Елорда тұрғындары енді Нұра ауданындағы мұз айдынында конькимен сырғанап, сырғанақ тебеді. Бірер күн бұрын ересектер мен балаларға, жалпы аудан тұрғындарына қолайлы орынның ашылу салтанаты өтті.
Қысқы маусымда отбасылық демалысқа таптырмайтын орын «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені ауданында орналасқан. Жаңа қоғамдық кеңістікте тұрғындар мұз айдыны, сырғанақтан бөлек, басқа да қысқы ойын-сауық түрлерін қызықтай алады.
«BI Group» компаниясы мен Нұра ауданының әкімдігі «Бухарест» саябағын ресми түрде ашты. Бұл – ауданда орналасқан алғашқы қысқы қалашық. Мұнда мұз айдыны, сырғанақтар, көздің жауын алар жеті метрлік шырша бар. Саябақтың өзі жаңажылдық үлгіде безендірілген. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық кеңістікке келіп, демалыс күндерін көңілді өткізуге шақырамыз», дейді «BI Group» өкілі, жоба жетекшісі Бауыржан Салықов.
Ұйымдастырушылар серуендеп келген жұртқа жаңажылдық көңіл күй сыйлауға ерекше көңіл бөлген екен. Қонақтарды ертегі кейіпкерлері – Гринч, Грин Санта, Ақшақар, эльфтер мен қояндар қарсы алды. Балаларға ерекше ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Әртістер би билеп, театрландырылған қойылым қойды.
«Біз Нұра ауданының тұрғындары ретінде мұз айдыны, сырғанақ, мерекелік шыршасы бар жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылғанына қуанып отырмыз. Қысқы ойын-сауық әсіресе балаларымызға ерекше әсер сыйлайды. Қазір жұрт таза ауада серуендегенді жақсы көреді. Осы іске ерекше көңіл бөлген аудан әкімдігіне алғысым шексіз. Енді серуендеу үшін алысқа барудың қажеті жоқ, жаңа қоғамдық кеңістік үйімізден бес минут жерде орналасқан», – дейді Айдана есімді аудан тұрғыны.
Мереке күндері астаналықтар, Нұра ауданының тұрғындары отбасымен, достарымен бос уақытын көңілді өткізе алады. Биыл Астанада осындай 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мұндай қоғамдық кеңістіктер қаланың барлық ауданында ашылады.