• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 16 Желтоқсан, 2024

«Егемен» – елдіктің биік мінбері

80 рет
көрсетілді

Ұлт баспасөзінің қарашаңырағы, еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan»-ның жарық көре бастағанына – 105 жыл. Осы мерейлі датаға орай елордадағы Достық үйінде «Егеменнің» елдік жолы» мәдени-интеллек­туалдық форумы өтіп, оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, БАҚ басшылары мен қызметкерлері қатысты.

«Газет оқу үрдісі үзілмеуге тиіс...»

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қам­забекұлы жиынды ашып, «За­ман. Зерде. Зиялы» атты баяндамасында қазіргідей қиын кезеңде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл бағамдағандай, той тойлайтын емес, ой ойлайтын кезең келгенін, «сол ой – заман амалы мен елшіл іс-әрекет, тарих һәм жүріп өткен жол зердесі мен тә­жірибесі, зиялылар қағидаты мен жауап­кершілігі болуға тиіс» екенін айтты.

«Бірінші сіз бен бізге бұйырған газеттен, жұртты ағартатын кі­тап пен қаламнан бастайық. Әлеу­меттанушылардың есебінше, қазір халықтың газет-журнал оқитын бөлігі – 14–17 пайыз ғана. Соның ішінде ертеңгі ұлтқа жауапты 25–34 жастағы азаматтардың мерзімді басылым оқуы 13 пайыздан аспайды екен. Бұл заман үрдісі, яғни арғы жағында кітап, классика оқуға баспалдақтың шамасын тұспалдайды. Егер бүгінгі көп шенеунік, біраз азамат ойлап жүргендей, «газет заманы кетті» дегенге пейіл берсек, сауатсыз мұғалім, сауатсыз оқушы қатарын көбейте береміз. Рас, замана қалпын ескеріп, газеттің интернет нұсқасын, сондай-ақ әлеуметтік желідегі БАҚ форматын жалғастырарымыз сөзсіз. Бірақ Батыс пен Шығыстың өрке­ниетті елдеріне әлі де азық болып отырған дәстүрлі классикалық форматты жетілдіру басым бағыт болып қалуға тиіс», деп атап өтті Д.Қамзабекұлы.

Сонымен қатар бас директор тарихи зерде «Ұшқыннан» «Егеменге» дейін түрлі атау ал­ған газетіміздің Алаш басылым­дарымен сабақтастығын көрсе­тетінін тілге тиек етті. Елді ел ету жолында еңбек еткен тарихи тұлғаларды, қиын да күрделі кезеңдегі оқиғаларды халыққа, бүгінгі буынға шынайылық, тарихилық, жан-жақты қарау тұрғысынан жеткізу қажет екенін атап өтті.

«Қазіргі «Егемен» бастаған барша ұлт газеті – зиялылардың ақыл-ой, сындарлы ұсыныс, салиқалы пікірталас алаңы. «Зия» – нұр, жарық деген мағы­наны береді. Ұлттың да, дәстүрдің де, имандылықтың да жарық, жарқын ойы газет тұжырымдамасының мазмұнын құрайды. Дәл осы күндері біз үшін сенім маңызды! Биыл Журналистер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Шын мәнін­де, газет шығару мен газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр» деп бәрімізді жігерлендіретін ой айтты. Бүгінгі форумның бір мақсаты – осы ойды салаландыру», деді Д.Қамзабекұлы.

Президентіміз ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі әрдайым өзек­тес болатынын айтып келеді. Ғасырдан аса тарихы бар «Egemen Qazaqstan» қай кезде де ел­дік мұратқа табан тірейді. Форум­да сенатор Нұртөре Жүсіп жеткізген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауында осылай делінген.

