Шымкентте бүтін бір ықшамаудан тұрғындары ішімдік атаулыны сатып алудан бас тартқан, деп хабарлайды Egemen.kz Khabar.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шапырашты» деп аталатын тұрғын үй алабында арақ-шарап сатылымда мүлдем жоқ. Үш жыл бұрын ақсақалдар алкогольден бас тарту туралы бастама көтеріпті. Аға буынның ұсынысын көпшілік қолдап, содан бері мереке күндері мен отбасылық іс-шараларды ішімдіксіз атап өтеді.
«Шапырашты» тұрғын үй алабы қаланың шет жағында орналасқан. Мұнда төрт жүзден астам адам тұрады. Азық-түлік дүкендерінде арақ-шарап мүлдем сатылмайды. Жастардың зиянды әдеттен бойын аулақ ұстауына үлкендер дән риза.
«Жақсы сөз қазақта «Мынау қарттарының дейді, айтатын өсиеті болмаса, жастарының қасиеті болмайды», дейді. Бұл ақсақалдардың мына жастарға үйреткен тәрбиесі ғой енді. Ауылымызда екі дүкен бар. Екеуінде де ішімдік сатылмайды», дейді қала тұрғыны Нұрмахан Бекбосынов.
Тұрғындардың алкогольді ішімдіктен бас тартуынан кәсіпкерлердің шаруасына ешқандай нұқсан келмепті. Керісінше, көкөніс пен жеміс-жидекке сұраныс артқан. Сүт өнімдері де тез сатылып кетеді. Көпшіліктің салауатты өмір салтын ұстануы учаскелік полиция инспекторының да жұмысын жеңілдетіпті. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық, көше төбелесі, ұрлық сияқты заңбұзушылық дерегі азайған.
«Соңғы уақытта Шапырашты ықшамауданында құқықбұзушылық мүлдем жоқ деуге де болады. Үш жылдан бері полицияға бірде-бір рет шақырту түскен жоқ», дейді учаскелік полиция инспекторы Талғат Алдияров.
Осылайша Шымкенттегі шағынаудан үлгілі елді мекенге айналды. Таяуда мұнда 1200 адамға арналған спорт кешені ашылды. Озық үлгідегі мәдениет үйі және ұлттық ат спортына бейімделген стадион да бар. Қуантарлығы, ішімдіктен бас тартқан ықшамауданға қоныс аударушылардың саны жылдан жылға артып келеді.