• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 07 Желтоқсан, 2024

Ғалының ғажайып қасиеттері

218 рет
көрсетілді

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ руханиятының тарихында ерекше орын алатын айтулы тұлға. Оның артында төл шығармаларынан басқа ауыз әдебиетінің үлгілерінен жинаған мол мұра, тарихымыздан, мәдениетімізден, салт-дәстүріміз бен діни-рухани өмірімізден сыр шертетін құнды жазбалары қалды. Өткен жылдың басында Павлодар қаласында 10 томдық шығармалар жинағы басылып шықты.

Алтыншы томда «Мұхаммед ізба­са­р­ларын бейнелеген шығармалар» атты жалпы тақырыппен ақынның үш дас­таны берілген. Олардың барлығы орта ғасырлардағы тарихи деректерге негізделген және Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) тәлім-тәрбиесін көрген белгілі тұлға – Ғалы туралы жазылған. Ол – ойдан шығарылған кейіпкер емес, тарихта Әли ибн Әбу Тәліп, Әзірет Әлі, Әли, Ғали, Ғалы деген есімдермен аты қалған ел билеушілерінің бірі. Ал шын аты-жөні Әбу-л-Хасан әл-Мұртада. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у) немере інісі әрі күйеу баласы (қызы Фатиманың күйеуі). 656 жылы Осман өлтірілгеннен кейін, халифа болып бекітіледі. VII ғасырда Араб елін халифалар басқарды. Билік басындағы барлық төрт халифаның елді әділ басқарғаны, халқына мейірімді болғаны бізге тарихтан белгілі. Ғалы солардың төртіншісі әрі соңғысы. Ол да өзінің алдындағы ел билеушілерінің әділдігі әрі халыққа деген жанашырлығы сияқты ізгі қасиеттерді одан әрі жалғастырды және олардан басты айырмашылығы батырлығында, ержүректігінде жатыр.

 

Қылмыс пен жаза

«Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр» атты дастанда Жанәділ шаһарының патшасы Ғалы деген батыр жер-жаһанды, бүкіл дүниені жаулап алыпты дегенді есті­ген­нен кейін, қатты мазасызданып, одан қауіп­­тенеді. Барлық батырын жинап, егер кімде-кім Ғалының басын алса, соған мол дүние және қызымды беремін дейді. Ғалы­ны өлтірмек болып шыққан Қабыл Медине қаласына келгенде, хазірет Ахтам­ға жолы­ғады. Ахтам Қабылдың арам ние­тін біл­генде, қалайда ел қорғаны батыр әрі досы Ғалының өмірін сақтап қалуды ойлайды:

«Біздерге жан аямақ бермес пайда,

Дос үшін жаным пида, қылсам айла.

Мен өлсем, жалғыз адам, түк құрымас,

Ел үшін ер Ғалыдай батыр қайда?»

Ахтам мүдірместен сол іздеген Ғалы мен боламын дейді. Қабыл Ахтамның басын кесіп алып, патшаға Ғалының басы деп алып келеді. Патша ұлан-асыр той жасап, айтқан уәдесін орындайды.

Үш күн намазда болмаған Ахтамды Пайғамбар бас болып іздейді. Осы кезде Алланың әмірімен Жебірейіл келіп, Пайғамбарға Ахтам Ғалы үшін жанын қиғанын жеткізеді. Ахтамның әйелі мен балалары жетім қалады. Пайғамбар Ғалыны жедел шақыртып алып, болған оқиғаны мәлім етеді. Ғалы Ахтамның кегін алуға жалғыз аттанады. Пайғамбар Ғалыға оң сапар тілеп дұға жасайды да, мынадай өсиет айтады:

«Ей, Ғалы, мына сөзге құлағың сал!

Кіріптар қиын істе қалсаң егер,

Біздерге не де болса, хабар берсін,

Дүлдүлге оңашада сөйлесіп қал!»

Ғалы өсиетті орындап, оңашада астындағы Дүлдүл атқа: «Егер менің басыма қауіп төнсе, Пайғамбарға, әйелім мен балаларыма сен хабар бер», деп тапсырады.

Ғалы шаһарға келіп жеткенде, тойдың үстінен шығады. Патшаны да, Қабылды да көреді. Өзін ел аралап жүрген мейманмын дейді. Ебін тауып Қабылды өлтіреді. Патшаның мыңдаған әскерімен жалғыз соғысып, бәрін жеңіп шығады. Кейін бұл көзсіз батырдың Ғалы екенін білгеннен кейін, жаны мұрнының ұшына келген патша батырларымен ақылдасып, қулықпен Ғалыны өлтірмекші болады. Олар терең шұңқыр қазып, бетін жауып қояды. Ғалы соған құлап, атынан сыпырылып түсіп қалады. Дүлдүл ат шұңқырдан қарғып шығып, елге хабар береді. Пайғамбар бас болып келіп, Ғалыны шұңқырдан шығарып алады. Сонда Ғалы Дүлдүлге міне салып шаһарға шабады. Шаһар халқы түгел кәпір екен. Мұсылман дініне кір дегеніне көнбеген соң, Ғалы патшаны өлтіреді. Сол кезде тірі қалғандар ислам дініне кіреді. Ғалы олардың ішінен біреуін патша ғып тағайындайды. Ахтамның отбасына түскен олжадан мол ғып үлес береді.

