Ұлттық музейде «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері, этнодизайнер Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» көрмесі ашылды. Автор өзі тіккен және жинақтаған түпнұсқа 30 кимешекті көпшілік назарына ұсынды.
Белгілі этнодизайнер Тілек Сұлтанның есімін ұлт мәдениетін ұлықтап жүрген жұртшылық жақсы біледі. Ол Ұлы даланың ұлттық қолөнерін зерттеуші ғана емес, қалпына келтіруші, дәріптеуші. Елорда төрінде ашылған көрмеде автор өткен кезеңде үш жүздің хасаба, кимешек киюі мен шылауыш орауы түрлі болғанын, тіпті әр ру-тайпаның кимешек тігу, кию үлгісі сан алуан екенін түсіндірді. Аналарымыздың баскиімді кию әдісі мен түр-түсіне қарап-ақ олардың жасы мен елін танып-білу мәдениеті туралы құнды деректермен бөлісті.
«Кимешек – көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық және тазалық ерекшеліктеріне, әйелдің моральдық-этикалық талаптарына байланысты пайда болған қазақ әйелдерінің баскиімі. Жалпы, халқымызда қыз бала дүниеге келгеннен бастап он рет баскиім ауыстырады. Туғанда құлақшын, бала шақта бөрік, ұзатыларда сәукеле кисе, жас келін бала тапқанға дейін қызыл желек таққан. Осы қызыл желекпен жүру үрдісі бүгінгі күні сақталмай отыр. Байқағаным, өзбек халқы осы салтты әлі күнге дәріптеп жүр. Ал кимешекті балалы болған аналар киген, яғни кимешек ана атанғанның белгісі. Өңірінің көкіректі жауып тұруы бала емізгенде де өте қолайлы болған. Мәселен, Бөкей ордасы қазақтарының тарихи көне суреттерін көрсеңіздер, тура осындай жаулықпен түскен суреттер өте көп. Кіші жүз қазақтарында қос жаулық, бұрама жаулық деп аталады», дейді Тілек Сұлтан.
Сондай-ақ көрме барысында этнодизайнердің қолынан шыққан ұлттық киімдер дефилесі өтті. Көрсетілім аясында автор төбелік, ою-өрнек сынды кимешек детальдарын кию жас ерекшелігіне қарай түрленетінін тілге тиек етті. Мәселен, қырыққа дейінгі әйелдердің кимешегі қызыл жіппен әдіптелген. Ол адам өмірінің көктемін аңғартса, елуден асқан аналарымыздың баскиімі сары, алтын жіптермен көмкеріледі. Бұл, біріншіден, өмірдің күзі сынды болса, екіншіден әйелдердің болысқан-толысқан шағын, әлеуметтік жағдайынан да хабар береді. Ал алпыстан асқан аналарымыздың кимешегі ақ жіппен зерленеді. Ол өмірдің қысы келгенін меңзейді. Кимешек дефилесін этнодизайнердің анасы Жібек Әділханқызы бастап шықты.
«Тілек – үйдегі үшінші ұл. Ол бала кезінен тігінге әуес болып, әжесі екеумізден көп үйренді. Өсе келе осы ұлттық баскиім кимешекті, оның кестесін тігіп қана қоймай, әр рудың кимешектерінің түпнұсқасын тауып, зерттеп жүр», дейді Жібек Әділханқызы.
Тілек Сұлтан жиналған қауымға кимешек киюдің философиялық астарын ақтара отырып, оны тағу мен шылауыш ораудың үлгілерін де көрсетті.
Ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген Тілек Сұлтанның кимешек көрмелері елімізден бөлек Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды алыс-жақын шетелдердегі дүбірлі додаларда топ жарып жүргені де мәлім.
Айта кетейік, ұлттық баскиімді ұлықтаған көрмені ұйымдастыруға «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы-этнолог Тұрар Шәкен ұйытқы болса, кимешек тарихымен қауыштырған іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі «Руханият» КММ қолдау көрсеткен. Көрме Ұлттық музей төрінде 5 қаңтарға дейін жалғасады.