Жұма күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тың сайланған Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескені әлемдік аренада көп талқыланған оқиғалардың бірі болды. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайлануымен құттықтай отырып, өзге де мәселелерді талқылады.
Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, Қ.Тоқаев пен Д.Трамп екі елдің сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екенін растап, өз кезегінде Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Жалпы алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласты.
Қос саясаткердің сөйлесуі қарсаңында 30 қарашада жарық көрген «The National Interest» басылымындағы «Қазақстанмен сауда-саттықты шектеудің жөні жоқ» атты мақалада автор Даррен Спинк Дональд Трамптың кезекті мәрте Президент болып сайлануы Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуы ықтимал екенін алға тартқан.
«АҚШ-ты төрт жыл бойы аса идеалистік көзқараспен басқарған Байден әкімшілігінен соң бірполярлы әлемдік тәртіп ыдырады, оның орнын бір үдеден табыла бермейтін көпполярлы жүйе алмастырады. Атлант мұхитының арғы-бергі жағындағы елдер қайтадан нақты саясатқа (realpolitik) бет бұрды. Тауар жеткізу тізбегіндегі кідірістер, технологиялық секторлардың бөлшектенуі және табиғи ресурстарға қол жеткізудің шектелуі трансатлантикалық әріптестіктің сауда стратегиясын қайта қарауына алып келді», дейді мақала авторы.
Сондай-ақ аталған мақалада ресми Вашиңтон мен Лондонның және олардың жақын одақтастары стратегиялық бәсекелестерінен іргесін аулақ салуға және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын нығайтуға ұмтылып жатқан кезеңде Дональд Трамптың президенттікке қайта сайлануы АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа жол ашуы әбден мүмкін екені айтылады. Ол жол коммуникация, энергетика және стратегиялық минералдар салаларына қайта есік ашары анық.
Бұл тұжырымды мақала авторы «АҚШ Орталық Азияның ірі экономикасы саналатын, мол табиғи ресурстарға ие Қазақстанмен тұрақты сауда қарым-қатынасын жолға қоймай, аймақпен орнықты әрі жан-жақты ықпалдастықты орната алмайтыны белгілі» деген жолдармен нықтай түседі.
Жалпы, АҚШ үкіметіне 1974 жылы қабылданған «Сауда туралы» заңының 402-бөлімінің талабымен дамып келе жатқан нарықтармен және эмиграцияны шектейтіндермен сауда-саттықты реттеуге тыйым салынған екен. Бұл тыйым Кеңес өкіметінің еврейлерге қатысты саясатымен де тығыз байланысты. Ол кезде Қазақстан КСРО құрамында болғандықтан осы тыйым күні бүгінге дейін Қазақстанмен байланысты нығайтуға көлеңкесін тигізетін сияқты.
«КСРО тарағаннан кейін Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей (2022 жылға дейін) және Украина бұл түзетулердің қатысы бар аумақтан шығып, PNTR алды. Қазақстан Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерімен бірге «Джексон-Вэник түзетулерінің» талабына сай келсе де, әлі күнге уақытша, жыл сайын шектелген мөлшерде сауда қарым-қатынасын жүргізіп келеді. 118-Конгреске Жолдар мен қаражат комитетінен конгресмен Джимми Панетта ұсынған заң жобасы Қазақстанның өз азаматтарына емін-еркін көшіп-қонуға рұқсат беретінін растайды», дейді мақала авторы.
Сондай-ақ журналист Д.Спинк еліміздегі демократиялық прогресс бағытындағы жетістікке де тоқталыпты.
«Қазақстандағы демократияландыру мен адам құқықтары бойынша прогресс тоқтаған жоқ. Мысалы, Президент өкілеттігін шектеуге, «өкілдік билікті нығайтуға», сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды қатаңдатуға бағытталған бірнеше заң қабылданды. Әлбетте, әлі де атқарылатын жұмыс көп. Өйткені Қазақстанда демократиялық тұрғыдан дамушы басқа да елдердегідей аяқталмаған іс аз емес. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кез келген тарихи өзгеріс саяси батылдықты қажет етеді» деп атап өткен еді. Батыс әлемі Қазақстанның айтқанына сенуі қажет», депті автор.
Автор АҚШ-ты қорғаныс саласы мен күнделікті технологиялық өндіріске ауадай қажет сирек кездесетін материалдарды жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылып, сондай-ақ санкциялар мен стратегиялық бәсекелестердің ықпалына ұшырамаған балама бағыттар іздеп отырған ел ретінде қарастырған.
«Ал Вашиңтон мұндай жағдайда реформаға күш салып жатқан Қазақстанды елемесе, тек ұтылады. Сенатор Крис Мёрфи «екіжақты кедергі» деп атаған Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою 119-шы Конгрестің Қазақстан қол жеткізген прогресті прагматикалық тұрғыдан мойындауы және Американың Орталық Азиямен стратегиялық қарым-қатынасын нығайту үшін қажетті қадам болуы мүмкін», деп түйіндепті Д.Спинк «The National Interest» басылымындағы «Қазақстанмен сауда-саттықты шектеудің жөні жоқ» атты мақаласын.