• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Қаңтар, 2025

Президенттік басқару – ең ұтымды тәсіл

68 рет
көрсетілді

Кейінгі кездері қоғамда ел билігі парламенттік басқаруға көшетіні туралы жиі айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында осы секілді мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты түрлі әңгімеге нүктесін қойды.

Халқымыз қазақты бір ұлт ретінде ұйыс­тыру үшін ортақ шешімге келіп, хан сайлаған. Басшысыз топ адасады. Себебі отбасындағы ота­ғасы сияқты мемлекеттің де басшысы болуы керек. Президент мем­ле­кеттік биліктің саяси жүйесі жалпы­­халықтық референдумда таңдауға түсетінін айтты. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп бере­тін Үкімет» тұжырымдасының өзі – ең қолай­лы саяси жүйе. Оны жүзеге асыру үшін халық үніне құлақ асатын мемлекеттің үкіметі мен атқарушы билігі Президент тапсыр­маларын мүлтіксіз орындауға тиіс. Сонда тұжы­рымдама нәтижелі болады.

Өкінішке қарай, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуде ақсап жатқан тұстар өте көп. Бұл Үкімет пен әкімдіктерге сын. Тек мемлекеттік міндеттер жер-жерде шынайы әрі нақты орындалса, сонда тұрақты даму болады һәм халықтың билікке деген сенімі арта түседі.

Ал Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – саяси тоқырауға ұшырамауға кепілдік береді. Елімізде мерзімінен бұрын Парламент те, Прези­дент те сайлауы болмайды. Ал Үкіметтің отставкаға кетуі – сайлаушылардың пікірі негізінде партиялар қабылдайтын шешім. Бұған байланысты Президент өз ойын ашық жеткізді.

Еліміздің еңсесін тіктейтін әкімдерді халық рулық, жүздік дәрежеде емес, елдік деңгейде таңдаса игі. Сонда әкім­дер сайлауы да нәтижесін береді. Әрбір сайланған әкім мен депутаттар мемлекет артқан міндеттерді асқан жауап­­кершілікпен іске асыруға тиіс. Әділетті Қазақстан жаңаша көзқа­расты кадрлардың іскерлігі мен адал­дығы әрі әділдігі арқылы қалып­тасады.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты