Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылы 3 қаңтарда «Ana tili» газетіне берген: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты кең көлемді сұхбатында өткен жылды қортындылай отырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп бергеніне куә болдық.
Президент өз сұхбатында өткен жыл еліміз үшін аса күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформалар қолға алынғанын, алдағы бесжылдық дамуымыздың берік негізі қаланғанын, көптеген маңызды жоба мен бастама жүзеге асырылғанын талдап атап өтті. Ел дамуындағы ішкі және сыртқы саясаттан бастап, билік құрылымдарын реформалау, әлеуметтік-экономикалық, руханият, ғылым-білімге қатысты мәселелердің барлығы жан-жақты қамтылған.
Мемлекет басшысы 2024 жылы Қазақстан үшін өндірісте, ауыл шаруашылығында, тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жұмыс жүзеге асырылғанын мазмұнды, бай деректермен дәйектейді.
«Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады. 27 миллион тоннаға жуық астық жиналып, кейінгі он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн», дей отырып, Мемлекет басшысы келешекте бұдан да ауқымды жұмыс белгіленгенін атап көрсетті.
Еліміздің даму көрсеткіштерін халық көріп, сезініп отыр. Мысалы, былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қаржылай төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Шетелдік оннан астам беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Соның бірі – екі елдің президенттерінің қатысуымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында ашылған «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің филиалы. Осы бастаманың аясында студенттеріміз екі дипломдық білім бағдарламасымен оқу мүмкіндігіне ие болды.
Елімізде алғаш рет ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, ғылым саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес біз әлемдегі 20 жетекші академияның тәжірибесіне талдау жүргізе отырып, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының нақты индикаторлары бар 10 жылға арналған (2035 жылға дейінгі) миссиясын, пайымын, стратегиялық даму бағытын айқындадық. Нәтижесінде, бұл жас ғалымдардың көптеп ғылымға келуіне үлкен серпін берді. Академия жанынан Жас ғалымдар кеңесін құрдық, оның құрамына 23 жетекші жас ғалым тартылды. Мұның бәрі еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға пайдалы инвестиция деуге болады.
Түсіне білген адамға Президент сұхбатында үлкен философиялық ой, терең парасат-пайым жатыр. Жастарға оқы, білім ал, білігіңді көрсет, сөйтіп адал еңбегіңмен туған еліңе пайдаңды тигіз дей отырып, барлық салада креативті болуға шақырады.
Президент сұхбатында халықтың кез келген мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстайтынын әрі соған орай жедел, тиімді шаралар қабылдайтынын тағы да қадап айтты. Мысалы, өткен жылғы су тасқыны кезінде Үкімет пен қоғам тарапынан гуманитарлық көмек ұйымдастырылып, зардап шеккендерге қолдау көрсетілгенін, тұрғындардың аз уақытта жаңа баспанаға ие болғаны белгілі.
«Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жіті көңіл бөлінгенде апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік», деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін толық қолдаймын.
Қазіргі уақытта Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітіліп, 2030 жылға дейін 40-тан астам суқоймасын салу, 37 суқоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. Су мамандарының тапшылығын жою, суды басқаруды зерттеу жұмысы қолға алынды. Мұның бәрі ел келешегінің, әсіресе ауылдың дамуының берік негізі боларына сенімдіміз.
Мемлекет басшысының тың бастамалары, саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалары бір айдың немесе бір жылдың шаруасы емес. Бұл – жан-жақты талдауды, бүкіл қоғам болып қолдауды қажет ететін күрделі үдеріс. Осы реформаларға әркім өз ісімен үлесін қоса білгенде ғана өркениет көшіндегі Қазақстанның алар орнын берік айқындай аламыз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті,
ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы-ректор