«С.Сәдуақасұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сей­фуллин, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ғ.Мүсірепов сияқты тұғырлы тұлға­лар қалыптастырған бұл дәстүр С.Байжанов, Б.Қыдыр­бекұлы, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, У.Қалижан, С.Абд­рахманов, Е.Смайыл, Е.Қыдыр, Д.Қыдырәлі секіл­ді қайраткер қаламгерлер тұ­сын­да да лайықты жалға­сын тапты. Сондықтан тәуелсіздікті нығайту, халықтың әлеуетін арттыру және ұлттық руханият­ты дәріптеу жолында «Егемен» мен егемендіктердің алар ор­ны ерекше. Қазіргі таңда бас басылым қазақтың дүниета­ны­мын кеңейтуге, тарихы мен құн­дылықтарын дәріптеуге, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын дамытуға және елдің береке-бірлігін сақтау­ға үлкен үлес қосып келеді», делінген Сенат төрағасының құттықтауында.

Сонымен қатар форум барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын Мәжіліс депутаты Жа­нарбек Әшімжан, Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтауын Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі Мақсат Төлегенов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын вице-министр Қанат Ысқақов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын қала әкімінің орынбасары Есет Байкен жеткізді.

«Бұл газетте қазақтың қан­ша­ма буын талантты журна­лис­тері еңбек етіп қалыптас­ты, қаламдарын ұштап, шебер­ліктерін шыңдады. Дәуірдің тынысын, қоғамның үнін халыққа шынайы жеткізді. Сіздер сол ұлы тұлға­лар қалыптастырған дәстүрді лайықты жалғастырып, қазақ баспасөзінің туын одан әрі биіктеттіңіздер. Бүгінгі қазақ руханиятының қарашаңыра­ғы­на айналған ұлт басылымы «Egemen Qazaqstan» мемлекеттік мүдде мен елдік мұратқа адалдық танытып, рухани құндылықтарды дәріптеп келеді», делінген Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың құттықтауында.

Премьер-министр О.Бектенов ға­сырдан аса уақыт бойы Алаш жұртымен бірге жасап, абыз басылымға айналған «Егеменнің» орны әрдайым биік екенін, бүтін бірнеше дәуірдің шежіресін бо­йына бүккен ел газеті отандық баспасөзді жаңа сапалық деңгейге көтеріп қана қоймай, тұтас ұлт тағдыры талқыға түскен сындарлы сәттерде мемлекет мүддесін қорғауға қызмет еткенін айтады. «Қай жағынан алып қарасақ та, «Egemen Qazaqstan» қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, егемендіктің эталоны деуге әбден болады», дейді ол.

 

Атауы өзгергенмен, заты өзгерген жоқ

Жиында сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов газет ұжымы кеңес заманының өзінде ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, төл тарихымыз бен мәдениетіміз­ді насихаттауға, елдігімізді нығай­туға өлшеу­сіз үлес қосқанын, осы жылдар ішінде газеттің атауы өзгергенімен, заты өзгермегенін, яғни қалай аталса да, ел­діктің биік мінбері міндетін абыроймен атқарып келе жатқанын айтты.

«Кейінгі жылдары газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгерт­ті. Басылыммен қатар газет­тің egemen.kz сайты да қайта жаңғыртылып, мультимедиа­лық мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Бүгінде оқырмандарының саны 30 мыңға жетті. Жалпы, газетте жүзге тарта адам жұмыспен қамтылып, жемісті де нәтижелі еңбек етіп келеді. Тәжірибелі тілшілер мен білікті басшылардан құралған ұжым әр сала­дағы жаңалықтарды, мәсе­ле­лерді сапалы әрі саяси салмақ­пен оқырманның назарына жеткізіп келеді. Сонымен қа­тар мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпаратты, нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ ішкі және сыртқы саяси мәселелер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпа­раттарын жариялауда газет­тің өзіндік орны, ұстанымы қалып­тасқан», деді вице-министр.

