• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:28

Кітапхана ауылды өркениетке жалғайды

31 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында жаңартылған кітапханалар – қауымдастық орталықтары салтанатты түрде ашылды. Жоба аясында Бәйтерек ауданының Переметное және Дариян ауылдарында алғашқы «Jaña klub» орталықтары таныстырылды.

Бұл – еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынған, «Қазақстан хал­қына» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан керемет жоба. Батыс Қазақстан облысында ғана Тәуелсіздік күнінен бас­тап Наурыз мейрамына дейін өңірдің барлық 12 ауданында 25 кітапхана жаңғыртылатын болады.

Кейінгі кезде елімізде әдебиеттің мәртебесі көтеріліп, кітап оқу мәде­ниеті қалыптасып келе жатқан­дай әсер қалдырады. Бұл үрдіс тө­меннен де, жоғарыдан да байқалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бел­гіленуі де жақсы нышан. Атал­ған мереке оқырман мәдениетін дамытуға және жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағыт­талған маңызды қадам екені сөзсіз.

Бәйтерек ауданындағы жаңарған кітапхананың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі На­риман Төреғалиевтің өзі барды. Осы жобаның басы-қасында жүрген «Қа­зақстан халқына» қоғамдық қо­ры­ның төраға орынбасары Ләззат Чин­кисбаева, қордың басқарма мү­шесі София Айсағалиева, «TANA» қоғам­дық қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова, сондай-ақ жергілікті қоғам өкілдері де осы жерден табылды.

Осынау қайырымдылық жоба аясында облыстағы 356 кітапхананың ішінен 25-і жаңартылып, қауымдастық орталығына айналады. Жобаның игілігін облыстың 130 мыңнан астам тұрғыны көрмек.

– Жеке өзім үшін осы жоба өте ерекше, жүзеге асыру жолында 1,5 жыл бойы үлкен команда қызмет етті. Оның ішінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Қуанышқалиқызы мен барша ұжымын, «TANA» қоғамдық қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанованы және оның командасын ерекше атап өтуге болады. Әрине, мұның барлығы «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Бидахметұлының, орынбасарлары Ләззат Алтынбекқызы мен София Серікбайқызының қолдауы болмаса жүзеге аспас еді, дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жобаға кіретін әр орталықтың кітап қоры 68 миллион теңгеден астам қаражатқа сатып алынған 800-ден аса жаңа кітаппен толықтырыла­ды. Олардың ішінде отандық және шетелдік авторлардың үздік туындылары бар.

Осы жоба аясында облыс әкімдігі аталған орталықтарды жөндеуден өткізіп, жалпы ауданы 680 шар­шы метрді құрайтын ғимараттарды жаңарт­­ты. Переметное және Дариян ауыл­дарындағы екі орталықты абат­тан­дыруға 43 345 000 теңге бөлінді.

Қауымдастық орталықтары заманауи музыкалық аспаптармен, үстел ойындарымен, тігін және қолөнер жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Жергілікті тұрғындар бұл жерде заманауи технологиямен қатар, білім беру және мәдени іс-шараларға арналған алаңдарды пайдалана алады.

Қазірдің өзінде бұл орталықтар жергілікті тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Тіпті жаңадан «Жамылған көк желегін жұмақ мекен» өлкетану, «Абайтану» клубтары, әйелдерге арналған «Сырғалым» клубы және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «Күншуақ» клубы ашылған.

 – Мемлекет басшысы жастарды қолдауға және мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта облысымызда бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – кітапханаларды жаңғырту. Біздің өңірдегі кітапханаларды модернизациялау мен оларды қауымдастық орталықтарына айналдыруды «Қа­зақстан халқына» қоры қаржы­лан­дырды. Сонымен қатар «TANA» қоғамдық қоры оқырмандар үшін заманауи технологиялармен жабдық­талған жайлы орта құрды. Мұнда жастарымыз жаңа білім алып, шығар­машылық қабілетін дамытып, жаңа идеяларын жүзеге асыра алады – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.

Өңірде 2025 жылдың соңына дейін 9 мың шаршы метр кітапхана ғимараты қайта жаңғыртылады. 100-ден астам кітапханашы қайта даярлау­дан өтеді. «Қазақстан халқына» қоры кітапханаларды жабдықтауға және кітап қорын жаңартуға 797 миллион теңге бөледі. Переметное және Дариян ауылдарындағы кітапханалар­ды жабдық­тауға бюджет 34 миллион теңгені құрады.

«Бұл жоба ауыл кітапханаларын заманауи қауымдастық орталықтарына айналдыруға, олардың дәстүрлі функцияларын сақтай отырып, мәдени бағдарламаларын байытуға және барлық жастағы тұрғынға арнал­ған тартымды орталықтар құруға бағыттал­ған. Біз үшін бұл жобаға тұрғындардың өздері де «асар» дәстүрі бойынша қатысқаны өте маңызды», дейді Ләззат Чинкисбаева.

«Ауыл кітапханаларын жаңғырту – болашақты көздеген қадам. Біз еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін заманауи технология мен білімге, мәдениетке қол жеткізу үшін заманауи кеңістік жасаймыз. Кітапхана халыққа қажетті қоғамдық орынға айналуы керек. Біз бұл жобаны Қазақстанның басқа аймақтарында да жалғастыруды көздеп отырмыз», дейді «TANA» қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова.

Енді ауыл кітапханашылары жетекші оқу орындарында қосымша оқып, білімін көтереді. Мұндай жаңартылған орталықтар ауыл тұрғындарын тұрақты дамытуға, қоғам­ды ұйыстыруға бағытталған маңызды қадам. Яғни енді ауыл тұрғындары өз мекенінде отырып-ақ заманауи мәдениетке, озық білімге және үздік технологияға қол жеткізе алады деген сөз.

 

Батыс Қазақстан облысы