• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 09:25

Халық аңсаған хаттар

73 рет
көрсетілді

Қазақ мәдениеті мен рухания­ты­ның көрнекті тұлғалары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайы­ловтың ұзақ жылдар бойы жұп жазбай, жұп жазса да, көз жаз­бай қатар жүрген жолдас­ты­ғы мен достығы қоғам өмірінде өзгеше өрнек салып, өнегесін де ор­нықтырды.

Кереметі олардың өмір­­­баян­дық дерек­те­ріне қара­саңыз, бая­ғыдан екеуінің жолдары түйісіп, қиы­лысып жүретіні анық аң­ға­ры­лады. Екі қажымас қай­рат­кер, қарымды қаламгердің сонау алпысыншы жылдардан басталған достығының бір кезеңі ел аузында ұрпаққа хат болып қалған мұрасымен де әйгілі.

Қазақтың арыстан жазушысы мен үлкен саясаттың қан базарында жүріп, алпыс жасында жазуын үдете түскен танымал қайраткердің 90-жылдары «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бір жарым жылға жуық өзара жазысқан 25 хаты қоғамдық өмірді дүр сіл­кіндіріп, оқырманның ыстық ықыласын туғызды. Бұл хаттарға қалың бұқара сүйсінгенімен, алпауыттар, жемқорлар, ұры-қарылар тіксініп қалғаны да рас.

Ендігі елдік мағыналы және ащы шындықты ашық айтқан көлемді публицистикалық мақа­лалардың (эпистолярлық жанр түрінде) редакцияда компьютермен теріліп, газетке басылатын аралықта ішкі тәртіп бо­йынша біз қызмет еткен Саясат бөлімінен өткен жағдайын айтсақ, әрбір хаттың өзіндік тарихына көзбе-көз куә болғанымыз жадыда жаңғырып, ұдайы есте сақталып жүретіні түсінікті ғой.

Бүгінгі әңгімеде біз осы ордалы ойлы хаттарда қоғамның ең өзекті мәселелерін қопарып жазып, айтуындағы батылдық пен адал­дықтың, журналистік ше­бер­лік пен қайраткерлік жауап­кер­шіліктің ұштасып, дәуір мен заман тұлғаларына тән болмысының қалай танылғанын сөз етуді жөн деп білгенбіз. Атақты ақын Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы, «Сөзде кінә жоқ, біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу оны тұзға аунатып жеткізеді. Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жеткізеді».

Біздің кейіпкеріміздің бірі – шындықты қоғамның көзіне көрсетіп айтқан, ақиқаттың қайқы қылышы, бірі – сабырмен айтса да салиқалы. Кейде дерек-дәйектің өзімен ғана ми қозғайтын марғасқа тұлғалар қоғамның зар-мұңын, әлеуметтік әділетсіздікті жұртқа қалай жеткізді?

Өздері өмір сүрген қоғамда аса қадірменді, атынан ат үркетін екі замандас ағаларымыздың сол уақыттағы жазысқан хаттарын жоғары бағалаған көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Шындықтың жебесі» атты деректі фильмде «Олар Алматыда бір-бірімен күн сайын болмаса да жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрген дос кісілер ғой. Еліміздің аға газеті бетінде қоғамды алаңдатқан ең өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді, көкейге кептелген ащы сауалдарды ашық хат жазысуы арқылы батыл, батырып айтуы – әдемі тәсіл, түрі, пішіні бөлек, биік тұлғаларға тән тапқырлық болды» деген пікірін білдіреді. Хат түрінде жазылған публицистика деп бағалайтындар да бар. Хат арқылы сырласу деп те жүр. Рас, бұл жазу ісіндегі екі алыптың алдын ала келісілген дүниесі емес еді.

Қиялдағы қисынды ойлас­тыр­ған қадамның қалай басталғаны да қызық. Журналистика мен шығармашылық ізденістерде тосыннан ой туындауының кейде ұласып, толғақты ойларға жал­ғасып, қоғамда рухани құн­ды­лықтардың пайда болуына да әсерін тигізеді. Әуелі Камал ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 25 маусымда «Қазақстан. ХХІ ғасыр» деген мақаласы жарық көреді.

Ғылыми-техникалық және эконо­микалық тақырыптағы публи­цистиканың танымдық тұрғыда талдаулары мен сараптамасы қатар жүретіні белгілі. Сол себепті «Қазақстан жерінің бір миллиард адамды асырауға мүмкіндігі бар» деген дәлелді ой тұжырымын (Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандарының ғалым­дар берген негізінде жасаған қорытын­дысы) нақпа-нақ таратып, мәсе­ленің сырын ашып, болашақ бағ­да­рын анықтап беруді көздеген еді.

