• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Желтоқсан, 2024

«Ұшқынды» ұшырған ұя

126 рет
көрсетілді

Осыдан 105 жыл бұрын, 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында «Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің» тілі атанған «Ұшқынның» алғашқы саны шықты.

Бүгінгі ел газеті «Egemen Qazaqstan» басылымының ізашары болған «Ұшқынның» бастауында тұрған тұлғалар, алғашқы редакторлары туралы Тілекқабыл Боранғали­ұлы, Мақсат Тәжімұрат сынды зерттеушілер бірнеше еңбек жазды. Сондықтан біз бұл жолы газет басылған бас­пахана туралы айтайық.

Зерттеушілердің пайымдауынша, «Ұшқын» газеті­нің алғашқы сандарын шыға­руға кезінде Қазаннан алды­рылған «Қазақ» газетінің құй­ма қаріптері де, Орда­дан әкелінген баспахана құ­ралдары да пайдаланылса керек. «Қазақ» газеті Орынбор­да болғаны рас. Ал Ордадан бас­пахана қалай келген? Ол қандай баспахана?

ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси оқиғалар­ға көз жіберсек, Еділ мен Жайық арасындағы Бөкей ордасының әрдайым алдыңғы лекте жүргенін байқаймыз. Әсіресе баспа ісінде Бөкейлік алда болды. Бұған 1911 жылы 16 наурызда алғашқы саны шыққан «Қазақстан» газетін айтсақ болады. Сондай-ақ 1917 жылы ақпанда патша тақтан құлаған кезде де бөкей­лік қазақ зиялылары тез ұйымдасып, мамыр айында (кей деректе сәуір айында) «Ұран» атты газет шығарып үлгерген болатын.

Осы «Ұран» газетінің өз баспаханасы болған. Бұл газет Орынбордағы «Қазақ» газетімен үндес, пікірлес басылым еді. Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында: «...1917–1918 жылдарда ...Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаштың» ордасы болды. ...Түркістан оқығандары Ташкенде «Бірлік туы» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылып тұрды. Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды» деп жазған еді.

Ғабдолғазиз Мұсағалиев – бас редактор, Нұғман Манайұлы орынбасар болған осы басылым 1918 жылдың ортасына дейін жүйелі шығып тұрған. Газеттің біз көрген соңғы №38 саны 1918 жыл­дың 16 мамыры күні шыққан екен. Орданы большевиктер алып, билік ауысып жатқан кез­де де газет барынша ұлт­тық-ағартушылық бағытынан айнымаған. Тек кеңес өкіметі әбден орнаған 1918 жылдың күзінде Бөкей облыстық кіндік комитет «Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа бас­пахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға» қаулы жасапты.

Әу баста «Ұран», кейін кезегімен «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргиз­ская правда», «Дұрыстық жолы» газеттері, «Мұғалім» журналы, т.б. баспа өнімдері басылған осы станоктардың көрмегені жоқ.

Қазіргі Хан Ордасы ауылында 1900 жылы дүниеге келген Ибрагим Мулякаев 1917 жылы баспаханаға жұмысқа тұрғанын жазып қалдырған. Қарт полиграфистің айтуынша, ақ пен қызыл алмас­қан ала­сапыран кезеңде баспа­хана­ның жауы көп болыпты. «...Олар бұл газетті баспа­хана­сы­мен бірге құртып жіберуге әрекет жасады. Біз баспа­хана­ның қажетті материал­дары мен жарамды жабдық­тарын бас­па­хананың подвалы­на тығып тас­тадық. Банда­лар баспа­­ханаға кіріп, біз қал­дыр­ған жа­рамсыз әріптер мен жаб­дық­тарды тас-талқан етіп кетті», деп жазады 1957 жылғы естелігінде.

1919 жылы Азамат соғысы асқынып, Бөкейлікте ақ пен қызыл алмасқан, аумалы-төкпелі кезең орнады. Ақтар күшейіп, ақ казактар Орал қаласын, Сламихин мен Талөкпені басып алады. Большевиктердің қолындағы Ордаға қауіп төнді. Осы кезде Ордадағы Мұхамедияр Тұнғашин басқарған қырғыз (қазақ) әскер комиссариатын Орынборға көшіру туралы шешім қабылданады. Көшуге тиіс топтың тізімінде Тәмимдар Сафиев те болған.