Өз сөзінен кейін Қ.Ысқақов газеттің 105 жылдығына орай жемісті еңбегі­мен көзге түскен бірқатар басылым қыз­меткеріне марапат тапсырды. Атап айт­қанда, «Еңбек ардагері» меда­лімен «Egemen Qazaqstan» газе­тінің қызметкері Кәрібай Мұ­сырман, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат сала­сының үздігі» төсбелгісімен «Egemen Qazaqstan» газеті Мен­шікті тілшілер желісінің үйлестірушісі Дина Дәуіт, газет тілшілері Нұрбай Жолшыбайұлы мен Эльвира Бөкенбаева, газеттің Қостанай облысындағы меншік­ті тілшісі Нұрқанат Құлабаев, Мәде­ниет және ақпарат ми­нистрлігінің Құрмет грамотасымен газеттің аға тілшісі Айнаш Есали мен тілшісі Қуаныш Нұрданбекұлы, бет қаттаушысы Назым Матенова, Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен газеттің аға тілшісі Ескендір Зұлқарнай, корректоры Жанар Нұрмағамбетова, Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілші Мерей Қайнарұлы марапатталды.

 

«Егеменнің» еркіндік келбеті

Форумның «Бедел сөз» бөлі­мінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 1991 жылы тәуелсіз еліміздің тұңғыш Баспа­сөз және бұқаралық ақпарат министрі болған Қуаныш Сұл­танов «Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы «Егемен Қазақстан» тақырыбында сөз сөйледі. Ол 90-жылдардың басында азат­тық алған шақтан «Egemen Qazaqstan» газеті де халық үні болып шабыттанып, бүкіл қазақ баспасөзінің көш бас­таушысы болып сөйлегенін еске алды. Елдің жоғын жоқтап, ынтымағына, бір­лігіне, жасампаздығына шақы­рып жұмылдырғанын, әсіре­се ұлт­тық тарихымыздың, тағды­рымыз­дың ақтаңдақ беттерін, ұлт қай­рат­кер­леріне жасалған саяси қуғын-сүргін, ашаршылық секілді жабық тақы­рыптарды жариялаудағы «Еге­меннің» еңбегі өлшеусіз екенін тілге тиек етті.

Тарихтан сыр шерткен мемлекет қайраткері: «Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары өмірге келген жаңа БАҚ-тар 1991 жылдың 31 тамызында құрылған Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінде тіркелетін. Ол кезде әлі заң жазып үлгермедік. 1992 жылы заң қабылданғаннан кейін бұл міндет Әділет министрлігіне тапсырылды. Міне, сол жылы бір жылда тіркелген жеке тәуелсіз басылымдар мен радио, телеарналар саны 200-ден асып кетті. Бұл қоғамдық белсенділікті көрсе­тетін сандар еді. Біздің негіз­гі ұстанымымыз – БАҚ-пен, журналистер қауымымен әріп­тестік, шығармашылық қарым-қатынас орнату, қалып­тастыру болды. 1992 жылы қа­зан айында министрліктің баста­машылығымен, ЮНЕСКО-мен бірлесіп, тәуелсіз журналистердің халықаралық үш күндік семинар-конференциясын өткізуіміз де елеулі оқиға болды. Сол кон­ференцияға 80 мемлекеттен 200-ге жуық тәуелсіз журналист, баспагерлер, телевизия қызметкерлері қатынасып, өзара тәжірибе алмасты. Осындай іс-шаралардың барлығында да «Egemen Qazaqstan» газеті көш бастап, сөз бас­тап, халық сөзін көтеріп жүрді», деп еске алды.

 

«Басылымның» әр белесі – елдіктің белесі

Форум жұмысына қатыс­қан «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамының 2000–2016 жылдар­дағы президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрах­манов «Егеменнің» әр белесі елдіктің белесі екенін, өзінің ел газеті алдында қарыз­дар екенін, университетті жаңа бітірген шақта бірден бас басы­лымның Әдебиет және өнер бөліміне қабылдану арқылы қабілет-қарымы ашылып, еңбек жолы сәтті басталғанын жеткізді.

