар­дың бәрі дерлік бірінші хатшыны мадақтағаны да анық. Солардың ішінде мадақ айтпаған бір ғана хат Бекеңдікі болуы әбден мүмкін. Қызығы мұра­ғат­танушы Рашид Оразов Қонаевқа жазылған өті­ніш­тердің дені қанағаттандырылып отырғанын, мысалы, Соқпақбаев хат жазған күндері тағы бір ақынның Қонаевтан төрт бөлмелі үй сұрағанын, ол өтініштің сиясы кеппей жатып орындалғанын айтады.

Біз сөз етіп отырған Бекеңнің хатын Қонаев 19 ақпан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Саттар Имашевқа, Имашев партия жанындағы үгіт-насихат бөліміне сілтейді. Үгіт-насихат бөлімі басшысының орынбасары В.Руднев Соқпақбаевтың бұған дейін жарық көрген кітаптарын тізбелеп, сырғытпа жауаппен шығарып салған.

(Суретте – Рудневтің жауап хаты).

Енді қайтадан Рымғали Нұрғалидың Соқпақ­баев туралы «Таудан түскен адам» атты естелігіне оралайық.

«Тентектік» жасаған Бекең: «– Әрине, бұлар менің сөйлегенімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең атақ, мансап десең мансап, үй десең үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда талай алдарына барған, сұрағандарын алған, – дегенімде біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды. – Сен неге бармадың, сен неге алмадың?», деді. Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекпіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айғайлап, шәңкілдей жөнелдім».

«Димекең сөзімді бөлді: – Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені жұмсақ жымиып­ сабырға, бәтуаға шақырғандай болды. Мен тағы бұзылып бара жаттым» дейді.

Қош! Талантты дәл уағында танымау, таны­ғанмен қолдау көрсете алмау қай дәуірде де бола береді. Бірақ ақиқаты сол, әділдікті уақыт қана орнына келтіреді екен. Қонаев Бердібек Соқпақбаевтың өтінішін орындамағанымен, қазақ халқы һәм мемлекет үшін маңдайтерін төкке­нін ешкім жоққа шығара алмайды. Дінмұхамед Қонаев­­тың елге сіңірген еңбегі еленіп, бір қалаға тұлға­ның аты берілді. Қазір Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласы. 

Биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен әлемдік деңгейде кең көлемде аталып өтті. Қызығы сол, жазушының тойы 2024 жылдың қаңтар айында туған өңірінен, сол Қонаев қаласынан басталып, осы шаһардың орталық саябағы Бердібек Соқпақбаевтың атымен аталатын болды. Дінмұхамед Ахметұлының құрметіне аты берілген қаланың «Центральная» атты көшесі Бердібек Соқпақбаев есімін иеленді. Ол аз болса, Қонаев шаһарында салынатын облыс­тық кітапхананың атауы да қаламгердің құрметіне қойылмақ.

Осындай игілікті істер атқарылып жатқан сәтте жарты ғасыр бұрын жазылған хаттың табыла қоюы сізді таңғалдырмай ма? Арада жылдар сырғып өткеннен соң, қазақтың мақтаулы екі тұлғасының рухы бір қалада табысып жатуы біз айтқан уақыттың ұлылығын аңғартпай ма?