Бәрінен бұрын «бағаналы орда басты орданың» тазалығы аса маңызды екені – түсінікті жайт. Өйткені Астана тек қала ғана емес, аз жылдар ішінде үлкен туристік орынға айналып үлгерген шаһар. Бұған дейін бас қаламыз әлемдегі ең таза астаналардың отыздығына кірген еді.
«The Telegraph» басылымы әлемдегі экологиялық ең таза қалалардың тізімін жариялаған. Бұл тізім – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметтері негізінде жасалады. Әзірге бірінші орында Швеция астанасы Стокгольм тұр.
Ал қазақ елінің елордасы – Астана шаһары отыздықтың ішінде. Бұл меже зор мақтаныш, әйткенмен оны ұстап тұру оған дейін еткен еңбектен кем түспейтін күш-жігер керек.
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатқаны белгілі. Жұрт болып жұмыла атқарған іс-шара осы күні шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді.
«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе», деген еді Президент.
Биыл сәуір айынан басталған «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды акция аясында елорда тұрғындары жалпықалалық сенбіліктерге қатысып, абат қаланың ажарлануына мол үлестерін қосты. Нәтижесінде көше қоқыстан тазартылып, жасыл желектер отырғызылды. Мұндағы мақсат – көпшілік арасында тазалық мәдениетін дәріптеу.
Бұл ретте көктемнің арық-тұрақ кезінде, жаздың ми қайнаған аптап ыстығында, күздің өкпек желінде, қыстың қақаған аясында да күні-түні бір тыным таппайтын, бас қаланың бақайшағына дейін кір шалдырмай таза ұстауға өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып келе жатқан «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын айтпай кетуге болмас.
Байқоңыр ауданы «Қаламгерлер» аллеясында тазалық жасап жүрген бір топ жұмысшыларға жолығып, жұмыстың жай жапсарын сұрап көрдік.
Жұмысшылардың айтуынша, олар күн сайын таңғы сағат төртте тұрып, таңғы шайын ішіп, жұмысқа келеді. Сөйтіп киімі ауыстырып, қажетті құрал-саймандарымды қамдап, бекітілген аумақты сағат алтыдан бастап тазалауға кіріседі. Күн сайын таңғы алтыдан түскі үшке дейін жұмыс. Түскі ас – 10-12-ге дейін.
«Менің негізі мамандығым мал дәрігері. 2017 жылы Қытайдан атажұртқа көшіп келдік. Елге жету оңай болған жоқ. Сол кезде айтып едім: «елге аман-есен жетсем, Отанымның отымен кіріп, күлімен шықсам арманым жоқ» деп. Сондықтан бұл жұмысыма өзім ризамын. Астананың тазалау жұмысында жүргеніме 6-7 жыл болды. Айлық жалақымызды тұрақты алып тұрамыз. Төрт мезгілге ыңғайлы киім-кешек берілген. Түскі ас беріледі. Демалысқа, сауықтыруға және мерекелерде сыйақылар болып тұрады», дейді көше тазалаушы Айқын Беленхан.
Оның айтуынша, қарашадан бастап жол тазалаушыларға күнделікті бір мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі. Сондай-ақ ауа райына байланысты қала маңында тұратындарға кәсіпорын тарапынан жатақхана қарастырылған екен.
2008 жылы құрылған «Астана Тазалық» ЖШС – Астана қаласының: «Есіл», «Алматы», «Сарыарқа», «Байқоңыр», «Нұра» аудандарында санитарлық тазарту, механикаландырылған жинау, су тасқынының алдын алу жұмыстарына жауапты.
«Негізгі міндет қаланы таза ұстау. Оған көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарларды, қоғамдық орындарды қолмен және механикаландырылған әдіспен тазалау кіреді. Қазір бізге бекітілген аумақтың үлесі: Алматы ауданы – 49%, Есіл ауданы – 60%, Сарыарқа ауданы – 40%, Байқоңыр ауданы – 30%, Нұра ауданы – 35%. Тазалау жұмыстарында заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді қолданады. Барлық техника GPS-навигация жүйесімен жабдықталған. Диспетчерлік GPS бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Операторлар арнайы техниканың жұмысын реттеп, жолдардағы жағдайды тұрақты бақылап отырады. Сондай-ақ, көшелерді тазалау цикліне бақылау жасауға мүмкіндік беретін арнайы чаттар құрылған. Сонымен қатар, «Астана Тазалық» елордадағы тазалық деңгейін арттыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында экологиялық іс-шараларға белсенді қатысады», дейді серіктестік қызметкерлері.
Олардың айтуынша, еліміздегі ең ірі коммуналдық мекемелердің бірі саналатын бұл ұжымда 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында жол жұмысшылары, арнайы техника жүргізушілері, инженерлік техникалық қызметкерлер бар.
Қорыта айтқанда, тазалық акциясына тек жұмысшыларға ғана қоғамның қолдауы ерекше қажет. Десекте қарапайым еңбек адамның жұмысы лайықты бағаланып, дәріптелуі ләзім. Мәселен, биыл Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді Президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.