Міне, көлемді дастанның қысқаша мазмұны осы. Оны діни дастандар қатарына жатқызуға болады. Ұлы Жара­ту­шы мен Оның елшісі – Пайғамбар құдіретінің шексіздігіне иман келтіру, яғни оған сену – автордың басты идеясы. Мұны оқиға желісінен және кейіпкерлердің іс-әрекетінен көреміз. Жанәділ шаһарының көлеңкесінен қорқатын патшасы Ғалы батырдың дақпыртын естіп, өз басын аман сақтап қалу үшін аса ауыр қылмысқа – кісі өлтіруге дейін барады. Ғалының оған шабуыл жасайтын ойы да жоқ еді. Ақыры, арам ниетіне қарай патшаның өзі де, оның айдап салуына еріп, опасыз дүние мен жалған мансап үшін жазықсыз жанның қанына қолын малған Қабыл да, қол астындағы мыңдаған батыры да ажал құшады. Ал сахабалардың бірі – Ахтам хазірет бәрінен де елінің амандығын жоғары қоятын мейірімді әрі ізгі жан. Ол елі мен оны қорғаушы досы Ғалының амандығы үшін өз жанын пида етеді. Мұндай отансүйгіш жанға асыл тастан ескерткіш орнатса да артық болмас еді. Өйткені осы Ахтам сияқты нағыз ерлерді өмірде тауып алу өте қиын. Қайта, керісінше, кейбір ел басшыларының өзі оң қолын жүрек тұсына қойып, еліне адал қызмет етемін деп берген антынан арсыздықпен аттап, халқының миллиондаған қаржысын жеп кетіп жатқаны жұртшылықтың ашу-ызасын тудырады.

Ғалы болса – елі үшін еңіреп туған нағыз батыр. Ол залым патшаға да, оның мыңдаған әскеріне де қарсы жалғыз шабады. Оған керегі дүние-мүлік, атақ-даңқ та емес. Оған керегі – елдің амандығы үшін жанын қиған досы Ахтамның кегін алу, елі мен жерінің тәуелсіздігін сақтап қалу. Ол шұңқырда жатқанда кәпірлердің атқан тасы тимейді. Өйткені періште­лер оны тастан қанатымен қорғайды. Жебірейіл Пайғамбарға Ғалы туралы хабар беріп тұрады. Терең шұңқырдан Ғалыны шығарып алу үшін сахабалар тастаған тастар бірден үлкейіп, соған аяғын салып, жоғарыға шығады. Осының бәрі Жаратушының әмірімен іске асып жатады. Себебі Ғалының ісі оң, ниеті дұрыс. Ол бойына біткен жойқын күшті, батырлықты бір Жаратушы дарытты деп біледі. Сондықтан алапат соғыста басын өлімге тіге отырып, барлық күш-қуатын тек қана ізгілік жолына, елі мен жерін жаудан қорғап қалу үшін жұмсайды. Жанәділ шаһарындағы барлық халықты ислам дініне кіргізіп, мұсылмандық жолға салады. Сөйтіп, үлкен сауапты іс атқарады.

 

Сараң байдың сазайы

Кітаптағы екінші дастан «Сараң бай мен Ғалы арыстан» деп аталады. Мұнда Мәш­­һүр Жүсіп Көпейұлы зекеттің қан­дай сауа­бы бар екенін білдіруді мақсат еткен.

Мәдинеде намаз, ораза, зекет деген­ді білмейтін, біреуге аз да болса қайы­рым­дылық жасау деген миына кіріп те шық­пай­тын, өркөкірек, тастай қатты сараң бай болыпты. Ғалы оны теріс ниетінен қай­тарып, Аллаға бет бұрғызу үшін бір айлалы іске барады. «Кімде-кім бір күн көр­де жатып шықса, соған мың ділда беремін», деп жар салады. Дүниенің соңына түскен бай көрге бір күн жатады. Сонда оны Мүңкүр-нәңкүр күрзімен аямай ұрады, жылан мен шаянға айналған бұрынғы өзінің малдары жан-жағынан келіп шағады. Сөйтіп, қатты азап шегіп, өлер халге жетеді. Сараң байдың тартқан азабын көрген көп адам оның соншама азапқа өзінің мейірімнен жұрдай қатыгез ниетіне қарай душар болғанын түсінеді.