«Алғашқыда осы газетте 12 жыл жұ­мыс істеп, кейін мем­лекеттік қызметке ауыстым. Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы бас басылымға қайта оралып, тұтас 16 жыл өмірім осында өтті. Сол жылдардағы күндер мен түндер үшін, бізге газет басшылығына көрсеткен көмегі үшін «Егеменнің» әр қызметкеріне, әр ардагеріне, бүгінде жұмыс істеп жүрген әрбір қызметке­ріне шын жүректен разылы­ғым­ды білдіремін. Өйткені газет жұмысы – ұжымның күшімен, ұйымшылдықтың арқасында ғана атқарылатын шаруа. Сондықтан біз сол жылдарда ауыз толтырып айтарлық үлкен табысқа жеттік. 2000 жылы 38 мың таралымнан бастап, 2016 жылы 212 мың таралымға жетті. Газет қызмет­керлерінің арасында баспанасыз қалған бірде-бір адам жоқ болатын. Үй алып бере ал­мағандарға жатақхана салып бердік. Бұл да біздің қанағат сезіммен айтатын жағдайымыз», деді ол.

С.Абдрахманов сөзінің соңында газет оқу мемлекеттік мәселе екеніне, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі қажеттігі­не тоқталды. Digital әлемінің қар­қынына қарамастан, дәстүрлі ақпарат құралдарының шетке ысырылуына жол бермеу керектігін, «Egemen Qazaqstan» секілді елдік ұстанымды ту қыл­ған басы­лымдарға мемлекеттік қолдау қажет екенін шегелеп айтты.

 

«Алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?»

Газеттің 1996–1998 жылдардағы бас редакторы Уәлихан Қалижан форум барысында өзі қызмет еткен жылдарда болған елеулі оқиғаларға тоқталды. Оның айтуынша, ең алдымен Ресей тарапынан жүргізіліп жатқан «Қазақта мемлекет болмаған» дейтін идео­логиялық экспансияға тойтарыс беру қолға алыныпты.

«Оған бірде-екілі саясаткер, не қоғам қайраткері мақаласымен тойтарыс беру мүмкін бе? Сон­дықтан Қазақ мемлекетінің тарихын зерделеп, жазу міндетін мойнымызға алдық. Мәмбет Қой­гелді, Талас Омарбеков, Ка­мал Бұрқанов, Берекет Кәрі­баев, Бүркітбай Аяған сынды ұлтжанды тарихшыларды жинап, кеңес өткіздік. Ұлтымыздың тарихын түгендеу жоспары жасалды. Кезең-кезеңмен оларды газетке жариялау кестесі бекі­тілді. Газеттің мардымсыз қаламақысын азырқанбай, олар бір жарым жыл бойы тарихымызды түгендеді. Бет-бет материалдар берілді. Осылайша, біз ұлттық тарихымыз арқылы жас ұрпақ тәрбиелеуге мән бердік. Осы материалдар арқылы жас патриоттар, газет оқырмандары саяси оппоненттерге толыққанды жауап бере алатын мемлекетшіл рухты бойына жинады. «Egemen Qazaqstan» кітапханасы аясында сол мақалаларды жинақтап, кітап етіп жарияласа дұрыс болар еді», деп ой тастады ол.

Журналист үшін қапылыста, стандартты емес жағдайда өзге­ше шешім қабылдай алатын интуиция, яғни түйсік керек екенін айтқан ардагер журналист сол жылдары ұрпақ жал­ғастығын ескеріп, қазақтың атақты жазушысы Шерхан Мұр­тазаны өзіне кеңесшілік қыз­метке шақырғанын, сондай-ақ қазақтың тағы бір қайраткер жазу­шысы, публицист Камал Смайыл мен Шерхан Мұртаза арасында газет бетінде хат жазысу ұйым­дастырылғанын тілге тиек етті.

