• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Үкімет Кеше

Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты құжат жобасы мақұлданды

28 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығы­мен жалпы отырыс өтті. Жиында депутат­тар денсаулық сақтау са­ла­сындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сон­дай-ақ Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң мен оған ілеспе түзетулерді және пошта туралы құжат­ты екінші оқылымда қабыл­дады. Бұған қоса екі құжат­ты ратификациялады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне денсаулық сақ­тау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәсе­лелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы Президенттің «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократияландыру жөніндегі шаралар туралы» Қаулысы негізінде әзірленгенін айтты. Түзетулер артық әкімшілік реттеуді азайтуға мүмкіндік береді.

– Осылайша, мемлекеттік орган­ның шешімдерді қабылдау және қабылдау үдерісін жеделдету, оның ішінде тиісті тәртіпті айқын­дайтын нормативтік құ­қық­тық актілерді әзірлеу кезін­де өкілеттіктерін кеңейту арқы­лы аса маңызды қоғамдық қаты­нас­тарды жедел жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады. Ден­сау­лық сақтау саласындағы артық әкімшілік реттеуді қыс­қар­туға және денсаулық сақ­тау саласындағы рәсімдерді жеңіл­детуге бағытталған нормаларды дебюрократизациялауға жол ашылады, – деді министр.

Мемлекеттік органның арнайы құзыреттері мен өзге де нақтылайтын нормалары бұдан былай заңға тәуелді акті­лер дең­гейінде белгіленеді, мем­лекеттік органдардың заңнамалық нормаларды іске асыру жөніндегі өкілеттіктері жазылады.

Депутаттар түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу жө­ніндегі хаттаманы ратифика­циялады. Келісімге мемлекет басшылары 2022 жылы 11 қара­шада Самарқанд қаласында қол қойған еді. Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Әлібек Бақаев негізгі келісімге 10 өзгеріс енгізу қарастырылғанын, оның бірі ұйымның атауы мен нысанын өзгертуге бағытталғанын атап өтті.

– Хаттаманың баптарында негізгі келісімнің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы Нахчыван келісімі» деп өзгерту, «Түркі мем­лекет­тері ұйымы» деп аталатын толық­қанды халықаралық ұйым құру көзделген. Сондай-ақ түркі интеграциясы шеңберіндегі ұйым­дарды екі санатқа бөлу қарас­тыры­лады: сабақтас органдар ретін­де ТҮРКСОЙ мен ТүркПА айқындалып, үлестес ұйымдар ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры көрсетілді, – деді Ә.Бақаев.

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасы үшін бауырлас халықтармен өзара тиімді қарым-қатынастың және еліміздің түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымын нығайтудың берік негізі болатынына назар аударды.

Бұдан соң депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хаттамада Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен кедендік баждар бойынша есеп айырысуды екі жыл мерзіміне Ресей рублімен аудару жөніндегі өзгерістер енгізілгеніне тоқталды. Депутат Мархабат Жайымбетов өз баяндамасында уақытша механизм енгізудің себебі Ресей мен Беларусьпен АҚШ долларымен есеп айырысудан бас тарту екенін атап өтті. Уақытша өзгерістер енгізу ЕАЭО елдерінің бюджеттеріне кеден баждарын үздіксіз аударуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы отырыста «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Заң Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген.

– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің негізгі мақсат­тары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады, Түркістан қала­сының аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қамтамасыз етіледі; орталық мем­­лекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілік­ті өкілді және атқарушы орган­дарының өкілеттіктерін қайта­дан қарастырып, жаңа құзырет беріледі, – деді жұмыс тобының жетекшісі Темір Қырықбаев.

Ілеспе түзетулерде сәулет, құрылыс және қала құрылысы қыз­метін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағыт­талған 1 Кодекс пен 5 заңға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіледі.

Мәжіліс «Пошта туралы» заңға пошта байланысы нары­ғын дамытуға бағытталған пар­ламент­тік түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Депутат Екатерина Смышляева цифрлық технология­лар арқылы тиісті пин-код немесе куар-код болған кезде үшінші тұл­ғаларға поштаны қабылдап алу мүмкіндігі берілетінін айтты. Со­нымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді.

– Жобада сәлемдемелерді қабыл­дау үшін поштаматтарды ор­­наластыру және пайдалану тәр­тібі көзделеді. Пошта инфра­құ­рылымын сақтау бойынша нор­мал­ар қабылданды. Пошта филиал­­­дары жабылған кезде опера­тор бұл туралы жергілікті атқару­шы органдарға жабылғанға дейін 3 ай бұрын хабарлауға тиіс. Ұлттық пошта операторы дәрі-дәр­­мектер мен медициналық бұйым­­дарды, жеткізумен және сақтау­­мен айналыса алады, – деді жұ­мыс тобының жетекшісі Е.Смышляева.

Сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға арналған «әлеуметтік әмиянға» құқықтық мәртебе беріледі. Жиында Мәжіліс аңшы­лық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдады.

Әрі қарай депутаттар мемле­кет­тік органдарға өзекті әлеумет­тік-экономикалық мәселелер бо­йынша 13 депутаттық сауал жолдады.