• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:25

Ақберен жырдың иесі

41 рет
көрсетілді

Өлең елегезек жанр екені белгілі. Содан соң да сахара даласында самсаған жұлдыздай жарық ақындары да жетерлік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары әдебиетке келген Айбек Сапышев Семей мен Абай еліне газет-журналдарда жария көрген өлең-жырлары арқылы танылды.

2022 жылдың 9 желтоқсанында 69 жасқа қараған шағында бақиға көшкен ақынның артында мол мұра қалды. Соның ішінде «Ақ­­бе­рен», «Тана мырза», «Бір жарық сәуле»,  «Мұз­балақ», «Тұлға», «Жалғыз қара», «Сонар», «Армысың», «Көкпектің гүлі» сынды про­за-поэтикалық, ғылы­ми-танымдық, дерек­ті-публи­цистикалық жиырмаға жуық кітабы елу жылғы елеулі еңбегінің өтеуі болып көзі тірісінде басылды.

Айбек Сапышевтің әр жыл­­дары жұрт­шылық жылы қа­был­даған жыр жинақ­тары мен кейінгі жылдары жария көр­ген шы­ғармалары – ойы асқақ, мазмұ­ны бай, мәні терең туындылар. Адам сезімін аспандатып, қалам ұшына мөлдір мұң ұялатқан өлеңдер өзгеше әсер сыйлайды.

Осындай сипатта өрілген «Келе сап көз тігеміз Толағайға», «Шығыстың құты сенсің – Қалба тауы», «Байбура», «Көкпек», «Тассай», «Толағай тауым» сияқ­ты өлеңдері жоғарыда келтірген сөзіміздің айғағы.

«Қол бұлғап тұр, әне алдымда азат мұң,

Бұл неткен ғажайып, бұл неткен ғажап күн.

Жыр болып тербеліп жақындап келеді,

Жидебай, Ақ кеме, Меккесі қазақтың».

Бұл – ақынның «Романс» деп аталатын жол үстінде туған жыры. Бір жас қыздың хакім Абай өлеңдерін «жанары мөлтілдеп, жү­регі мөлдіреп» оқып тұрған мезетінде хатқа тү­сір­ген. Мұнда да өлең сөздің биігі Абай­ға, сол дала данышпанын тудырып, барша қа­зақ баласына тарту еткен қасиетті мекенге деген сағыныш көңіл ауанында сондай бір ыс­­тық сезімге бөлейді. Айбек Сапышев ақын ре­тінде қазақ әдебиетіндегі Абайдан бастау алған дәстүрге де, кейінгі буын секілді модер­нистік мәнерде де мұң шаға алады. Сөз иесі сомдаған жырларының дені рух қуатына суарылғандықтан өлеңдеріндегі батырлар кескіні де, тарихи тұлғалар келбеті де сенімді сипат алған.

Ол өзі қызмет еткен Абай театрының ре­пер­туарын қалыптастырумен бірге қазақ дра­матургиясының диірменінде драматург ретін­де бітім-болмысын байқатты. Ізденіске толы жұмыс үстінде өмір қатпарлары мен кейіп­кер образдары арқылы жаңа биікке көте­рілген бұл туындылардың ой салатын тұста­ры ұшан-теңіз. Тарихи және поэтикалық дра­малары «Темірқазық», «Қаһарман Қасым», «Қа­ра пима», «Мұзбалақ» сияқты шығар­ма­лар ав­тордың артықшылығын көрсетумен бір­­ге, қа­тардағы актердің бағын ашып, ре­жис­­­сер­дің бағытын айқындаған айтулы дүниелер.

«Махаббат, қызық мол жылдар», «Бәйше­шек іздеген қыз», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз» қатарлы иі қанған инсценировкалары, ерекше ертегілері мен иірімге толы интермедиялары өзінше бір төбе.

Ақын шығармашылық қуаты толысқан шақта ғылымға да бет бұрды. Ресей патшалық үкіметі мен орыс отаршылдарының сұрқия саясатын ашық айыптаған, қазақ халқының бірлігін бекем етіп, ынтымағы мен ырысын арттырған тарихи тұлға Тана мырза Тілемісұлы хақындағы ғылыми-зерттеу еңбе­гін және тарихи-танымдық туындылар жазды. Зерделеген мұрағат материалдары мен архив деректері, аңыз-әпсаналар оқырман ойын байытып, көңіл көкжиегін кеңіткен таңдаулы туындылар болып хатталды.

Оның проза саласында қалдырған әңгіме­лері мен туындыларын білмейтініміз рас. «Сонар» деп аталатын топтамасында осы бір ол­қылықтың орнын толтырған секілді. Бұл жерде жазушы Айбектің жаңа бір қыры ашылып, аңшылық сапарлар туралы баяндайтын жөні бөлек жазбаларды да қызығып оқып шығасыз. Аңкөс адамның әуесқой құмарлығы төңірегінде туған ойлар мен тылсым табиғатпен астасып кеткен оқиғалар, боямасыз суреттер оқырман ойын алға жетелейді.

Бойына жазушылық қасиет дарыған дарын иесі жаңа қырынан «Тұлға» деректі повесть-диалогінде, көлемді шығармасы «Жалғыз қара» роман-диалогінде көрінеді. Мұнда адам өмірінің өсу жолдарын, қиын-қыстау кезеңдерін, қысылтаяң шақтарын бейнелейді. Соны стиль, шұрайлы тіл, шырайлы юмор жазушы зертханасына тән дүние екенін осылай бағамдадық.

Кіндік қаны тамған Толағай тауын жырға қосқан ақынның сыры туындысында, өміршең өлеңдерінде бедерленген. Ақын хакім Абай өлеңін өз өмірінің өзегі болған туындыларына өнеге тұтты.

«Сеніскен досым да жоқ, асығым да,

Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.

Көрмеген көп дүние көл көрінді,

Кірлемеген көңілдің ашығында», – деген Абай өлеңін өзіне серік етті. Абайдай астарлы, ойлы жыр тудырудың қажеттігін «Бізге керек – Абай өлең, Абай жыр» деп ұлағат-ұрандай ұқтырды.

 

Семей