• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2015

Достыққа арқау болған алтын көпір

828 рет
көрсетілді

Таңат АЯПОВА –  қазақтың тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ағылшын тілінде сөйлетіп, әлемдік дәрежедегі Аризона (АҚШ), Бристол секілді университеттерде шетелдік студенттерге дәріс оқыған, өзге тіл арқылы өз ұлтын әлемге танытып жүрген ұлағатты ұстаз.  Зердесіне түйген ілімін жастарға үйретуден жалықпайтын мәртебелі мамандық иесі жайлы біз мынадай ой түйдік. Ауыл мектебінен білім алып, арман арқалап Алматыға келген жас талапкер Шетел тілдері педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетіне оқуға түсіп, 1965 жылы үздік дипломмен бітіреді. Сол жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып келеді. Көп жылдық еңбек жолында білікті ұстаздың көңілге түйгені мен көргені көп. Ол – екі мәрте Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Педагогика ғылымдары  академиясының академигі 1965-2012 жылдар аралығында Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, ағылшын тілі факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Көптілді білім беру» институтының директоры. 50 жылдық ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз желтоқсан айында Астанадан «Құрмет» орденін тағып оралды. Бұл, әрине, Таңат Тәңірбердіқызының қызметте білікті басшы, талантты жаңашыл ұстаз және іскер ұйымдастырушы екеніне көпшіліктің берген шынайы бағасы һәм құрмет пен сыйы болса керек. Ол – істің адамы. Жаратылысы қарапайым болғанымен, мінезінде өткірлік бар. Қандай қызметте, қай салада болса да, ең алдымен тәртіп керек деп түсінеді. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін басты қағида етіп ұстанады. Талапшыл. Қажет кезінде жан-жағына шапағатын тигі­зіп жүру де Таңат Тәңірбердіқызының бойы­нан табылады. «Болашақ – білімдінің, білім – тәрбиелінің қолында» деген қағидаға сүйенеді. Уақытпен үндесіп, заман талабына сай білім беру оның негізгі мақсаты екені көпжылдық еңбек тәжірибесінен аңғарылып тұрады. Сол үшін де заманауи технология­ларды ұтымды пайдаланады. Ол – алыс-жақын шетелдермен және Қазақстанның басқа қалаларымен онлайн-лекциялар, конференциялар өткізуді жұмыс кестесіне енгізіп, бүгінгі күннің жетістігін қолда­нып отырған жаңашыл ұстаз. Мамандығы – мақтанышы Адам баласының өз ана тілін қанық білуімен қатар, өзге бір ұлттың тілін жетік меңгеріп, сол ұлт азаматтарымен өзара түсінісе алатыны үлкен біліктіліктің белгісі деуге болады. Рас, бүгінгі өркениетті еліміздің дамуы тұсында көп тіл білу – байлықпен тең. Демек, тіл – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа арқау болатын алтын көпір. Ана тіліне деген құрметі ерекше жаңашыл ұстазға орыс тілі – ғылыммен сусындауына, ағылшын тілі – әлемдік деңгейдегі ғалымдармен ғаламтор арқылы байланысқа шығуына септігін тигізіп келеді. Мұның бәрі тіл білгеннің арқасы екенін жақсы түсінетін Таңат Тәңірбердіқызы: «Мамандығым – мақтанышым» дейді. «Еліміздің шет елдермен қарым-қатынасы күшейіп, экономикалық байланыс орнату жолында да бізге ағылшын тілін білудің мәні зор. Әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарынан көріну үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Сондықтан біз тек Қазақстанда ғана емес, әлем деңгейінде бәсекеге қабілетті мамандар даярлай бі­луіміз қажет», – дейді Таңат Аяпова әңгі­ме арасында. Осы орайда, Елбасы Н.Ә.На­зар­­­баевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын­дағы «Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерін білуге тиіс», деген ұста­нымы жолында маман тәрбиелеуді өзінің парызы санайтынын айта кеткен орынды. Туссон қаласының  құрметті азаматы Кезінде Вашингтон штатындағы Сиэтл университетінде профессор Рахманқұл Бердібаев ағамыз қазақ тілінен дәріс оқыған аудиторияларда Таңат Тәңірбердіқызы өз білімін жетілдірді. Елден жырақ жүріп, әлемдік дәрежедегі университеттерде шетелдік студенттерге Қазақ елі жайлы дәріс оқыды. Оларға қазақ деген ұлы халықтың салты мен дәстүрі жайлы көп мағлұмат берді. Сол жылдардағы еңбегінің жемісі болар, Т.