Қазақстанның кен байлығын бір кісідей білеміз деп жүргендер үшін бұл көлемді мақалада кел­тірілген цифрлар мен нақты деректерден кейін бас айналдырып, көз тұндырған, қазақ даласының жерас­ты байлығының қоры дүние­жүзі бойынша алдыңғы орында екеніне таңдай қағып, інжу-маржандардың мол болғанына қуануымыз керек, әрине. Алайда пайдалы кен қазбаларынан түсетін орасан қаржы қарапайым халық игілігіне неге тура жұмсалмай жатқанына қайран қалмай ма? Жылайтын жағдай ма, бұл қалай? Осыншама орасан байлықты аузы­­­­мыздан жырып, қайда әкетіп жатыр демей ме? Жұрт екіұдай сезімде қалғандай болды.

Сол кезде еркін ойлылығы мен қаһарлы мінезіне қарай Шерхан Мұртазаның дауысы саңқ етті. «Алтын сандықтың кілті кімде? Камалға хат!» деп алғашқы жазбасын (12 шілдеде жарияланған) ширығып жазды.

«Камал! Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді», деп жазыпсың. Соны енді біліп жүргендей «екен» дегенің неткенің. Ал сол алтын сандықтың «кілті еліміздің қолына еркін тиді» деп айқайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үс­тінде неге жалаңбұт отырмыз?» деп әлеуметтік теңдіктің тағдыр-та­лайы қайда кеткенін сұрамай ма?

Шындыққа шарт жүгінген Шерағаның дәл осы найзағайлы сөзі биліктің маңдайын жарып жібергендей болды. Жаппай қиналған халықтың жан жарасын жүрегімен сезініп, сол «байлықты талан-таражға салған» үкімет пен өкіметке уақыттың ең бас­ты сұрағын шымбайына батырып емес, сүйектен өткізіп ашық қойған қайраткерге «пәлі» деп риза болмаған қазақ жоқ.

Қазақ зиялылары арасында кеңінен танымал, бәсі биік, ойға, идеяға жүк артқан, үлкен көлемді қарпи білетін кемел сөз иесі Камал өзіне дәл осындай көңіл күйдегі хатты басқа емес, қандыкөйлек Шерхан досынан күтті ме, жоқ па, оны біз білмейміз. Күтпеген де болар, бірақ қаламының ұшын сияға молынан батырып жазған мақаласына қатысты бір пікірін айтуы мүмкіндігін жоққа шығара алмайсың.

Оны алғашқы жауап хатында «Осындай бір күдік-сұрақтың сенің тарапыңнан болатынын сезіп жүр едім» деп еске алады. Шераға да бірінші хатының соңында «Екеуміз бір жылдың төлі едік қой. Анда-санда сырымды, пікірімді саған айтпағанда кімге айтамын?» деп көңіл құшағын ашады да: «Айт­пақшы, Малаховтан не хабар?» деп сөзге тартады.

Қазақ қоғамында, жалпы ауыл­­дық жерде үлкен мәртебеге ие болып, еліміздің баспасөз әлемінде өшпестей із қалдырған «90-жылдары «Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың жазған хат­та­ры­ның» жеке тарихы осылай бас­талған-ды.

Абырой-беделі, атақ-даңқы талай асудан асқан бұл екі мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірбаяндық және талғам-таңдау ұқсастығы, ұлттық мүддеден жана­шыр жақындығы адам таңғалар­лықтай, олардың орда бұзған мансаптық және азаматтық өсу жолдары да дәл солай қатарлас, өркенді болып келеді.

Жас журналист Камал Смайылов «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қарағанды об­лысы бойынша меншікті тіл­шісінен Алматыға ауысқанда оның орнына Шерхан Мұртазаев барды. Тіптен әріден айтсақ олар – ит көйлегін бірге киіп, тоздырған құрдастар.

Шыңдалу мен шеберлік таланты шаршы топта шаң жұқ­тырмайтыны да рас. Шамалы уақыт ішінде шігесіне қорғасын құйғандай мығым денелі Шерхан Мұртазаевтың жастар газетінің Қарағандыдағы тілшілік қызметі мен сүйекті мақалаларының жария­лануы, бастамашыл ізденіс­тері (Батыр ұшқыш Нұркен Әбдіров­тің ерлігін жаңғыртып, облыс орта­лығында ескерткіш тұрғы­зылуына тікелей атсалысуы, т.б.) жан-жақтағы журналистерді өзіне жалт қаратқаны сондай, мұны тез аң­ғарған комсомолдың Орталық комитет басшылары оны газеттің бас редакторының орынбасары қызметіне дереу шақырады. Бірақ түрлі себеппен ол бұл қызметке бармайды.

