Қазақстан биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы, Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор сияқты бірқатар беделді халықаралық және өңірлік ұйымдарға төрағалық етті. Бұл ұйымдардың біразының құрылуының басы-қасында Қазақстан тұрса, кейбіреулерінің белсенді бастамашысы болды.
Түркі әлеміне келсек, қазіргі таңда беделді халықаралық бірлестікке айналған Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені баршаға мәлім. Осы орайда 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) ретінде негізі қаланған ұйымның ең бірінші саммиті 2011 жылы Алматыда ұйымдастырылғаны тегін болмаса керек.
2021 жылы атауы өзгерген Түркі мемлекеттері ұйымына (хатшылығы Ыстанбұлда орналасқан) Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше болса, Түрікменстан мен Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Сондай-ақ еліміз – Түркі әлеміне тиесілі өзге де құрылымдардың, атап айтқанда, Мәдениет министрлерінің басын қосатын Түрксой (хатшылығы Анкарада), парламентаралық ынтымақтастықты дамытуымен айналысатын ТүркПА (хатшылығы Бакуда), білім және ғылым саласын қамтитын Түркі академиясы (хатшылығы Астанада) құрылуының негізгі бастамашысы.
Былтыр қарашада Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Мемлекет басшысы «Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», деп мәлімдеді.
Ұйымды нығайтып, әлеуетін арттыру үшін Қазақстан төрағалығы «Түркі әлемі» дамуының алдағы 10 жылдық кезеңін қамтитын басымдықтарын айқындап берді. «Turkтime», яғни «Түркі дәуірі» деген ұранмен өткен саммитте Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сөздің латынша нұсқасының әр әрпінен басталатын төмендегідей сегіз бағытын көрсетті: салт-дәстүр (traditions), біріздендіру (unification), реформалар (reforms), білім (knowledge), сенім (trust), инвестиция (invesments), медиация (mediation) мен энергия (energy).
Биылғы қараша айының басында Бішкекте өткен саммиттің ашылуында (Қазақстан төрағалығы қырғыз тарапына тапсырылды) сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. «Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін», деді Президент.
Тура бір жылға созылған Қазақстан төрағалығының барысында 80-нен аса іс-шара сәтті жүзеге асырылды. Ең маңыздылары ретінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының өткізілгенін, Ортақ түркі әліпбиі үлгісінің келісілгенін, Түркі инвестициялық қорының өз жұмысын бастауын, «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша тиісті рәсімдердің аяқталғанын атап өтуге болады.
Бұған қоса еліміздің бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымының, сондай-ақ жалпытүркілік құрылымдардың (Түрксой, ТүркПА, Түрік академиясы, т.б.) тулары унификацияланды. Еліміз үшін маңыздысы, тулардың түсі Қазақстанның мемлекеттік туының түсіне сәйкестендірілді. Қазақстан тарапының тағы бір қомақты үлесі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымы жанында мүше елдердің тұрақты өкілдерін тағайындау ережесі реттелді. Осы арқылы ТМҰ хатшылығы мен мүше мемлекеттер арасында координация жақсарып, ұйымның халықаралық беделі артатыны сөзсіз.
Аталған іс-шаралардың негізгілеріне тоқталсақ, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары (5th World Nomad Games) Түркі әлемі ғана емес, дүниежүзі ауқымындағы орасан зор саяси мәні бар этноспорттық, мәдени-имиждік іс-шара болғаны даусыз. Төрткүл дүниенің – Американың ковбойларынан бастап, Аустралияның аборигендерін, Скандинавияның викингілері мен Африканың өкілдерін қамтитын 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысқан әлемдік этноспорт додасын шын мәнінде олимпиадалық ойындар іспеттес, яғни «Номадиада» деп атауға тұрарлықтай.
Ортақ әліпби мәселесіне келсек, мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша Түркі академиясының ұйымдастыруымен мүше елдердің тілші ғалымдары арнайы комиссия құрып, Қазақстан төрағалығы аясында бірнеше рет бас қосты. Нәтижесінде, әрбір түркі тілінің ерекшеліктері ескерілген, жалпы 34 әріптен тұратын латын графикасына негізделген ортақ әліпбидің үлгісі келісілді. Бұл ретте айта кететін жайт, көпшілік қауым бұл ақпаратты жақсы қабылдап, енді барлық түркі мемлекеті осы әліпбиді қолдана бастайды деп ойлап жүр. Алайда мамандардың, соның ішінде Түркі академиясы өкілдерінің пайымдауынша, комиссия мүшелері бар болғаны әліпбиге қатысты бір шешімге келіп, келісілген ортақ нұсқаны ТМҰ елдерінің қарастыруына ұсынып отыр. Мұндағы негізгі мақсат – туысқан тілдеріміздің әліпбилерін біріздендіру және жүйелендіру. Өйткені бүгінгі таңда түркітілдес елдер латын графикасының түрлі нұсқаларын қолданып жүргендіктен, бұл жағдай бір-бірімізді түсінуде қиындық туғызып жатқаны белгілі. Ал ұсынылған ортақ әліпби нұсқасын қабылдау – әр елдің өз еркінде.
Қазақстан негізгі бастамашыларының бірі саналатын Түркі инвестициялық қоры – түркі мемлекеттерінің экономикалық ықпалдасуының алғашқы қаржы институты. Жарғылық капиталы 1 млрд долларды құрайтын қордың жұмысында мүше елдерде маңызды салалардағы ортақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржылай қолдау мәселесіне баса назар аударылады.
Еліміздің маңызды бастамаларының бірі – «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру. 2022 жылы ТМҰ Самарқандағы саммитінің шешімімен Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында құрылған бұл арнайы аймақ өз қатысушыларына, бірінші кезекте түркі мемлекеттерінің инвесторларына 2043 жылға дейінгі мерзім аралығында салықтардан босату, кедендік жеңілдіктер және тегін жер телімдерін беру сияқты ерекше құқықтық жағдай жасайды. Аталған маңызды жобаның жүзеге асуы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия елдерінің, бүкіл түркі әлемінің өркендеп дамуына соны серпін берері сөзсіз.
Қорыта келгенде, еліміздің көпвекторлы саясатында бауырлас түркі мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынастарды одан әрі нығайту – басым бағыттардың бірі. Ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда, әлемдік деңгейдегі алпауыт мемлекеттердің өзара текетіресі ушығып тұрған кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орта держава» (Middle Power) туралы тұжырымдамасынан туындайтындай, Қазақстанның салмақты және мәмілегерлікке бейім бейбітсүйгіш саясаты өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Бұл ретте Түркі әлемімен тұрақты байланысты жалғастыру әлемдік өзге күш орталықтарының елімізге ықтимал ықпалына маңызды теңгерімді сақтаудың кепілі болмақ.
Ержан МҰҚАШ,
Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының экс-орынбасары