• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:58

Әлемдік деңгейдегі ғалым

65 рет
көрсетілді

Биыл Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситетіне 90 жыл толды. Осы айтулы оқиғамен елі­міздегі «плазма физикасы» ғылыми мектебінің негізін қалаған біртуар тұлға, ұлы ғалым, ұстаз, отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан ҰҒА академигі, марқұм Фазылхан Бәйімбетұлының 85 жылдығы қатар келді.

Бүгінде Қазақ ұлттық уни­верситеті «QS World University Rankings 2025 (QS WUR)» халық­аралық рейтингіне кіретін әлемдік TOП-200 жоғары оқу орын­дарының қатарына енді. Бұл жетістікке оқу орны бір күнде қол жеткізген жоқ. Оның негізі өткен ғасырдың 60-жылдары қаланды. Осы жылдары университетте ғылыми кадрларды даярлау ісі қарқынды дамып, зерттеулерді ілгерілетуге мән берілді. Іргелі ғылымды жан-жақты оқыту үшін кафедралар ашылып, серпінді даму жолына түсті. Осылайша, Қазақ университетінің болашақтағы биік межелерге жетуіне негіз қаланып, оның ғылым мен білім саласындағы абыройын арттыруға мүмкіндік жасалды.

Университеттің жаратылыстану ғылымы саласындағы соны өзгерістер, әсіресе теориялық пен эксперименттік физика, химия және биология зерттеулерінің дамуымен ерекшеленді. Сол кезеңде осы салалардағы ғалымдар мен инженерлер, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына оралып, ғылымның жаңа бағыттарын дамытуға білек сыбанып, белсене кірісті.

Осы тұста кеңес одағының Ғы­­лым академиясы Сібір бөлім­шесі мен Новосібір университе­­тін құрып, жас ғалымдарды тәр­­­бие­леу мен жаңа ғылыми мек­теп­терді қалыптастыруға айрық­ша көңіл бөлді. Осы университетке шақырылған талантты студенттердің қатарында кейін әлемдік деңгейдегі ғалым атанған отандық зерттеушілер де болды. Солардың ішіндегі орны бөлек тұлғаның бірі – академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Фазылхан Бәйімбетов. Ол қайсарлығымен, еңбекқорлығымен, табиғи талантымен елімізде ғана емес, әлемдік ғылымда танылды. Бұл – біз үшін ерекше мақтаныш. Фазекең Новосібір университетінде аты аңызға айналған ғалымдар М.А.Лаврентьев, С.Л.Соболев, Р.З.Саг­деев, В.Л.Канторович сияқ­ты академиктердің сеніміне ие болып, сол ортада өзін мойындатты. Орыс тілін жедел игеріп, озық білімімен ұстаздарының ілтипатына бөленді. «Ешкімнен кем болмауға тиістімін деген на­мысқа негізделген еңбек­тің және қалай талпынып жүр­генім­ді бағалаған оқытушыла­рым­ның арқасында Новосібір уни­вер­ситетінің тарихында бі­рінші Лениндік стипендиат бол­дым», деп жазған еді Фазе­кең өмірбаяндық еңбегінде. Бәйімбетовтің бұл жетістіктері нағыз феномен ретінде ғылым тарихында өз орнын алды.

Фазылхан Бәйімбетовтің тұлға болып қалыптасуына туған жері – Торғай өңірінің орны бөлек. Ақын Ғафу Қайырбеков: «...Торғайдың өзінен-өзі туралы аңызы өсіп кеткен өлке, даңқы озып кеткен дала» деп бекер айтпаған. Шындығында, Торғайдан шыққан тарихи тұлғаларды тізе бастасаң, санынан жаңыласың. Осындай тарихи жерде туған Фазекең жасынан білімге құштар болып өсті. Оның өмір жолы туған жерінің тектілігі мен жеке талпынысының жемісі ретінде ұлт ғылымының биік шыңын бағындырған дара тұлғалық үлгісін қалыптастырды.

Фазылхан Бәйімбетов – әлем­дік деңгейдегі қазақстандық плаз­ма физикасы мектебінің негі­зін қалаған көрнекті физик-теоре­тик. Оның осы саладағы зерттеу­лері ғылымға елеулі үлес қосып, «Идеалды емес плаз­мадағы матема­тикалық модель­деу» және «Жоға­ры темпера­туралы тығыз плаз­маның псевдо­потенциал­дық тео­риясы» атты монографияларын­да, сон­дай-ақ 500-ден астам ғылыми мақала­ларында баяндалған.

Жоғары оқу орындары маман­дарының номенклатурасына жаңа мамандықтар енгізу туралы КСРО жоғары оқу орындары министрлігі мен КСРО Ғылым академиясының қаулысына сәйкес және сол кездегі ҚазМУ ректоры, академик Ө.А.Жолдасбековтің қолдауымен 1983–1984 оқу жылында физиканы оқыту әдістемесі кафедрасы жанынан плазма физикасы бойын­ша мамандық ашуға рұқсат алған. Осылайша плазма физикасы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау мақсатында ол оптика және плазма физикасы кафедрасын ашып, оны 20 жыл бойы басқарды. Кафедраны факультет деңгейінде алдыңғы қатарға шығарды. Осы кезеңде кафедрадан көптеген ғылым докторы мен кандидаты дайындалып шықты. Ғалым өзі негізгі пәндерден дәріс оқып, білім сапасын жаңа деңгейге көтерді.

Осы орайда академик Т.Қожам­құловтың келесі айтқанын тілге тиек ете кетейік. «Фазекең жас таланттарды жақсы танитын. Әсі­ресе физика плазмасы бойынша зерттеулер жүргізуге басқа кафедраларда оқитын студенттерді тартып, олардың арасындағы ең дарындарды ғылыммен ай­налысуға үгіттеп отыратын. Ол «Плазма физикасына кіріспе», «Идеалды емес плазманың физикасы», «Плазманың электр динамикасы» секілді пәндерді болашақ мамандарға әзірлеп, енгізді. Бұл орасан зор еңбек еді. Шынайы тың игеруші сияқты тынымсыз жұмыс істеді. Осы ерекше қасиеті, Құдайдан берілген жаңашылдығы Фазылханды ғылымда өз жолын ашқан көшбасшы етті».

Бүгінде бұл кафедра уни­вер­ситеттегі ең үздік бөлім­нің бірі. Оның негізінде қалып­тасқан дәстүрлер ұлттық универ­ситетіміздің келешектегі іргелі жетістіктеріне сенімді негіз болары анық.

Фазылхан Бәйімбетовтің ғалым әрі педагог ретінде қалыптасуы оның Новосібір университетінде алған білімінен кейін, 38 жыл табан аудармай еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі қызметінен бастау алады. Осы уақыт ішінде ол доценттік дәрежеден кафедра меңгерушісі, екі мәрте проректор лауазымына (оқу жұмысы жөнін­дегі, ғылыми жұмыс және халық­аралық байланыстар жө­ніндегі) дейінгі қызмет жолынан өтті.

Бүгінде академик Бәйімбе­тов жетекшілік еткен плазма физика бағытындағы ғылыми мек­теп – әлемдік деңгейдегі бе­делді орталықтың бірі. Бұл мек­тептің аясында 20 профессор, ғылым докторы, 100-ден астам ғы­лым кандидаты мен филосо­фия докторы дайындалды. Қазір олар осы саладағы үздік жетістік­тер­ді жалғастырып келеді. Шын мә­нінде, Ф.Бәйімбетовтің жетек­ші­лігімен құрылған ғылыми бағыт отандық ғылымның әлемдік аренадағы орны мен ықпалын айшықтай түсті.

Біртуар академиктің ең ірі же­тістігі деп дүниежүзі мойында­ған плазма физикасы бойынша еліміз­де өзі қалыптастырған ғы­лы­ми мектебін айтар едім. Қа­зір ға­лымның өзі ойлап тапқан теңдеулері мен модельдері АҚШ, Германия, Франция, Жапония және Корея университеттері мен ғылыми орталықтарында жүйелі зерттелу үстінде. «Бәйімбетов теңдеуі» мен «Бәйімбетов потенциалдары» ұғымдары әлемдік ғылыми қауымдастықтың қа­лып­ты терминологиясына айналды. Бұл тұғырлы тұлға еңбе­гі­нің халықаралық деңгейде мойын­далғаны деп білеміз.

Сонымен қатар 2015 жылы академик шәкірттері еліміздің ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты атанды. Бұл – Бәйімбетов мек­тебінің ғылымға қосқан үлкен үлесі. Бүгінгі таңда оның шәкірт­тері академик Т.Рамазанов баста­ған Ю.Архипов, Қ.Жұмағұлова, А.Дәулетов, А.Жүкешов, С.Қода­нова, М.Ғабдуллин, М.Досболаев, М.Мұратов және басқалары отан­дық ғылымның дамуына мол үлес қосып келеді.

Фазекең «физиктер мен лириктер» дәуірінің өкілі ретінде ғылым мен өнерді ғажап үйлестіре білген тұлға еді. Ол өз ойын тек ғылыми еңбегінде ғана емес, қара сөзбен де, өлеңмен де шебер жеткізетін. Бұл қасиеті оның жан-жақты болғанын көрсетеді. Мысалы, өзінің мына бір өлең жолдарында нағыз еңбек адамының ұстанымын былайша суреттеген:

Еңбек – өмір, негізің

Деген ұлы фәлсафа,

Сүтіменен анамның

Сіңді менің қаныма.

Қызу еңбек майданын.

Көріп өстім ылғи да,

Өмір шамын жағатын

Жасампаз еңбек қана.

Шындығында, айрықша жа­ратылған азаматтың ғылым жо­лын­дағы ғибратты ғұмыры өз хал­қына қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісі болды. Бұдан жас ұр­пақтың алатын тәлімі мол.

Фазылхан Бәйімбетов өз шаңырағының мәуелі бәйтерегі еді. Зайыбы Роза Сүлейменқызы екеуі Нұрлан, Айгүл, Баян сынды ұл-қыздарды, Марғұлан, Дана, Теңіз, Алан, Ләйлә секілді немере-жиендерді тәрбиелеп, елеулі зиялы әулет қалыптастырды.

 

Зұлқайыр МАНСҰРОВ,

профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  ақсақалдар кеңесінің төрағасы