Құдайдың көзі бар екен, көп ұзамай, Камал ағаның тасы өрге домалайды. Отызына дейін орда бұзған (дәлірек 28 жасында) Камал аға жаңадан ашылған «Білім және еңбек» журналының тұңғыш бас редакторы болып тағайындалады. Содан кейін білімпаз, мінезі салмақты, ойлы, тегі мықты жас жігіт Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы лауазымына көтеріледі. Аз жылдан соң сәулелі қаламгерлігі және көш бастайтын сипаты әдеби және қоғамдық ортада көпшілікті сүйсіндірген жас талант Шерхан Мұртаза болса, «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері қызметіне ауысқан еді. Дәл осы қызметін жайнатып жіберген дарынды журналист күндердің күнінде «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болып бекітіледі. Бұл тұстағы «Лениншіл жас» мейлінше халықшыл болды. Соның сөзін сөйледі, жоғын жоқтады, барын баптады. Соның арқасында таралымы жылдан-жылға еселеп өсті. Білетіндер тіпті ширек миллионға жетті-ау деп жазып жүр.

Қазақ әдебиеті мен журналис­тика­сында үлкен олжа салған кілең таланттар мен небір хас жүй­рік­тер ХХ ғасырда «Шерағаның шек­пе­нінен шыққанбыз!» деген асыл сөзді ұлы ұстаз ұғымында тасқа қа­шап жазғандай болды.

Сонымен, қос қаламгердің әрі жазушы-журналистік және бас­шылық қызметтегі өмірбаяны 1960 жылдан басталып, кешегі кеңестік кезең­нен ел егемендігіне қол жет­кізген жаңа заманға жалғасты.

Байтақ еліміз бен қоғам тарихында жойылмас мағына, өшпес із қалдырған Ш.Мұртаза елімізде қандай беткеұстар қо­ғам­дық-саяси газет-журнал бар, солардың барлығында бас редактор қызметінде теңдессіз деп мойындалып, аты толассыз мақтанышқа, айбарлы елтұтқаға айналды. Жастар газетін зор биік деңгейге жеткізген оның «Жалын» альманағы (Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы да болған), «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерінде бұған дейін болмаған бас редактордың қайсар да қайраулы, батыл және тереңнен толғайтын зор тұлғасы айқын танылды. Кешегі қатып, семіп, сірескен «СҚ-ны» бір мезетте жаңа тұрпаттағы «Егеменге» айналдырғанын айсақ та жеткілікті.

Бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» романы мен «Мылтықсыз майдан», «41-жылғы келіншек» пен «Қара маржан», «Ай мен Айша» (екі кітап) романдарын, керемет көркем әңгімелерін осындай қиямет-қайым жұмыста жүріп жазғаны суреткердің хас таланты мен еңбегінің сыйы болса керек.

Сонымен... Бір-бірінен онша ұзап кетпеген уақыттар да бағалы болды. Камал Смайылов рес­пуб­ликаның басқару қыз­метінде идеологиялық жұмыс­тың қайрат­кері, жауапты қызмет аясында және сол саланың жетекшісі ре­тінде бірегей тұлғаға айналды. Комсомолдан кейін, 1964 жылы Кинематография жөніндегі комитет құрылып, сол комитет төрағасының орынбасары болды. 32 жасында «Қазақфильм» киностудиясының директоры қызметін атқарды. Қазақтың қолы жете бермейтін киноның да тілін тапты. Ұлттық кино өнерінің мақтанышына айналған көркемфильмдердің («Қыз Жібек», «Мәншүк туралы ән», «Ел басына күн туғанда», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Көксерек», т.б.) түсірілуіне ерен еңбек сіңірген еді. Арада партияның Орталық комитетінде қызмет атқарып, 42 жасында кино жөніндегі комитетке басшылық жасады.

Өмірлік ұстанымы берік екі қаламгер айтулы лауазымда, министр деңгейінде, яғни Қазақ­стан­ның телерадиохабарларын тарату жө­ніндегі комитетінің төрағасы қызметін түрлі кезеңде абыройлы атқарды.

Табиғатынан мінезге бай, дип­ло­матиялық дарыны бар, елгезек, ізденімпаз, терең білімді және кісілігі мол Камал аға кеңестік саясат үстемдік құрған заманда ұлттық телеарнадан қазақ тіліндегі ойлы бағдарламалардың бағын ашты, алтын қорға іргелі телетуындыларды әзірледі, жас тележурналистерді тың ізденістерге баулыды.

