Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғаныс аймағына тұрғын үйлері кірген меншік иелері мәселенің түпкілікті шешілгенін қалайды
Екі жылға неге созылды?
Екі жылдан бері шешімін таппаған бұл мәселе неден туындап еді? Оның мәнісі мынада: Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы аясында екі ірі кешеннің құрылысы басталды. Біріншісі – хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен, екіншісі – мұнайды терең өңдеу кешені. Осыған орай тиісті заңдылыққа сәйкес санитарлық-қорғаныс аймағы эмиссиялық нүктеден 1 шақырымдық радиуста болуы қажет. Енді аталған аймаққа «Перетаска» аталатын жеке сектордағы тұрғын үйлер шоғыры өте жақын орналасып тұр. Бірінші жоба бойынша қауіпті аймаққа 6 тұрғын үй жер телімімен кіреді, ал екінші жобаның аймағына 270 үй жер телімімен бірге енеді.
– Бізге бұл жөніндегі ескерту 2013 жылы берілген еді. Онда зауытты жаңғыртуға байланысты аумағының кеңейетіндігі, соған орай жер телімін сатып алу мәселесі 2015 жылға дейін шешімін табатындығы хабарланған еді, – дейді тұрғын үйі бұзылуға тиіс аумаққа кірген зейнеткер Александр Гушин. – Осындай хабарламадан соң тұрғындар көшуге дайындала бастады. Біреулері жер телімін іздеді, өзгелері өзге жер телімін сатып алды. Ал үшінші біреулері қаланың басқа аудандарынан тұрғын үй құрылысын жүргізуді қолға алды. Бірақ міне, 2015 жыл басталса да көшіруге байланысты іс алға жылжыған жоқ. Бәрінен бұрын көшіру мәселесінің нақтыланбағаны тұрғындардың алдағы тіршілігіне қолбайлау болатындай. Өйткені, үйімізге жөндеу жүргізуді, не жүргізбеуді, ағаштарды баптау, көктемде жас көшеттерді отырғызу қажет пе, жоқ па, міне, біз осыны біле алмай отырмыз... Біз «баға мәселесі» жөнінде келісім жасауға дайынбыз. Тек бізге алдын ала көшірудің нақты мерзімін хабарласа екен.
Зауытта жаңғырту жобаларын іске қосу мерзімі белгілі болып отыр. Мәселен, хош иісті көмірсутектер шығару кешені биылғы шілдеде жұмыс жасай бастамақ. Ал мұнайды терең өңдеу кешенінің жұмысы келесі жылы іске қосылады. Дегенмен, санитарлық-қорғаныс аймағында тұрғын үйлердің болуы арнайы комиссияның қабылдау актісіне қол қоюына кедергі жасайтыны даусыз.
Тығырықтан шығар жол іздестірілуде
Осы мәселеге орай «АтМӨЗ» серіктестігі заң департаментінің директоры Асқар Рахманов дәл осылай дейді. Оның пікірінше, алдымен тұрғын үйлері жер телімімен бірге хош иісті көмірсутектер шығару кешенінің санитарлық-қорғаныс аймағына кірген меншік иелерінің мәселесін оңтайлы шешіп алу қажет. Өткен жылдың тамызында сол кездегі Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин өткізген мәжілістің қорытындысымен ведомоствоаралық комиссия құру және көңілге қонымды өтемақымен өз еркімен көшіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Соның ішінде даулы мәселелерді сот арқылы шешу ұйғарылған.
– Біз осы түйінді мәселенің шешімін табу жолдарын іздестірудеміз. Алайда, тұрғындар 2013 жылы жүргізілген бағалаумен келіспей отыр. Шындығында сол кезгі бағалау ескірді ғой. Сол себептен, біз былтырғы қыркүйекте алдымен 6 меншік иесінің мүлкін бағалау жөнінде сотқа арыз түсіргенбіз. Алайда, 2014 жылғы желтоқсанда қалалық сот екі талап-арыз бойынша оларды қараусыз қалдыру жөнінде шешім шығарды, – деп кеңірек мәлімет берді Асқар Рахманов. – Судьяның шешіміне сәйкес көшіруге байланысты сотқа тек жергілікті атқарушы орган, яғни, қалалық әкімдік қана жүгіне алады. Демек, өзге де талап-арыздар осындай ұйғарыммен кері қайтарылатын шығар.
Келісім бе, әлде мәжбүрлі шара ма?
Шындығын айту қажет, АтМӨЗ-ді жаңғырту жобалары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Хош иісті көмірсутектер шығару кешені жобасымен еліміз үшін ең қажетті шикізаттар шығарыла бастайды. Нақтылай айтқанда, мұнда шығарылатын бензол мен параксилол Қазақстанда алғаш рет қолға алынып жатқан мұнай-химия кешені үшін таптырмайтын шикізат болғалы отыр. Осынау шикізаттық өнімдерден мұнай-химия кешенінде параксилол мен полипропиленді молынан шығару іске асырылмақ. Сонымен бірге, зауыттағы тағы бір жоба – мұнайды терең өңдеу кешені іске қосылғанда мұндағы экологиялық тазалығы халықаралық стандарттарға сай жоғары октанды жанармай өндірісі 3 есеге жуық өседі.
– Экологиялық қауіпсіздікті сақтау – біздің басты міндетіміз. Сол себептен, біз ортақ келісім жасай аламыз. Және барлық тараптардың көңілінен шығатын оңтайлы шешім алынады деп сенемін. Дегенмен, біз бұл істі мемлекеттік атқарушы органның араласуынсыз және көмегінсіз атқара алмаймыз, – дейді Асқар Рахманов.
Ендігі қадамды қалалық әкімдік жасап, тоқетер сөзді айтуы тиіс. Өйткені, жергілікті атқарушы органның мемлекеттің қажетіне орай жер телімдерін мәжбүрлі түрде алып қою құқығы бар. Бірақ, бұл – меншік иелерінің олардың жер телімін сатып алу шешіміне келіспеген немесе тараптардың баға жөнінде ортақ ұйғарымға келмеген және басқа келісімдер бойынша өзара уағдаласа алмаған жағдайда ғана қолданылатын мәжбүрлі шара. Әрине, тараптар бір үстел басында келісімге келіп, өзара уағдаласады деген үміт бар. Сонда ғана мәжбүрлі шара қолданылмайды. Қалай болғанда да «Перетаска» аталатын жеке сектордағы тұрғын үй иелерін бәрібір көшіруге тура келеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.