Отандық киноөндірісте арт хаус, яғни нағыз өнер бағытында өнімді еңбек етіп жүрген режиссердің бірі – Әділхан Ержанов. Ол түсірген «Қожайындар», «Қап-қара адам», «Сары мысық», «Дауыл», «Ұлболсын» сынды авторлық фильмдер әлемнің талғампаз көрермені мен кино мамандарының жүрегін жаулап үлгерді. Ержановтың жаһандық кино кеңістігінде жұлдызын жаққан тағы бір үздік туынды – «Дала қасқыры» драмасы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық кино орталығының» қолдауымен түсірілген туынды жыл ортасында Канададағы «Fantasia Film Festival» фестивалінде топ жарды. Ал фильм актерлері Берік Айтжанов пен Анна Старченко «Үздік актер» аталымында бірауыздан халықаралық сыншылардың қолдауына ие болса, кинокартина операторы Еркінбек Пітірәлиев «Оскар» академиясының мүшесі атанды. Сонымен қатар айтулы фильм «Reims Polar 2024» кинофестивалінде француз сыншылары қауымдастығының арнайы сыйлығымен марапатталды.
«Дала қасқыры» – триллер мен драма жанрын өн бойына шебер үйлестіре білген шытырман оқиғалы фильм. Көркем туындыда жоғалған ұлын іздеген Тамара есімді әйелдің оқиғасы баяндалады. Ол көмекке жүгіну үшін детектив жалдайды және бұл шешімі күтпеген салдарға әкеледі. Сценарийі алты жыл жазылған картинаның түсірілім жұмысы 2021 жылы басталып, Алматы және Жетісу облыстарының аумағында өткен. Оған 100-ден астам маман жұмылған. Фильмдегі қауіпті трюктерді еліміздің каскадерлерімен қатар, Белоруссиядан арнайы шақырылған мамандар кәсіби жоғары деңгейде орындап шықты.
Фильм мен жалпы туындының түсірілу жұмысы туралы Әділхан Ержанов: «Дала қасқыры» – авторлық фильм. Баласын жанұшыра іздеген ананың ешнәрседен тайсалмай, кедергілерге қарамай, тіпті қауіппен бетпе-бет келсе де, артқа шегінбей, керісінше, алға ұмтылатынын баяндайды. Фильмнің басқа сюжеттік желісі жоқ, ол орын алған оқиғаның айналасын ғана айшықтап, көрерменге тап-тұйнақтай етіп жеткізеді», дейді режиссер түсірілім жұмысының қыр-сырын баяндап. Ал фильм продюсері Әлия Меңдіғожина атап өткендей, «Дала қасқыры» – күшті әйел туралы фильм. Оның сөзінше, кейіпкер бір қарағанда әлсіз көрінеді, бірақ іс жүзінде оның мінезі мен рухы мықты. «Фильм әлемдік аудиторияның назарын бірден аударды. Халықаралық фестивальде жүлделі орындарға ие болып, өзін мойындатты», дейді продюсер.
Бұл «Дала қасқырының» бірінші жетістігі емес. Сондай-ақ ол Бельгияда өткен халықаралық кинофестивальде де бас жүлдемен қанжыға майлады. Ұйымдастырушылар қазақ режиссерінің қайталанбас қолтаңбасы мен талантына таң қалып, оның жаңа туындысын 2024 жылғы «Big Screen Competition» байқауының негізгі бағдарламасына да ойланбастан енгізді.