• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

«Ауыл» партиясы ауылмен ғана шектелмейді

331 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін 2024 жыл тарих қойнауына кетіп, адамзат жаңа 2025 жылдың жылнамасының алғашқы беттерін ашады. Әлем жұрты қазір күнтізбенің соңғы беттерін парақтап, биылға есеп беріп, келер жылға жос­пар жасап жатыр. «Балапанды күзде санайды» дегендей, жетістіктерін кемелдендіру, кемшіліктерін жетілдіру мақсатында өткенін електен өткізіп үлгерді. Біз де – солардың қатарындамыз.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматыда партиямыздың қорытынды жиы­нын өткіздік. Елдегі беделді әрі ықпалды қоғамдық-саяси күш ретін­де барымызды бағамдадық, жоғы­мыз­ға қол жеткізуді жоспарладық.

Аталған жиынға біз үлкен да­йын­дықпен келдік. Оған дейін бар­лық дең­гей­дегі мәслихаттар депу­таттарының II рес­публикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйе­сіндегі негізгі институт. Оның тиім­ділігі депутаттардың кәсібилігіне тіке­лей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтау­ға, ең алдымен, оларды ұсынған пар­тиялар мүдделі болуы керек», деген сөзін басшылыққа ала отырып, аймақтарда, атап айтқанда, Оралда – еліміздің батыс, Таразда – оңтүстік, Петропавлда – солтүстік, Павлодарда – шығыс пен орталық өңірлердегі партия филиалдарының топтастырылған семинарларын ұйымдастырдық.

Жоғарыда айтқан мәслихаттар де­путат­тарының форумынан кейін бірден Президент жанындағы Мем­лекеттік бас­қару академиясымен бір­лесіп, елдегі сая­си партиялардың арасынан алғаш болып «Ауылдық аумақтарды басқару» дискуссия­лық алаңын ашты. Баяндамашылар ретінде алдын-ала бекітілген тақы­рыптар негізінде өз саласының танымал мамандары тартылды.

Жалпы, «Ауыл» партиясы жо­ғарыда айтылған «елдегі бедел­ді және ықпалды қоғамдық-саяси күшке» бір жылдың бедерінде айналған жоқ. Партиямыз елдегі қоғамдық-саяси бедел мен ықпалға соңғы саяси реформалар мен барлық партия активінің зор ұйымдастырушылық-идеологиялық жұмысының арқасында соңғы жылдары ғана қол жеткізді.

Соңғы сайлауларда партиямызға сайлау­шылар үлкен сенім артты. Біз Мәжілістен – 8, мәслихаттардан 228 мандат иемденіп, депутат саны бойынша республикада екінші орынға шықтық. «Ауыл» партиясы атынан өңірлік мәслихаттарға 27 әйел сайланды.

Аудандар мен облыстық маңы­зы бар қалалар әкімдерін сайлауда да партия мүшелері еліміздің үш ауылдық ауданы – Абай облысы Абай ауданының, Ақмола облысы Ақкөл ауданының, Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі болып сайланды. Бұған қоса 39 ауыл әкімі – біздің партияның мүшесі.

2024 жылғы 8 жел­­тоқсанында елімізде өткен мәс­ли­хат­тардың шығып қалған депу­тат­­тарының орнына сайлауда партия­мыздың 7 мүшесі депутат мандатын иеленді.

Елімізді әбігерге салған көктемгі су тасқыны сынды сын сағатта хал­қымызға үндеу жасаған Мемлекет бас­шысын «Ауыл» партиясы өкілдері де бірауыздан қолдады. Мыңдаған партияластарымыз апат басталған күннен төтенше жағдайдың бел ортасында жүрді. «Ауылдықтар» су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету бойынша штаб құрып, белсенділер тасқын судан зардап шеккен 211 ауылдық округ пен 5 қала орталығында апаттың алдын алу жұмысына жұмылдырылды. Ақтөбе, БҚО, Атырау, Қостанай, Ақмола облысының табиғи апат құрсауында қалған елді мекендеріне қажетті тонналаған гуманитарлық көмек жолдады.