«Август айының 15-і күні бір эшелон соғыс комиссариаты Сайхин станциясына жөнелді. ...Августің 16-17-18 күндері саяси бөлім мекемесі жиналып, отарбаға мінетін Сайхин станциясына жүріп кетті. ...Халел (Есенбаев) мені жолға шығарып салды. Станцияда эшелон вагондар даяр екен, Сайқында бір күн қонып, ертеңіне августің 20-сы күні пойызбен жүріп кеттік» деп жазады кейіпкеріміз. Айтпақ­шы, осы эшелонда Орда­дан алып шыққан баспа­хана машинасы да бар еді. Соғыс комиссариатының Орын­борға кетуі, баспахана қыз­меткерлерінің де көшуі­не бай­ланысты Ордада шығып тұр­ған «Дұрыстық жолы» га­зеті жабылып тоқтап қалды...»

Міне, осылайша, Ордада «Ұран», «Хабар», «Қазақ дұрыс­тығы», «Дұрыстық жолы» газет­тері шығып тұр­ған бас­па­хана Орынбор қаласына жеткізілген екен.

Айтпақшы, Хан ордасында 1919 жылдың 20 ақпанынан бастап таза қазақ тілінде шыға бастаған «Дұрыстық жолы» газетінің шығарушылар алқа­сында Мұстафа Көкебаев, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тәмимдар Сафиев бар еді. Осы жылдың соңында Орынбор қаласында «Ұшқын» газеті шыққан кезде оның «жазушылар құрамында» да Халел Есенбаев пен Тәмимдар Сафиев қатар жүріпті.

Тағы да Тәмимдардың естелігіне кезек берейік:

«Орынборға ревком мүшелері де келді. Бөкейден Меңдешев, Оралдан Қаратаев, Әйтиев, Арғаншиев келді. Мәскеуден ревком бастығы болған Пестковский келді. Бұлар да кеңселерін ашып, орналасып жұмысқа кірісті. Орынборда мен «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін шығаруға дайындалдым. Бірақ бір күні Сейтқали Меңдешев мені шақырып алды, оныменен бірге Әйтиев отыр еді. Ол қазақша газет шығару мәселесін қозғады. Қазір «Соғыс комиссариаты хабарлары» емес, ревком органы қазақша газета шығару керек деді. Сол отырыста не деген газета шығарамыз, аты қалай болады деген мәселе болды. Меңдешевтің ұсынуы бойынша газетаның аты «Ұшқын» болатын болды. Мені соғыс комиссариатының саяси бөлімінен шақырып алып, «Ұшқын» деген қазақша газета шығаруды, редакция ұйымдастыруды тапсырды. ...Солай етіп ноябрь айын­да Орынборда қазақша «Ұшқын» газетасы шыға бастады. Редакцияға Орынбордың бір (Неплюевская) көшесінен жай берілді. Бастап «Ұшқын» жұмасына бір рет, соңынан екі-үш рет шығып тұрды. Газета екі беттік сары қағазға басылып тұрды...»

...2019 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дығына орай Қазақстаннан Орынбор қаласына арнайы барған делегация құрамында осы жолдардың авторы да болған еді. Сол сапарда «Ұшқын» газетінің редакция­сы болған көне ғимараттың қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Бір ғажабы, Хан ордасын­дағы алғаш баспахана болған ғимарат та әлі күнге сақтал­ған. Ол үйдің де қабырғасына ескерткіш тақта қойылған. Ал 2014 жылы Хан ордасы тари­хи-мәдени, архитектура­лық-этнографиялық музей-қоры­ғының құрамында арнайы баспахана музейі ашылған еді. Бұл жерде, Хан ордасында ХХ ғасырдың басындағы баспасөз қайрат­кер­лерінің атқарған ісі, еңбек іздері сайрап жатыр. «Ұшқынды» ұшырған ұяны біз де мақтан етеміз.

 

Батыс Қазақстан облысы