Ақын Алланың разылығы үшін жасалатын ғибадаттың бір түрі – зекетті еске салып отыр. Ол адамның қолындағы байлықтың көбеюіне, оның берекелі болуы­на және берушінің күнәларынан арылуына себеп болатынын ескертеді.

Оқырман бәрі де пенденің өз ниетіне қарай, Алланың әмірімен болады деген қорытындыға келеді. Ал арам пиғылынан тартқан ауыр азаптан кейін тәубесіне келген сараң байдың аузына мынадай сөздерді салу арқылы ақын өзінің айтпақ ойын түйіндейді:

«Бұ дүние, енді білдім, өтеді екен,

Түбіме жиған малым жетеді екен.

Бұл малды көбейтем деп қимағандар

Жанына азап-залал етеді екен».

Алғашқы дастанда Ғалының елін қор­ғаған батырлығын көрсек, бұл шығар­мадан оның тағы бір қырын – надандарды имандылық жолына салуға жасаған ізгі амалын көреміз.

 

Мырзалықтың «мықтысы»

«Ғалының мырзалығы» деп аталатын үшінші дастаннан Ғалы мен оның отбасы ауыр қиындық кешіп отырса да, өзге адамдарға деген мейірімділік пен жанашырлық танытқанын көреміз. Бірде Пайғамбар бұлардың үйіне келгенде, ұлдары Хасен мен Хұсайын ауы­рып жатады. Олардың сауығуы үшін Құдай үшін нәзіралла жасаңдар дейді. Бірақ Дүлдүл атынан басқа соятын малы болмағандықтан, Ғалы үш күн Алланың разылығы үшін ораза ұстаймыз дейді. Оның үстіне үйде тамақ та жоқ еді. Ғалы бір жөйт­тен жүн алып, одан жіп иіріп, жіптен шек­пен тоқып, нан табу жолын ойластырады. Кешкі ауызашарда бір мүсәпір келіп, ма­лымды жау алып кетті, ашпын деген соң, соңғы нанын соған береді. Келесі күні ауыз­ашарда тағы бір жетім келіп, есе­сін Алла береді, қарнымды бір тойдыр деген соң, тағы сөйтеді. Ертеңіне де пақыр мүсә­пірге нанын беріп, өздері «қатықсыз қара сумен ауыздарын ашады». Үш күннен соң келіп, бұлардың жүдеу түрін көріп, халін сұраған Пайғамбарға «Құдайға шүкір, деніміз сау, қарнымыз тоқ» дейді. Асы­мыз жоқ демейді. Өздері аш отырса да, мүсәпір жандарға мейірім танытып, Ғалы былай дейді:

 «Мұны саған беремін Құдай үшін,

«Түседі, – деп ойлама, – бір жұмысым».

Мақтап кетсін бізді деп ойға алмаңыз,

Ондайлықпен, сірә, жоқ менің ісім».

Ғалының мінезге байлығы сондай – біреуге қандай жақсылық істесе де, ол үшін ақы беруді дәметпейді әрі оны қандай да бір мақтан немесе атақ үшін істемейді. Бәрін де адал көңілмен істейді. Ал біз өмірде ақыл тоқтатпаған жастар түгілі, кәрілердің ішінде де атақ пен даңқ­тың құлы болып жүргендерді күнде көріп жүрміз. Молшылық заманда өмір сүріп отырғандықтан ба, қиындықты көр­ме­ген­діктен бе, әлде парықсыздықтан ба, адам­дар ұсақталып кетті. Күннен күнге ел ішін­де пәтуалы сөз айтар адамның азайып бара жатқаны – өкінішті-ақ! Ғалы мен Фати­ма­ның, ұлдары Хасен мен Хұсайын­ның тәу­бешілдігі, Алланың мейіріміне деген се­нім­дері, адамдарға деген жанашыр қайы­рым­дылығы кімге де болса, әрине, Мәш­һүр Жүсіп бабамыздың бұл дастандарын оқы­ғандарға әсер етері, ой салары сөзсіз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Адам деген – бір жалаңаш нәрсе. Мінез, ақыл, сөз – оның киімі іспетті. Осылар көркем болса, жұрт көзіне көрікті, сүйкімді көрінеді», деп өзі айтқандай, біз сөз еткен үш дастандағы батыр Ғалының, иманы кәміл тақуа Ғалының, қайырымды Ғалының мінезі де, ақылы да, сөзі де көркем, сондықтан ол барша мұсылман қауымына көрікті әрі сүйкімді көрінеді.

 

Серік САТЫБАЛДИН,

өлкетанушы

 

Павлодар