Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс саласындағы негізгі жетістіктер туралы баяндады. Бүгінгі таңда оның үлесі еліміздің жалпы ЖІӨ-нің 5,6%-ын құрайды. Салада 670 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 53 мыңға жуық кәсіпорын қызмет етеді, оның 2 903-і құрылыс материалдарын өндіреді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, биыл мемлекеттік қолдау есебінен 22 мыңнан астам жалға берілетін пәтер сатып алуға 330 млрд теңге қарастырылып, әкімдіктерге 305 млрд теңге аударылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 165 млрд теңге сомасында 10 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 2% және 5% бойынша жеңілдетілген ипотекалық қарыздар есебінен бүгінгі күні 94,5 млрд теңге сомасына 7 861 қарыз берілген. Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік желілерді тартуға 83 млрд теңге бөлінген.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айынан бастап «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 2024 жылға 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 172 млрд теңгеге 6 мыңнан аса қарыз берілгені хабарланды.