«Бірде Камекең «ХХІ ғасыр – Қа­зақстан ғасыры» деген үлкен бір бет­тік мақала алып келді. Ол еліміздің қазба байлықтарға бай, жер астында Менделеев кес­те­сіндегі элементтердің бәрі бар екенін айта отырып, бола­шақ­та Қазақстан әлемдегі бай мемлекеттер­дің қатарына қосы­лады деп сараптама жазған екен. Бір ой сап ете түсті. Осы ма­қа­лаға Шерағаң қалай қарай­ды? Оқырманды тарту әрі газеттің таралымын өсіру үшін екі алыптың хаттарын ұйымдастырса қалай болар еді? Шерағаңды шақы­рып, мақаланы қолына бердім. Таңертең «Egemen Qazaqstan»-да Камал Смайылдың мақа­­ласы жарқ етіп шықты. Түс әле­тінде Шерағаң келді. Кәмекең досының мақаласын оқып, жауап жазыпты. Керемет! Мұны мем­­­ле­кетіміздің бас газетінде қа­лай жариялауға болады? Бі­рақ мақала қоғамдық ойды қоз­ға­ған, ха­лықтың көкейінде жүр­ген мә­селелерді көтереді. Рес­пуб­лика бойынша әртүрлі дең­гейдегі толқулар жүріп жат­қан. Басты мәселе Қазақстан бай­лығы қазаққа неге жетпейді? Нартәуекел! Мақала жарияланды. Мазмұндап айтсам, соның ішінде мынандай мәселе айтылды: «Камал дос! Айтқаныңның бәрі рас. Қазақстан – Менделеев кестесіндегі бар байлықтың иесі. Бірақ сол алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?» Қоғамдық пікір дүр ете түсті. Жұрт газетті қолдан-қолға ала оқыды. Қолдары жетпегендер редакцияға келді», деп, басылым беделіне шолу жасады.

 

Қазақ баспасөзінің мұражайы керек

Сенатор, танымал медиа-қай­рат­кер Нұртөре Жүсіп алғаш рет рес­ми тіл «Egemen Qazaqstan» газеті арқы­лы қалыптасқанын атап өтіп, ұлт баспасө­зінің қазіргі жағдайына тоқталды.

«Жалпы ресми тілді, ұғым­дарды, тер­миндерді қалып­тас­тыруда, заңдар қа­был­данбай тұрғанда «Egemen Qazaqstan» көп шаруа атқарды. Барлық құ­рыл­­тайшылық құжаттар, жарғылар «Egemen Qazaqstan»-нан басталды. Содан кейін барып заң тіліне қарай ауысты. Қан­шама сөзді ұлттың ұғымына сай етіп шығарды», деп атап өтті Н.Жүсіп.

Сондай-ақ медиа-қайраткер­дің ай­туын­ша, қазір оқырман үшін күрес жүріп жатыр. «Бұл дегеніміз тіл үшін, тәуел­сіздік үшін күрес, – деді ол. – Біз қазір оқырманды баспасөзге жаздыртудың ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесін бұзып отырмыз. Енді «Балдырғанды» оқитын бала болмайды, «Ұланды» оқитын бала азаяды, жалпы бас­па­­сөзді оқитындар азаяды. Тіл, тәуелсіздік үшін күрес деп отыр­ғанымыз осында. Өйткені ұлт ұялы телефонға телміріп, бүкіл сана, көз майы осында сарылатын болды. Тоғыз жасында бала тілі шықпайтын жағдайға келдік. Сөйлей алмайды, ойын жеткізе алмайды. Телефонға телмірген соң, көзі көрмейтін ұлтқа айналайын деп отырмыз. Олар газет, кітап оқымағаннан кейін кемел адам болудың орнына кембағал адамды тәрбиелейтін жағдайға жетіп отырмыз. Мемлекет ұлтты кітап оқуға ынталандырып, оқитын ұлт жобасын жасап, «Бір ел, бір кітап» жобасы қолға алынды, оның ішінде балалар әдебиетіне көңіл бөлініп, үлкен жұмыс жасалып жатыр, бірақ баланың тәрбиесіне әрбір ата-ана өте сауатты, жауапты болу керек».

