ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин жаңадан тағайындалған Қытай Халық Республикасының Елшісі Хань Чуньлиннен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz
Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының барлық өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.
Сұхбаттастар 2025 жылы жоспарланған аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін қарастырды. Бұған қоса көпжақты құрылымдар шеңберіндегі елдердің өзара іс-қимылына бөлек назар аударылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қытай ықпалдасудың өзекті мәселелері бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында тұрақты байланыстарды сақтауға уағдаласты.