• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2024

«Оскар» сыйлығына дауыс береді

28 рет
көрсетілді

«Оператор режиссер таңдамайды. Керісінше, режиссердің өзін таңдауын күтеді». Операторлық өнердің қағидасына айналған бұл тұжырым таспагер, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркінбек Пітірәлиевтің кино әлеміндегі жұлдызын жаққан жарқын мезеттеріне жол салды десек, титтей де артық айтқандығымыз емес.

Себебі ол режиссер Әділхан Ер­жановпен тандемде түсірген «Қожа­йындар» фильміндегі алғашқы опера­торлық жұмысымен әлемнің ең ірі кинофестивальдерінің бірі – «Каннға» жолдама алды. Кино кеңістігіндегі аса беделді марапат «Азияның Оскары» аталымындағы жүлдеге ие болды. Кино әлеміндегі одан кейінгі ірілі-ұсақты жеңістеріне тіпті сан жетпейді. Енді, міне, биыл ол түсірген «Дала қасқыры» фильмі «Fantasia Film Festival» атты кинофестивальде жоғары бағаланып, Америка кино өнері және ғылым академиясына мүшелікке қабылданды. Аталған академияның мүшесі болған Еркінбек Пітірәлиев енді ұйым жыл сайын табыстайтын «Оскар» сыйлығының лауреаттарына дауыс бере алады. Бұл туралы таспагердің өзі де әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, көрерменінен сүйінші сұрады.

«Бұл – мен үшін үлкен құрмет және кино әлеміне қосқан үлесімді мойындау. Киноиндустрияның ең үздік өкілдерін біріктіретін осындай беделді ұйымның бір бөлігі болудың керемет мүмкіндігі туғанына ризамын. Кино өнерінің болашағын қалыптастыратын маңызды шешімдер мен дауыс беруге қатысуды асыға күтемін. Осы жолда маған қолдау көрсетіп, сенгендердің барлығына рахмет», деп жазды кинооператор желідегі парақшасында.

Иә, отандық киноопера­тор­дың ізденіске толы жұмысын кино мамандары «Жарық пен көлеңкені ұтымды ойната алуымен ерекшеленеді» деп жоғары бағалайды. Ал жарықты көре білу, түсті сезіну – суретші, оператор мамандар үшін үлкен қасиет. Көптің бәріне бұйыра бермейтін бірегей қабілетті бо­йына дарытқан таспагер әр жұмысымен жаңа белеске шығып, ізденісімен ұлттық кинематографияда іргелі із қалдырып келеді. Әйгілі «Оскар» сыйлығына үміт­керлер үздігін таң­дауға атсалысу құқығына ие болуы­ның өзі – қазақ операторының шын мәнінде мықтылығын мойындатса керек.