Ал сенатор Дархан Қыдырәлі ақпа­раттық сын-қатерлер мен заманауи медиа мәселесін сөз етті.

«Жаңа медиа пайда болысымен әлемде газет редакциялары жабылып, трансформацияға ұшырады. Осы кезде біз газеттің сайтын жеке редакция қылып шығардық, оқырман саны мыңнан 100 мыңға жетті. Ресми газет үшін күнделікті оқырманның 100 мыңға жетуі үлкен көрсеткіш деп айтуға болады. YouTube каналын аштық, спорт тақырыбында бағдарламалар, сұхбат шығардық, жаңалықтар болды. Сонымен қатар «Ертегілер елінде», «Бала­ларға базарлық» сияқты бағдар­ламалар балаларға пайдалы болды. Жалпы, әлеуметтік желімен әлемде ешқандай газет бәсекеге түсе алмай қалды. Не істеу керек? Осы орайда газет журналистік зерттеу, талдау, сараптау, құн­ды­лығын жолғалтпайтын, ескір­мейтін материалдар беруге ден қойды. Сарапшылар клубын құруға тырыстық, экономикалық, әлеуметтік сараптамалық материалдар шығардық, бұл өз нәти­жесін берді. Газетті субсидиялау мәселесі де қолға алынды», деді 2016–2022 жылдары «Egemen Qazaqstan» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Д.Қыдырәлі.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр қазақ баспасөзінің мұражайын ашу қажет екенін айтып, кезінде өзі бас редакторы, басқарма төрағасы қызметтерін атқарған «Егемен­нің» мектебіне тоқталды.

«Егеменнің» мектебі – ең алдымен редакторлар мектебі. Са­пар Байжанов, Балғабек Қыдыр­бекұлы, Шерхан Мұртаза, Сауытбек Абдрахмановтың ре­дак­торлығының өзі – бір мектеп. Мәселен, бізде бір жақсы дәстүр бар еді, үлкен айтулы мерекелер­де арнайы нөмір шығаратын. Оны алдын ала жос­парлайды, ке­ремет, сүйсініп оқитын нөмір болатын. Міне, «Егеменнің» мектебі дегенде осы еске түседі. «Егеменнің» қара шаңырағынан үйренетін қаншама нәрсе бар, осылардың барлығы зерттелуі керек. Редакторлар мектебі, жур­­на­листік шеберлік мектебі, безендіру мектебі бар, осылардың барлығы – бір-бір тақырып», деді Е.Қыдыр.

Мәдени-интеллектуалдық форум аясында «Egemen Qazaqstan» газетінің авторлары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, сазгер Жанғали Жүзбай, танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ән-жырдан шашу шашты.

Серіктестік басшысы Д.Қам­забекұлы газет журналистері өздерінің күнделікті қызметімен қоса, шығармашылықпен де тұрақты айналысатынына, бұған жыл сайын жарық көріп жатқан кітаптары дәлел екеніне тоқталды.

Мәселен, таяуда бірқатар қаламгер­лері­міздің туындылары жарық көргенін айта кеткен жөн. Дихан Қамза­бекұлы­­­ның «Арайна», Ғабит Мүсірептің «То­ғы­­зын­шы территория», Талғат Батырхан­­ның «Бозжай­нақ болмыс», Абай Айма­­ғам­беттің «Білте шамның жарығы», Ба­қыт­бек Қадырдың «Мәжусилер», Ба­тыр­хан Сәрсенханның «Белгісіз жапырақ жайлы» атты кітаптары оқырманға жол тартты.

Форум соңы еркін пікір алмасу форматына ұласып, белгілі қоғам қайрат­керлері, ғалымдар, ардагер журналистер, т.б. сөз алып, өз ойла­рын ортаға салды.

 

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

Гүлнар ЖОЛЖАН

«Egemen Qazaqstan»