Қазіргі қоғамды интернетсіз елестету әсте мүмкін емес. Еңбектеген баладан еңкейген кейуанаға дейін ғаламтордың қызығына кіріп кеткені анық. Алайда халықтың басым бөлігі интернет игілігін көріп отырғанымен, шалғайда орналасқан біраз елді мекен тұрғындары сапалы байланысқа зәру екені даусыз. Тіпті 2G-ге телмірген ауылдар да жетіп артылады. Сол санатқа енген елді мекендер Жамбыл облысында да аз емес. Олар жағдай қашан реттеледі деп алаңдап отыр.
Жыл бұрын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс министрі Бағдат Мусин халықаралық зерттеулерге сүйене отырып, біздің ел интернет сапасы бойынша Токионы басып озғанын мәлімдегенде, сала маманы түгілі, қарапайым адамдар да күдік келтірді. Өйткені жұмыс сапарымен шалғай аудандарға барғанда талай мәрте ғаламторға қол жеткізе алмай қанымыз қайнаған еді. Өкінішке қарай, қараша халықтың жүйкесіне ши жүгірткен мәселені шешу жұмыстары баяу іске асырылып жатыр.
Жарты жыл бұрын өңірде 50 елді мекен тұрғындары 2G қуатындағы интернетке тәуелді болса, жыл соңында бұл көрсеткіш 4-ке азайыпты. Оған да шүкір дейміз ғой. Алайда бұл мақтануға тұратын көрсеткіш пе? Жалпы, 2G қуатындағы байланысты интернет деп айтуға бола ма, болмай ма?
«Өңірдің 367 елді мекені интернетпен қамтамасыз етілген. 46 ауыл (12,5 пайыз) 2G қуатындағы байланысқа қосылған болса, 63 елді мекен 3G санатындағы интернетті пайдаланып отыр. Ал облыс аумағындағы 258 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернет желісіне қосылған», дейді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков.
Жалпы алғанда тұтынушы ретінде 2G қуатындағы интернет пен 3G санатындағы ғаламтор арасында ауыз толтырып айтарлықтай айырмашылық бар деуге келмейді. Кейбір жерлерде 3G-мен интернетке кіру де мехнатқа айналатыны белгілі. Қысқасы, екеуін қоса есептегендегі көрсеткіш 29,7 пайызды құрайды екен. Ал жоғары жылдамдықты 4G мобильді байланысы өңір бойынша 70,3 пайызға тең.
«Өңір бойынша 199 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған болса, 172 елді мекен қамтамасыз етілмеген. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2023–2027 жылдары өңір елді мекендерінің қолжетімді интернет желісіне және байланысқа қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына сәйкес 2025–2027 жылдары 198 ауылдағы мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру көзделген.
Сондай-ақ 28 елді мекенді жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарылады. Сонымен қатар 170 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2024–2025 жылдары 12 антенна діңгек орнату көзделген», дейді жауапты басқарма басшысы.
Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз 4G санатындағы ғаламтормен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жұмыстары 2027 жылы мәресіне жететін көрінеді.
Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын сапалы интернетке зәру ауылдар еліміз бойынша да аз емес. Жарты жыл бұрын Үкімет отырысында сөз алған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берген кезде өзекті мәселеге қатысты өз ойымен бөлісіп, жағдайды баяндағаны бар.
Министр келтірген мәліметке сүйенсек, жарты жыл бұрын еліміз бойынша мобильді интернетке қол жеткізе алмай отырған 1 424 ауыл анықталған. Әрине, одан бері біршама уақыт өтті. Көрсеткіш шамалы болса да азайған болар. Кім білсін...
«Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын тоқтаусыз жүргізілгеніне қарамастан, көрсеткіш көңіл көншітер емес. Өңірде 2 G қуатындағы байланысқа телмірген 46 ауыл бар. Ал жауапты басқарма басшысы облыс аумағындағы елді мекендерді 100 пайыз сапалы ғаламтормен қамтасыз ету тек 2027 жылы мүмкін болатынын айтып отыр. Соған қарағанда қараша халық тағы да үш жыл шыдауы керек. Тек шыдамның шегі үзілмесе болғаны...
Жамбыл облысы