Депутаттар тілсіз жау залал кел­тірген ауылдардың тұрғындарымен, шаруа қожалықтары иелерімен кездесіп, оларға жергілікті филиалдар деңгейінде көмек ұйымдастыру үшін қарғын су құрсауында қалған облыстарға арнайы сапарға шық­ты. Өңірлік филиалдардың 900-ден аса белсенді мүшесі мен Жастар қанатының 1 500 белсендісі апат­тың алдын алуға арналған іс-шара­лар­ға қатысты. Негізгі волонтерлік топтар, сонымен қатар партия қатарындағы кәсіпкерлер мен фер­мерлер бөлген 76 ауыр техника Атырау, БҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола облысы аймақтарындағы ауылдарда табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына жұ­мылдырылды.

Партияның Жастар қа­наты Атырау облысында Жамбыл облыстық филиа­лы жөнелткен 30 тонна гу­манитарлық көмекті мұқ­таж жандарға таратып, Құр­манғазы ауданында зар­дап шеккендерге арнап 14 қанатты киіз үй тікті. Жал­пы, «Ауыл» партия­сы» топан судан зардап шеккен өңірлерге барлығы 168 млн теңге сомасындағы 213 тоннадан аса гуманитарлық көмек жіберді.

Тасқынның  беті қайтқан соң одан келген зардаптарды ел болып еңсеруге кірістік. Біз зардап шеккен азаматтарымыздың үй-жайларын қалпына келтіру үшін өткен тарихымызда өз тиімділігін дәлелдеген «жастардың құрылыс жасақтарын» құру бастамасын жаңғырттық. СҚО-да 80 және БҚО-да 50 студенттен жасақталған «Ауыл жастарының құрылыс жасағын» құрдық. Олар жаз бойы еңбек етті, табыс тапты.

«Ауыл» партиясы аймақтарда көр­се­тіл­ген жәрдемнен бөлек қа­йырым­дылық қорын құрды. Оған түскен қаражатқа Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қоста­най облысындағы тасқыннан зардап шеккен азаматтарымызға көмек көр­се­тілді. Теріскей облыстарда­ғы шағын шаруашылығы бар 135 отбасына жалпы сомасы 11 млн-нан аса теңгеге 2 700 бас қаз балапаны мен 81 тонна олардың жемі, Батыс Қазақстан облысындағы отбасыларға 20 мың бас тауық балапаны таратылып берілді.

Бұған қоса партия өз сайлауалды бағдарламасында берген уәдесі бойынша «Ауладан дастарқанға», «Қаз хабы» арнайы жобасын әзірледі. Жоба аясында жиналған 3,4 млн теңгеге 800 бас қаз балапаны мен 600 бас бройлер тауық балапаны және 3 425 кило олардың жемі, ветеринарлық дәрі-дәрмектері сатып алынып, Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы 10 жеке қосалқы шаруашылықтарға таратылды. Нәтижесінде, 1 тонна 400 кг тауық еті мен 3 тонна 200 кг қаз еті өндіріліп, 10 ауыл тұрғыны 5 айда несие алмай-ақ 1 миллион теңгеден астам табыс тапты.

Партия назарынан жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмыс ешқашан тыс қалған емес. Біздің мамандар «Тәуелсіздік ұр­пақтары» гранттық бағдарлама­сы бойынша 29 млн теңгелік 12 жоба­­ға консультациялық сүйемелдеу көр­сетсе, «Zhas project» және жергілік­ті бастамалар бойынша 6 миллион тең­гелік 6 жобаның мақұлдануына сеп болды.

Жастар қанаты биыл су тасқыны бас­тал­ған кезде республикадағы жас­тар ұйым­дары арасынан ең бірін­ші ­болып зардап шеккен отан­дас­тарымызға көмек көрсеткен волон­терлік топтарға айналды. «Ауыл» партия­сы ұлттың рухани, мәдени саласының да қайта түлеуіне жан жақты үлес қосып жүр. Бұл мәселеде де «Ауыл» партиясы Жастар қанаты­ның ұйымдастыруымен халықара­лық кітап күніне орайластырылған «Кітапқа екінші өмір сыйла!» акциясы барысында еліміздің 29 ауданына қарасты 59 ауылдық елді мекен­де орналасқан кітапханаларға 21 мың­ға жуық кітапты салтанатты түрде тарту етті.

Партия бұдан бөлек, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен қа­былданған «Нау­рызнама» тұжы­рым­дамасы аясында екі ма­ңызды іс-шара үйымдастырды. Оның бірін­­шісі – туған өлкенің әсем көркі мен кел­бетін, ауылдың тұрмысы мен тіршілігін, тылсым табиғаттың көз тоймас сұлулығын көрсететін «Ауыл нақыштары» байқау-фотокөрмесі. Екіншісі – ұлтымыздың бата беру дәстүрін жас ұрпаққа дарыту мақ­сатында ұйымдастырылған «Бата­мен ер кө­герер!» республикалық батагөйлер сайысы.

Биыл С.Сейфуллин атын­дағы ҚазАТЗУ-мен бірлесіп ауыл шаруашылығы қызмет­кер­лері күні қарсаңында еліміздің 11 ЖОО студенттері арасында аймақтық «Ауыл ойын­дары-2024» турнирін өткіздік. Жарысқа Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды облы­сын­дағы жоғары оқу орындарының сту­денттік командалары қатысты. Турнирде студент жастар асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, дәстүрлі садақ тарту, тоғызқұмалақ және қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен күш сынасты.

Партиямыздың Мәжілістегі де­путаттық фракциясы бүгінде ха­лық­тың жайлы тұрмысы үшін қажет басқа да құжаттарды қабылдауға атсалысумен қатар, жоғарыда аталған екі заң жобасына бастамашылық жасап, әзірледі. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, шаруалардың қаржылық проблемаларын бір орталықта шешетін «Агробанк» құруды ұсынды. Бастаманы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының 60%-дан астамы қолдады.

«Ауыл» партиясы назарынан қо­ғамның әлжуаз топтарының мәсе­лесі де тыс қалған емес. «Мүге­дек­тігі бар адамдардың құқықта­рын қорғау жөніндегі» комиссия­ның филиалдардағы өкілдері депутат Таң­сәуле Серіковпен байланыса отырып, инклюзивтік қоғамның бір­неше мәселесін Мәжіліс мінберінен жет­­кізу мүмкіндігін алды. Кейбір мәселе­­лер нақты шешімін тапты.

«Ауыл» партиясының қыз­мет­керлері Мажарстан елшілігі арқылы сол елдегі су құстарын өсіруге, олардан алынатын өнімдерді терең өңдеуге маманданған бизнес өкілдерімен қаз, тауық өсіру бойынша нәти­же­лі кездесулер өткізді. Бұдан бөлек, Еуроодаққа мүше бірнеше ел мен Орталық Азия және Кавказ елдерінің елшілері арқылы сол мемлекеттердің парламенттік партия­ларымен, халықаралық және жергілікті қоғамдық ұйымдармен ынты­мақтастық, әріптестік туралы келісімдерге қол қойылды.

Келер жылы «Ауыл» партиясы­ның құрылғанына 25 жыл толады. Мерей­тойы­мызға орай біз бірне­ше партиямен серіктестік туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Қазір Беларусьтің Республикалық еңбек және әді­лет ­партиясымен, Қырғыз Рес­пуб­лика­сының «Ишеним» пар­тиясы­мен байланыс орнатылып, екі­жақты ынтымақтастыққа негіз жа­салды. Әзербайжанның Аза­мат­­тық ынтымақтастық партиясымен, Мажар­станның христиан-демо­кратиялық халық партиясымен ынтымақтастық орнату мақ­сатында іс-шаралар жоспарланып отыр.

Партиямыз биыл заман талабына сай толық жаңғырудан өтіп, ребрендинг жасалды. Бұл – партияның имиджін және оның саяси аренадағы ұстанымын нығайтудағы маңызды қадам болды. Біз партияның бұл атқар­ған істері теңізге тамған тамшыдай ғана екенін білеміз. Десек те, тамшының теңізге айна­латынына сенеміз. Біз сол сенім­­­­­­ге лайық болып, бұқара үмітін ақтауға тиіс­­­піз. Қажетті заңдар қабылданды, ары қарай оны жүзеге асыруды көп болып қолға алу керек.

 

Серік ЕГІЗБАЕВ,

«Ауыл» партиясының төрағасы,

Мәжілістің Аграралық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы