Ал енді осы зарға зейін қойып жатқан құлақ, көңіл қойып жатқан көкірек барына біз тағы күмәнданамыз-ау. Мархабат көкемнің жанайқайы, әрине, көп-көп сөз ұғар саналыларға жетіп те жатыр. Бірақ әлдеқашан басталып кеткен кітапқа, көркем әдебиетке деген селқос-самарқаулықты, ықылассыздықты, оны айтасыз-ау, тіптен, өшпенділік пен жаулық ниетті, содан туындап жатқан жойқын жаугершілікті, рухсыз тобырдың жорығын тоқтатуға аз ғана абыздардың, ат төбеліндей ғана кеудесінде сәулесі барлардың шамасы келер ме?! Тасқа басылған қалам сөзіне енжарлар мен рухсыздар өздерін күндердің күнінде, қияметтің қылкөпірінде Кітап Киесі ұрады-ау деп те қорықпайтынын қайтерсіз?
Осы арада атам қазақтың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген тәмсілі еске түседі. Себебі, кітапты жақсы көрмейтіндерді, кітап нығметіне бөленбегендерді Жаратушы иеміз де жақсы көреді деп айта алмасақ керек. Жер бетін жайпап тұмшалаған зұлмат қараңғылықты, нәмарт надандықты сейілтіп, адам затының көкірегін жарықпен нұрландыру үшін бір Алла әуелі көктен уаһи етіп кітап түсірді емес пе?! Иә, кітап әзелден Аллаға тән. Біз осыны неге ұмытамыз? «Дәуіт пенен қаламды айт, Сөз иесі кәләмді айт» деп жырау бабаларымыз жырға қосқан Құран шәріп үмбетіміздің алғашқы кітабы екендігін жадымыздан еш шығармағанымыз абзал-ау! Сол қасиетті кітапты Жебірейіл періште «Оқы!» бұйырмап па еді? Осыдан да болар-ау, жалпы кітапқа деген қазақ халқының құрметі бағзыдан-ақ биік болып, ежелгі замандардан қалыптасқаны анық. Біздің қазақ көңілге қонымды бір жақсы сөз естісе де «кітап сөзі» деп ілтипаттап тұратыны соның айғағы ғой.
Мәйекті сөзді төгілтіп жүрген миятты Мархабат ағам-ау, әріге бармай-ақ қоялық, осы сіз бен біздің толқын кітаппен өстік, есімізді білгеннен көзімізді кітаппен аштық емес пе? Шіркін, кітапты отырып та, тұрып та, жатып та, жастанып та оқушы едік қой. «Қобыланды батырдағы» Тайбурылдың шабысын жатқа айтушы едік. «Алпамыс батырдағы» Ұлтанқұл мен Бадамша сақау болып айтысушы едік. Ертөстік пен Керқұла атты Кендебайлар түсімізге кіріп, түн баласы төккен көзіміздің ыстық жасымен жастықты булап шығушы едік. Сіздің жиеніңіз суға ағызған Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Сайын Мұратбековтің, Шерхан Мұртазаның, Мұхтар Мағауиннің және басқа көп-көп жазушы ағатайларымыздың кітаптарын оқып таныдық қой мынау дүрия дүнияны. «Сен қанша кітап оқыдың? Мен 100 кітап оқыдым» деп бәсекелесуші едік мектепте жүргеннің өзінде. Біреуден бір жақсы кітап шығыпты деп естісек, соны тауып алғанша байыз таппаушы едік. Енді келіп кітапты суға ағызды деген не сұмдық? Ойпырмай, осындай күнә арқалаған кісәпірлігіміз үшін жаны жәннаттан болғыр жарықтық Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Шыңырауына» құлап, жер астындағы дариямен белгісіз дүниеге өзіміз ағып кетсек те, рауа шығар. Не болмаса жан біткенге зиянсыз, тышқан мұрнын қанатпас зифа пейілді Төлен Әбдікұлы ағамыздың «Оң қолы» бұлай керкеткенді кеңірдектен қысып қылқындырса да обал жоқ-ау!
Десек те, кітап жұрттың бәріне бірдей қадірсіз емес. «Он мың кітабым бар» дейтін ондаған білімді інілеріңіз бар мен білетін, Марқа-аға. Олар сіздің жиеніңіз сияқты, кітаптарын суға ағызып жатқан жоқ, туған ауылдарындағы, оқыған мектептеріндегі кітапханаларға беріп жатыр. Үйлеріндегі сөрелерінде көз жауын алып тұрғандарының өзі бір көп-көрім дүние. Қадағам, Қадыр Мырза Әлінің кітапханасы түп көтеріліп Оралдағы өз атындағы Орталыққа көшіп барғанын білесіз. Мырзатай Жолдасбековтен бастап кітапжанды зиялыларымыздың көп кітаптары бірнеше мыңдаған данамен сыйға тарту акциясы аясында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханадан орын тепкеніне де қуаныштымыз. Осы баға жеткісіз құндылықтардың суға ақпағанына, сол тұма бұлақтай тұнық сырлы кітаптардың тымырсық тұйықта қалып қоймай ел игілігіне, еркіндікке шығарылғанына, Құдайға шүкір, кітап қадіріне жеткен азаматтарымыздың бар екендігіне мың тәубе.
Марқа аға, Балбұлақ басындағы қорадан кітаптарын суға ағызып, күнә арқалап, өзін қылмысты сезінген Қойшыман жиеніңізге дұғай сәлем. Бауырымыз кітаппен, киелі кітаптың таңғажайып әлемімен тым ертерек қоштасып қойған сыңайлы. Әлі де болса ойлансын. Салауат, сабырға бекінсін. Қойшымандар сөйтті екен деп Қазақ елі кітаппен ешқашан қоштаспайды. Кітаптың киесіне қылау түсірмейді дегейсіз. Мұны бізден артық өзіңіз білесіз, Марқа-аға!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»