Қазақ баспасөзінің қараша­ңы­рағы «Егемен Қазақстан­нан» телеарналардың құтты мекеніне ауысқан Шерағаң өзі айтпақшы, «қалың орманнан ине іздегендей» күйде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қазақ тілі мәртебесі мен қазақ кадрларының биік деңгейін қалыптастыру үшін «ұзақ жылдар бойы сірескен, әбден сіңіскен пиғылды ту еткендермен» ашық күресті. «Билеп, төстеген орнынан жылжуы мүмкін емес» деген талай-талай «мықтыларды» тәубесіне келтірген-ді. Оны «ұлтшыл» деп даурыққандар да аз болған жоқ. Өзі де ұлттық сана және ұлттық мүдде тақырыбында тұрақты хабар жүргізді және өзі тұсауын кескен «Таңшолпан» таңғы сазды бағдарламасы әлі де отыз жылдан бері сол тауып қойылған әуезді атауымен арайлы таң атырып, жаңа көрермендерімен толығып, қауышуда.

Өз қатарының алды болған Камал аға түрлі лауазымдағы партия жұмысының тағдыр-талайында әрі басшы әрі қарапайым, көпшіл, адал­дықтан аттамай, ақырын жү­ріп, анық басқан қалпында, дос адам үлгісінде биікте жүрді. Жиырма деректі кітап жазды. Солар­дың ішінде шын мәніндегі мәдениет менеджерінің өнер мен өмір жайлы толғаулары бір төбе, әсіресе, «Біздің ғарыш ғаламат», «Қазақ киносының тарихы», «ХХІ ғасырға саяхат», «Жеті қыр, бір сыр» секілді кітаптарының құндылығы уақыт өткен сайын артпаса, еш кемімейді.

Зейнет жасына қарай барар жолда «Парасат» пен «Ақиқат» журналдарында бас редактор болды. Алаш мұраты жолында айдарлы тақырыптарды жүйелеп ашық қоғамның бетіне шығарды.

Қиын-қыстау кезде Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болып, жаңашыл бастамаларымен жарқырай көрінді. Реті келген соң айтайық, негізгі республикалық Журналистер ұйымын әдетте бас газеттің редакторы басқарады деген жазылмаған заң бар. Соны Шерағаң «бұзды». «Бұл қиямет-қайым жұмысты түзеп, жөнге салу Камалдың ғана қолынан келеді» деп айқайға басып, ірі тұлғаға сенім білдіріп, бірауыздан сайлайды. Кішкентай ғана деталь, штрих – мықтының үлгісін мойындату ғана емес, әбиүрлі істің жолын ашу. Солай болды да.

Заман зиялысының айбары Шерхан Мұртазаның демо­кра­тияның лебі ескен 90-жылдары Жоғарғы Кеңестің және елімізде сыбайлас жемқорлық етек алып, жерасты мен жерүстінің байлығы ту-талапайға түскен 2000 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған тұсын «ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен қайталанбас қайраткердің болмысын танытты» деуіміз – ашық қоғамға тән әділеттілік. Кезінде Камал аға да Жоғарғы Кеңестің депутаты, комитеттің төрағасы да болған.

Шерағаның өзі көзі тірісінде досы Кәмкеңнің абыройы үшін талай мәрте астарлап айтқанындай, «Ұлытауға үш рет жолым түсті» деп жазады. 1999 жылы Республика сарайында «Президентке сайлау­шылардан құлаққағыс» деген тақырыпта сөйлеген сөзін былай бастайды: «Біз жақында жазушы, журналист Камал екеуміз Жезқазған жазирасына, қарт Қарсақпай, Ұлытау өңіріне барып қайттық. Мен қазір тек сол халықтан естігенімді айтамын. Сайлаушылар аманат айтты: «Дүниеге келген жас сәби жетіге жеткенше жерден таяқ жейді. Одан кейін шынжәу, дімкәс, мешел болмаса жүріп жүгіріп кетеді, деді. – Қазақстан атты жас мемлекет азаттық алғалы жеті жыл өтті. Жеті жастан асқанша Қазақстан жерден таяқ жеген жоқ. Жемқорлардан, парақорлардан, қорқаулардан қорлық көрді», деді.

Дәл осы сипатта сөзін әрі жалғастырып, заман сұрақтарын алға тарта түседі. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демей ме? Жүрек жұтқан адам болмаса, мұны кім айта алар еді? Тап қазір сол ержүрек қаламгердің жазғандарынан үзінді алып келтірген жерін оқыған кейбір сауысқаннан сақ адамдар «мына айтқандарын біз баса алмаймыз» дегендерін естігеннен кейін «Несіне қорқасыз. Бұл мақалалардың барлығы 1996-1997 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде басылған» деп дәйек айтсақ, есінен танып, таңырқай ма, көздері ұясынан шығып кете жаздайды. Еріксіз «мықты екен» дейді.

Ел аузында екі қаламгердің еге­мен­діктің елең-алаңында «Егемен Қазақстан» газеті арқылы қо­ғам­­ның ең күйіп тұрған, бейжай қалдырмайтын өзекті тақы­рып­тарды қозғап, сол кездегі билік­тің атына шындықты шыж­ғырып басқан қалпында өзара жазысқан хаттары жүрді дедік. Эпистолярлық жанрда жазылған мақала­лардың өткірлігі мен терең­дігі белгілі бір деңгейде құбылыс болды. Ел әрдайым жалғасын күт­ті.

Кейде сол жылдары зейнетке шық­қан Шерағаны редакцияға құр­метпен шақырып, шолушы қызметінде өз арамызда жүруін қалап, қолқа салған газет басшыларының ақылды ісі болмаса, осындай тарихи хаттардың тынысы ашылар ма еді, жоқ па, деп те ойлайсың. Бір ғана осы тағылымы мол хаттар емес, 90-жылдардың бел­ортасынан бері абзал қаламгердің құлашын кеңге сермеп, сан алуан тақырыпта өндіртіп жазғандары тұтас дәуірдің айнасы және ше­жірелі өмірінің айғақ-архивіне айналды.

Бас газеттің де абыройы асты, бұрын-соңды оқырман жұрт­шылықтың мұншалықты ықы­ласты болмағаны анық байқалды. Шын жүректен шыққан сөзге қарапайым адамдардың айызы қанды, қос қайраткердің өзара сырласуы мен үн қатуын жалпы зиялы қауым да асыға күтетін. Белгілі әдебиетші-ғалым Шерияздан Елеукеновтің «Қос қаламгеріміз, қос қыранымыз Шерхан Мұртаза мен Камал Смайы­ловтың «Егемен Қазақстан» газеті арқылы екеуара жазысқан 25 хатын исі қазақ болып оқыдық десе де сыяды. Оқымаса, тек осы материал бойынша газет редакциясына 3 мыңнан аса хат түсе ме? Бұрын-соңды болмаған бұл хат тасқыны көп нәрсені аңғартса керек» деп қос автордың «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда!» деген атпен шыққан кітабына Қазақ ПЕН клубының халықаралық сыйлығын беру кезінде тебірене айтқаны есімізде.

Қазақ публицистикасы тар­лан­боздарының әрбір хатында қозғалған мәселелердің бүкпе­сіз, ашық айтылуын мақала тақырыптарына да қарап аңғаруға болады. Бұл егемен – ел ішінде, айналамызда, жаңа бағдарлы қоғамда адами тазалық, әлеуметтік әділет, адалдық, ұлт пен қазақ тілінің мәртебесін тиянақты ету, адамның құнын қастерлеу, мемлекет мүлкін тонағандар мен ұрлағандарды аяусыз жазалау, ауылды қамқорлыққа алу, ұлттық рух мен ұлттық-тарихи сананы оятып, жаңғырту және заң тәртібінің қатал сақталуын көздеп, ашық жазу­дың және жариялаудың озық тәжірибесі. Ел газеті «Егеменнің» еншісіндегі бұл хаттар үлгісі – елдік мінездің үлгісі.

Көңілі мұхиттай Камал аға өзінің соңғы кітабында «Бәріне үлгердім» жазыпты. Шынында бар өмірін халыққа арнаған адам осылай айтатын шығар-ау.

Шер толқытқан Шераға жан досы, қаламдас жампозы дүниеден озғанда, қайғыдан күңі­рене отырып жазған мақа­ласында: «Заманның дидары мен кепиеті туралы сырларымды енді кіммен бөлісемін? Сен тым ақкөңіл, адал едің ғой, Камал! Қоғамда болып жатқан толайым кемшіліктерді мен ашына жазғанда, сен сол қоғамдағы зәрудей жақсылықтарды тізбелеп, маған басу айтушы едің. Заманның, қоғамның алдағы күндерінде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететінін дәлелдеп, ұдайы да үміт отын жандыратынсың», деп айт­қан екен.

Асыл сөздің иелерін жас ұрпақ зердесі естен шығармайды деп сенеміз.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері