• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:20

Экономиканы әртараптандыру – тұрақты даму кепілі

36 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет мұнайдан тыс секторды дамытуға күш салып отырғаны мәлім. Отандық өндірушілерді тұрақты қолдау арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын нығайтып, іскерлік белсенділікті арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп отыр.

Алдын ала бағалау бойынша биылғы 11 айда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсімі 4,4% болды, ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Сала-салаға жіктеп айтсақ, ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 13,4%-ға өскен, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Құрылыс саласында – 10,3%, саудада – 8,2%, көлік қызметтерінде – 8,1%, байланыста – 5,3%, өңдеу өнеркәсібінде  5,3% өсім бар. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға артқан. Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі 3,1%-ға көбейіп, 15,8 трлн теңгеге жетті.

Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда 116,9 млрд долларды құрады. Отандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті (68,5 млрд доллар). Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, 23,3 млрд долларға жетті. Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе отандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты.

ҚХР-ға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, 12,3 млрд дол­ларды құрады. Бұған мемлекет пен биз­нестің бір­лескен белсенді жұ­мысы ықпал етті. Қытай тұты­ну­шы­лары арасында отандық өнімдердің таны­­мал­­дылығын арттыру мақсатында «jd.com», «Doiyin», «Alibaba» электронды плат­фор­­ма­ларындағы ұлт­тық павильон­­дар арқылы тауарларды ілгері­­ле­ту жұ­мы­сы жанданып, стримингтер ұйым­дас­тырылды.

Ирландия, Швейцария және Франция сияқты ЕО елдеріне экспорттық ағындарды өсіру олардың диверсификацияланғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі еліміздің саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды.

Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, 8,4 млрд доллар деңгейінде тіркелді. Ал импорт 3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш 20,1 млрд доллар деңгейінде қалыптасты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады.

Биыл 9 қыркүйекте «Moody's» халық­аралық рейтинг агенттігі несиелік рейтингті «Тұрақты» деген болжаммен «Ваа2»-ден «Ваа1»-ге дейін көтерді. 15 қарашада Fitch еліміздің несиелік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, сонымен қатар болжамды «Тұрақты» деңгейде ұстады. Ал 1 нау­рызда S&P болжамды «Тұрақты» деңгейде сақтап қалып, дербес несиелік рейтингті «BBB-/А-3» деңгейінде растады. Несиелік рейтингтің жоғарылауы экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің халықаралық аренадағы беде­лін жақсартуға ықпал етеді, капитал нарық­та­рынан инвестициялар тартуға және эконо­ми­каға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсері бар.

Үкімет осы жылы кәсіпорындарды одан әрі ірілендіруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Осындай шаралардың бірі – шетелдік әлеуетті өнім берушілердің тауарларды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік компанияларды сатып алуға қатысуына қол жеткізуін шектеу. Мұның нәтижесінде биылғы 9 айдың өзінде мониторинг субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 21,2 трлн теңгені құрады. 11 айда отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттардың сомасы 34,4%-ға өсіп, 372,9 млрд теңге болды. Офтейк-келісім­шарт­тар бо­йынша көлемі 14 есе өсіп, 134 млрд теңгеге жетті. Қатты пайдалы қазбалар мен ОТӨ бойынша жер қойнауын пайдаланушылар арасында жалпы сомасы 111,1 млрд теңгеге 248 ұзақ­­мер­зімді шарт және 27,8 млрд теңгеге 42 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл бағыт­та­ғы көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

Отандық тауар өндірушілерді қол­даудың қабылданған шаралары экономи­кадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді және бүгінде ол 38,2%-ды құрады. 1 желтоқсанда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты. Осы секторда барлығы 4,2 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылды. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі биылғы 2 тоқсанда 19,1%-ға ұлғайып, 34,2 трлн теңге болды.

Елімізде экспорттаушыларды мем­лекеттік қолдау жаңа деңгейге жетті. Бизнеске 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу қамтамасыз етілді. Биыл жалпы 500-ге жуық компания түрлі қолдау шараларын алды, оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, «Alibaba.com» платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да шаралар бар. Олардың 90%-дан астамы азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.

Президент қол қойған Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң аясында биыл тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды. 66 саланың тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жүргізілді. Өңірлік маңызы бар актілер талданып, бизнеске 1 мыңға жуық негізсіз талаптар анықталды. Әкімдіктер оларды алып тастауға әрекеттеніп отыр.

Президенттің бастамасымен «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты екі бағдарламаның құралдарын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау маңызды қадам болды. Мықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру мақсатында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялауға бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады (шамамен 50%).

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға биыл 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар және салалық шектеулерсіз 7% мөлшерлеме бойынша 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредиттер негізінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді.

Бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылы саласындағы негізгі бағыттардың бірі – цифрландыру. Ыңғайлы цифрлық экожүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлердің бір порталда мемлекеттік қызметтерді, қолдау шараларын және мемлекетпен өзге де өзара іс-қимылды алуы үшін «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы әзірленіп жатыр. Бұл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, үдерістердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Биыл елімізде электрондық форматта бар­лығы 99,3% мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қағаз құжат айналымын одан әрі оңтайландыру жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ бизнестің операциялық шығындарын төмендетуге бағытталған есеп-қисапты автоматтандыру жүзеге асырылып отыр. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін барлық есеп-қисаптың 40%-ын оңтайландыру жоспарланған.

Жалпы биыл мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде ел экономикасында тұрақты өсім болды. Несиелік рейтингтің жоғарылауы мен инвестициялардың артуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру арқылы бизнес климатқа және әрі қарай да инвестиция тартуға оң ықпал етіп отыр. Экономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді.