• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Желтоқсан, 2024

Байсалды белес

135 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің 105 жылдық белесі тұсында жалпы ұлт баспасөзі, журналистика бастауы, сабақтастығы туралы ой қозғауға мүдделіміз.

Елдік тұрғыдан келсек, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары шығарған «Қазақ» газеті мен «Егемен» іргетасы – «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» газеттерінің арасында байланыс бар. Соңғысы «Қазақ» типографиясын пайдаланғанын айтпағанның өзінде қалам­герлер әлеуетінің сабақтастығы айқын. Екеуінің ортасында сол кездің саяси жағдайын дәл сипаттағандай «Қазақ мұңы» атты газет тұр.

ХХ ғасыр басында ұлт марғасқалары ұлы мақсат жолында бірікті. Олардың көбі – аса қабілетті тұлғалар, жазу-сызуды өз бетінше үйренгендер. Ешқайсының журналистік білімі жоқ. Ұлт зәрулігі олардың қалам қуатын шыңдады. Тілді ғылыми қалыптау, емле, сөз һәм сөйлем жүйесі, стиль, тыныс белгі енді ғана жүйеленіп жатқан кезеңде шетінен сауатты-тын. Бұл шақта редактор «жауапты шығарушы» деп аталды. Кейде газеттің соңында «шығарушы­лар алқасы» деп те көрсетіледі. Басылымның басшысынан корректорына дейін сөз саптауы таңғалдырады. Ой таза, тіл тұнық, сөз-сөй­лем табиғи. Мысалы, мақалада да, өлеңде де «қазақ қалпы» дейді. Әу баста «қалып» – жүрек қой. Енді ол ұлт атауымен тіркескенде, өзгеше бір сая­си-мәдени реңк алады. Мұны 40-70-жылдар­дағы одақтық баспасөзден жолма-жол аударылған қазақ кеңес журналистикасының жөтелі­мен салыстыра бағамдаймыз. Ұлт зиялылары тонын ауыс­тырып киген империяның боданында жүрсе де жадағайлыққа жол бермеген.

Баспасөз тарихы көп нәрсені ұқтырады. Елдік істердің түп-тамыры қайда екенін аңғартады. «Айқапқа» демеушілік еткен татар қаржыгерлері, «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ұран» газеттерін жандандырған ұлт азаматтары ояну мен ойлануды тең ұстады. «Азамат», «Теңдік», «Бірлік туы», «Алаш», т.б. серіктестіктер үйлестірген істе береке болды. «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» кезеңінде қаржы мәселесін мемлекет тарапынан реттеудің де басында Алаш тұр. Қаламгерлік күш-қуат сол мазмұнда қалды.

Қаламгер – қай кезде де газеттің тірегі. Оның үстіне Алаш зиялылары – қоғамға жақын ақыл-ой адамдары. Олар автор тартудың тиімді әдісін тапты. Газеттің алғашқы сандарында немесе жалпы басылым үдерісінде «мына азаматтар газетке жазса екен» деп ресми құлаққағыс етеді. Бұл – елдегі, өңірдегі әлеуетті анықтаудың нақты жолы.

Есенқұл Маман роман бәйгесін жариялап, көркемсөз жүйріктерін бәсекеге түсір­гені мәлім. Меценатқа ой тастап, бәйге жария­лат­қан – «Қазақ» газеті еді. Ұлт басылымы «Осы шығармаларды мына оқығандар сараптаса, түген кісі саралауға қатысса екен» деп құлақтандыру берді. Міне, талғам қалыптастырудың жөні.

Ұлт театрын ашарда (1925–1926 жыл) «Еңбекші қазақ» газетінде пьесаға дәл осылай бәйге жарияланды. Бұл да – Алаштың айрықша ізденісі еді.

Газет тарихына үңілмеген адам 1917 жылдан кейінгінің бәрін «большевиктік рух» деп қабыл­дайды. Бірақ шындық басқаша. 20-жыл­дардағы «Еңбекші қазақтың» әр нөмірінде саяси-коньюнктуралық материалдармен бірге халықтың хал-ахуалы, мұңы, арман-тілегі кө­рініс тапты. Ақ-қызыл қырғынынан кейін­гі жағдай, алғашқы аштық, тонын теріс айнал­дыр­ған жуанжұдырық, шекара сыртында қалған қазақ тағдыры, ескі оқығандардың (Алаш) бас­тамасы, тұңғыш білімпаздар съезі, оқу орын­дары­ның қаз-қаз тұруы, ұлт­тық оқу­лық жазу, қазақ театрының тууы, тіл, тарих, әде­биет саласындағы зерттеу­­лер, әдеби пікір­та­лас, мәдени ұйымдар, т.б. өзек­­ті тақырып­тар жа­зылды. Мысалы, бізге ұлт­тық тіл, әде­биет­­тану, педагогика ғылымының ірге­та­сын қала­­ған Қазақ білімпаздары съезінің (төрін­де Ә.Бөкей­­хан, А.Байтұрсынұлы отырады) тұтас ма­те­­риа­лын, қаулыларын осы «Еңбекші қазақ­тан» алып, 1990 жылы талдап жазу бақыты бұйырған-ды.

Тарихи мерзімді баспасөз авторлары мәсе­лені халыққа түсінікті етіп саралайды. Талдау құндылығы бүгін де мәнін жоғалтқан емес. Сонымен қатар «Егемен» бастауындағы Алаш рухты газеттер қоғамдық пікірді қалып­тастыру орайында «Айтыс ретінде», «Пікір алмасу ретінде» деген айдармен мақала да ұсынған. Осы қатарда «Оқшау сөз» деген айдар көзге түседі. Бұл бірыңғай фельетон емес. «Оқшау»-дың мағынасы «елең еткізер сөз, халыққа ой салатын сөз» дегенге саяды. Бұл айдармен көр­кем шығарма да шыққан. Бүгінгі баспасөз негізі­нен таза ақпаратқа иек артады. Бірақ ол кезде бас­пасөз әдебиет аясындағы дүние ретінде қаралған.

Қазір біз әлемдік, салалық рәміз, бейне, нышан туралы көп айтамыз ғой. Қызық ретінде айтайық, «Еңбек туы» кезеңінде газетіміздің маңдайшасында жарты ай мен сегіз бұрышты жұлдыз белгісі тұр. Бұл ұлт тілегі екені сөзсіз. Кеңес тұсында «социалды», «социалистік» атау­мен шыққан шақтың да ерекше публицистік мұрасы аз емес. Ал азаттық тұсындағы «Егемен»  ел мінбері бола білді.

Президент Қ.Тоқаев биыл Журналистер күні қарсаңында «Газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтас­тық­ты сақтап қалу керек» деп, өркениетті әлем тәжірибесін еске салды.

Басылымның байсалды белесінде айтылған осы елдік сөз классикалық БАҚ тұжырымын айқындайды.