Аяпова – Аризона (АҚШ) университетінің лекторы, құрметті профессоры (1991), Туссон қаласының құрметті азаматы (Туссон қаласындағы мектептерде, колледждерде, басқа да көпшілік орындарда жиырмаға тарта дәріс оқыды) атанды. Бүгінде әбден машықтанып, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын мәртебелі мамандық иесінен «Алғашқы қадамыңыз қалай басталды?» деп сұрағанымызда: «Әлі есімде, АҚШ-тың Бристол университетінде алғаш Айснер деген профессор мені үлкен аудиториямен таныстыруға алып барды. Психологиялық тұрғыда әрине, қатты қобалжыдым. Өйткені, ағылшын тілінде сөйлейтін бакалаврға – студенттерге тіл тарихынан корпоративті дәріс оқу шынымен де біліктілікті талап етті. Алайда, мен өз пәнімді жақсы білетінімді дәлелдей алдым. 60-тан астам ағылшын студентінің алдында ағылшын тілінде дәріс оқыдым. Америкалықтарға қазақ тілінен сабақ бердім», – деді өткен күндерді еске алып. Осы тұста Таңат Тәңірбердіқызының Қазақ елін әлемге таныту мақсатында ағылшын тілінде «Learn the Kazakh Language in 70 Steps Using 200 Sentence Models» (қазақ тілі) атты оқулық жазғанын айта кеткіміз келеді. Вашингтонның Конгрестер кітапханасында тіркеуден өтіп, 1993 жылы жарыққа шыққан бұл еңбек Американың 20 университетінің сарапшыларынан өтіп, нәтижесінде үш деңгейлі оқулық ретінде қабылданғаны ұстаздың жоғары деңгейлі маман екенін көрсетіп берген. Қазақ тілін және мәдениетін осы оқулық арқылы әлемдік деңгейге көтергені Таңат Тәңірбердіқызының үлкен жетістігі десек, қателеспейтініміз анық. Ғылымға қосылған сүбелі үлес Жұмыс кабинетіндегі кітап сөрелерінде тізіліп тұрған оқулықтарға көзің еріксіз түседі. Бұл Таңат Тәңірбердіқызының көп жылғы еңбегінің жемісі. Демек, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Т.Аяпованың ғылымдағы траекториясы кең шеңберлі. Адам баласы құрсақтан бастап ана тілінде сөйлеуге қалыптасатынын, яғни даму жолын психолингвситикалық, физиологиялық және когнитивтік тұрғыда эксперимент дең­гейінде қарап зерттеу нәтижесінде «Сөйлеу әрекеті онтогонезі» атты ғылыми мекте­бі қа­лыптасты. Осы ғылым саласы бойын­ша ғалым 2 PhD, 7 ғылым кандидаты, 50-ден ас­там магистр мен ғылыми жобалар дайындады. 2000 жылы Бристол университетінде әдіскерлік машықтанудан өтіп, жинаған тәжірибесі нәтижесінде қаламынан туған оқулықтар жарыққа шықты. Қазақ мек­тептерінің 5-11 сыныптарына арналған (2007-2013 ж.ж.) «Ағылшын тілі» оқулықтары мен шенеуніктерге арналған 4 деңгейлі ағылшын тілі оқулықтары (Star), English-Kazakn Thematic Dictionary (тақырыптық) сөздік, 2002 жылы ағылшын тілді шетелдіктерге арналған «The Kazakh lаnguage: Beginning and Intermediate» («Қазақ тілі») атты оқулығы бүгінде әлемнің 70 елінде оқу үдерісінде қолданылуда. Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымал ғалым ағылшын тілінде шығатын 250-ден астам оқу құралының, бірнеше монография мен көптеген иннова­циялық ғылыми жобаның авторы. «Балам – балым, немерем – жаным» Отбасы бақыты – әр адамның асыл арманы. Ал шаңырақтың шаттыққа бөленуі көбінесе әйел затына байланысты екені белгілі. Демек, әйел жар да, келін де, ана да және жақсы қызметкер, үздік басшы да бола алады. Таңат Тәңірбердіқызы – үйде сүйікті жар, екі баласына аяулы ана, немерелеріне асыл әже, әріптестері үшін білікті маман. Ол отбасы құндылықтарын жоғары бағалайды. Отағасы Балтабек Қаттабекұлы жиырмадан астам өнертапқыш сертификаттың авторы, энергетика саласында қызмет атқарады. Тіл маманы болуға анасы үлгі болса керек, қыздары Жұлдыз АҚШ-та 12 сыныпты бітірген магистр филолог, ағылшын тілінің білікті маманы, университетте оқытушы және аудармашы болып қызмет атқарады. Жұлдыз Санжар, Әйгерім, Алуа есімді сәбилердің анасы. Жұбайы Талғат – кәсіпкер. Ұлы – Бақыт үш тілді меңгерген халықаралық құқық маманы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында жұмыс істейді. Зайыбы Ардақ – заңгер. Әміраян, Айсұлтан, Іңкәр, Аянат есімді ұл-қыз өсіріп отыр. «Балам – балым, немерем – жаным» дейтін қазақы тәрбиеден нәр алған Таңат Тәңірбердіқызы мен отағасы Балтабек Қаттабекұлы немерелерін ұрпағымның жалғасы деп түсінеді. Сондықтан олар үшін аспандағы айды алып бере алмаса да, қашанда олар үшін уақыт табуға даяр. Иә, адам баласы өмірінде екі нәрседен жаңылмауы керек деген бар. Сол екі қажеттілікті адаспай тауып, отбасында да, жұмысында да сый-құрметке бөленіп жүрген мақала кейіпкері осындай жан. Сәулебек БІРЖАН.