• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:23

Абылай ханнан Ахмет Байтұрсынұлына дейін

21 рет
көрсетілді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде фольклортанушы ғалым Алмасбек Әбсадықтың бестомдық «Хамса» монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шара барысында автор­дың  «Алаш жолы және Ахмет Байтұрсынұлы» атты ғылыми зерт­теулер жинағы, ұлт ұстазы­ның өмірі мен қызметіне қатысты бұрын белгісіз болып келген архивтік құжаттардан тұратын  «Тауқымет» жинағы, сонымен қатар Қазақ хандығы дәуіріне қатысты аңыздарға фольклорлық, тарихи-фило­логия­лық талдау еңбегі, «Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар», «Ал­тын орда дәуірі және қазақ фольклоры» ұжым­дық монографиялары қыс­қа­ша таныстырылды.

«Бес кітап бір жылда жазылу мүмкін емес. Бұл – соңғы 2-3 жылдан бері жиналып қалған кітаптар. Соның бәрі баспадан биыл ғана шығып жатыр. Мұның сыртында, Әдебиет және өнер институтымен, Тарих және этнология инс­титутымен бірлесіп шығар­ған екі ұжымдық моногра­­фия бар. Бес кітаптың ортақ атауын «Хамса» деп қойдық. Ахмет Байтұрсынұлының шығарма­шылығына арналған «Тауқымет» атты кітапқа таза архивтік материалдар еніп отыр», дейді Алмасбек Әбсадық.

Тұсаукесер рәсіміне онлайн режімде Алматы, Астана қалаларынан белгілі әдебиетші, тарихшы ғалымдар да қатысып, университет ұжымына, жинақ авторына жылы лебіз білдірді.   Мысалы, Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов «Хамсаға» енген ұжымдық мо­нографияның мазмұн-сипатын тарқатып, мән-маңызын айтып берді. 

«Қазақ халқы тарихты қа­шанда тұлғалар арқылы қараған. Өйткені қазақтың тарихы мықты тұлғалардың маңайында жасалады деп айта аламыз. Мәселен, Абылай хан, оның баласы Уәли хан туралы біздің институт ұжым­дық монография жазды. Себебі хандарды толық зерттемей, хандардың портретін жасамай қазақтың тарихын жазу өте қиын. Осы еңбектің фольклор жағын алған Алмас Ахметұлы фольклор арқылы, мұрағаттық материалдарды тоғыстырып, қосып, салыстырып, Абылай хан, оның баласы Уәли, Бөкей Барақ ханға қатысты көп еңбек атқарды. Бүгін тұсауы кесілген үш ханға арналған мо­нографияның бір ерекшелігі, бұл еңбекке тек тарихшылар ғана емес, шығыстанушылар, тілші мамандар, Алмасбек сияқты фольклортанушылар атсалысты. Неге үш ханды бірге қарастырдық? Біріншіден, Абылай хан елу жылдай қазақтың солтүстік-шығыс өңірін көрші мемлекеттердің экспансиясынан аман қалдырды. Үш жүздің ханы болды. Ал оның баласы Уәли, өкінішке қарай, көлеңкеде қала берген. Тарихнамада ол әлсіз, әкесіне тартпаған деп сипатталып келді. Ал Мәскеуден, Санкт-Петербургтен табылған мұрағаттар бұдан басқаша сөйлейді. Уәли әкесінен кем болмаған. 1781 жылдан 1821 жылға дейін қырық жылдай қазақтың орта жүзінің ханы болған. Ресей империясы Қазақ хандығын әлсірету үшін 1816 жылы орта жүзге Уәлидің үстінен Бөкей Барақ хан ұлын сайлап жібереді. Бөкейдің тікелей ұрпағы – Әлихан Бөкей­ханұлы. Ұжымдық жинақ осы үш тұлғаны байланыстырады. Алмасбек бауырымыздың қазақтың тарихына қосқан үлесі ерекше таңбаланып қалды деп айта аламыз», деді ғалым.

«Қазақ газеттері» серіктесті­гінің басшысы, академик Дихан Қамзабекұлы автор еңбектеріне лайықты баға бере келіп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет ұжымына ғылыми ізденіс жолында табыс тіледі. 

«Бүгінгі іс-шара ғалымды, оның еңбегін құрметтеу арқылы жалпы Ақаңнан басталған өнегелі жолды жалғастыруларыңыз деп есептейміз. Ал енді көпшілік­ке таныстырылып жатқан ең­бектердің бәрі қаламдас досымыз Алмас мырзаның зерттеу бағытына сәйкес келеді. Өйткені тарихи жырлар, Абылай хан дәуірі – бәрі де сол  Шыңғыс ханнан бастап Жошы ұлысынан бері жалғасып келе жатқан қазақ тарихымен сабақтас. Қазақтың батырлық жырларындағы, тарихи әпсаналарындағы ерлік пен қаһармандыққа байланыс­ты талай рухани көмбелерімізді ашып көрсететін дүние. Сон­дықтан фольклортанушы, әде­биеттанушы әрі тарихшыларға көп ойтамыздық айтқан ғалым ретінде Алмас Әбсадықтың ойы да, тұжырымдамасы да ерекше. Ал енді тәуелсіздік кезеңінде Ақаң туралы көп дүние жазылды. Сіздердің университеттеріңіз атын алып отырған Ақаң – үлкен мұхит тәрізді. Мұхит деуімізге себеп – Ақаңмен барлық саланың ғалымдары, мамандары мақтана алады. Кез келген салаға бас­тау, іргетас ете алады. Тұтастай зерттелді деген Ақаңның өзінде қаншама ақтаңдақ бар. Алмас Әбсадықтың үлкен еңбегі – кейінгі заманда ғалымдар көп бармаған дүниені ашты, жариялады, сонысымен ғылымға олжа салды. Біз Алмас мырзаның Ахмет Байтұрсынұлының оқы­ған, мұғалімдік еткен ортасы­на байланысты нақты дерекке құрылған материалдарының бәрін алаштанушы ретінде асыға күтіп, қуанып оқып отырдық. Сондықтан бүгін ұсынылып отырған Ақаң туралы екі ең­бегінің өзі оның «хамса» (бес) монографиясының негізгі өзегін құрайды. Ақаңның тарих туралы қаншама тамаша ойлары бар. Тарихтан ұлтқа қажет дүниені алу керек. Өйткені тарих деген үлкен қат-қабат дүние ғой, адасатын, адастыратын тұстары бар. Шатасқан, шатастыратын, нәзік жерлері де бар. Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымы – осының бәрінен ұлтқа қажет дүниені алу, оны ұлттың игілігіне жарату. Осы дүниені профессор Алмас Әбсадық өзек етіп алған», деді  академик.

Салтанатты іс-шараның со­ңын­да ғылыми ізденіс жолын­да айтарлықтай табысқа қол жеткіз­ген студенттер марапатталды.

          

Қостанай облысы