• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Президент сұхбатындағы басымдықтар байыпталды

62 рет
көрсетілді

Сенаторлар Президент мақаласында көтерілген мәселелерді өңір халқымен бірге талқылады. Олар қазақ тілін дамыту, цифрландырудың артықшылығы мен қаупі секілді өзекті тақырыптарды сөз етті.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Руслан Рүстемов және Нау­рызбай Байқадамов Қызыл­ор­да облысындағы Шиелі ауданында «Рухани орталықтың» ашылуына қатысып, оның Мем­лекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтыл­ғандай, халықтың дүние­танымын көрсететін жүйе ретін­де қазақ тілін дамытуға нақты үлес қосумен қатар, өңірдің әлеу­меттік және мәдени инфрақұ­рылымын дамыту мен әр адам­ның рухани кемелденуіне мүм­кін­дік беретінін атап өтті.

«Президенттің қазақ тілін дамытудың маңызы туралы тұ­жы­рымы ұлттық қазынаны сақ­тау мен нығайтуға деген ұм­ты­лыс қана емес, болашақ ұрпақ ал­дындағы жауапкершілікті де көрсетеді. Қазақ тілін дамыту – мемлекеттің ғана емес, Қа­зақ­станның әрбір азаматының міндеті. Еліміздің барлық этнос­тық топтарының тілге деген құр­меті мен қолдауы біртұтас, мық­ты және өркендеген ұлт құруға, өз ерекшелігін сақтауға және әрі қарай өркендеу жолымен сенімді түрде ілгерілеуге көмектеседі», деді Н.Жүсіп.

Сондай-ақ депутаттар тұр­ғын­­дармен әңгіме барысында Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы бастамасын талқылады.

Ал сенаторлар Дархан Қы­дыр­­әлі мен Алишер Сатвал­диев «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ ұжымымен кездес­ті. Онда цифрландырудың бола­шағы, жасанды интеллек­тіні қолданудың артықшылы­ғы мен нейрожелілердің дамуы туындататын қауіп­тер талқыланды. Депутаттар Ақ­параттық қауіп­сіз­дік жө­н­ін­дегі ұлттық үйлес­тіру ор­талығы мен Телеком­муникация желілерін басқа­ру орталығының және Компью­терлік инциденттерге әрекет ету ұлттық қызметі мен зиянды кодты зерттеу орта­лығының жұмыс барысымен танысты.

«Цифрлық технология елі­міз­де кеңінен таралып, күнде­лікті өмірімізге ене бастады. Алайда жетістіктермен қатар киберкеңістіктегі қауіп-қатер де көбейіп келеді. Осыған бай­ла­нысты техникалық инфра­құ­рылымды жетілдіру, заңнама­ны бейімдеу, білім беру бағдарла­масын дамыту, жасанды интел­лек­тіні жауапкершілікпен ен­гізу сия­қ­ты кешенді шараларды қабылдау қажет. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ сенатор Амангелді Нұғманов Актөбе облысының әкімімен және өңірдің активімен кездесті. Жиында әкім сенаторға 2024 жылдың әлеуметтік-эконо­микалық қорытындылары, ағым­дағы жұмыстар мен өзекті мәсе­лелер туралы баяндады. Әсіресе автомобиль жолдарының жағ­дайы, экологиялық ахуал, әлеу­меттік қызметтердің сапасы, инфра­құрылым және интернетке қолжетімділік мәселелерін айтты.

«Президент халықтың шынайы мұқтажына назар аудару керектігін айтып отыр. Ауылдық аймақтарды нығайту, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, аграрлық сектор мен жаңа технологияны қолдау – бәріміз бірлесіп шешуге тиісті міндеттер», деді сенатор.

Сенатор Серік Өтешов те Қараған­ды медицина универ­ситеті мен Қазтұтынуода­ғы университетінің профес­сор-оқытушылар құра­мы­мен жолықты. Ол медицина универ­ситетінің жанындағы ауруханада болып, ұжыммен кездесуде осындай мекемелердің маңызын атап өтті. Мұнда оқы­ту­шылардың ғылыми білімі тәжірибеде сәтті қолданылады. Кездесу барысында Президент Жолдауын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. С.Өтешов мемлекет дәрігерлердің мәрте­бесін арттыруға орай шаралар қа­былдап жатқанына тоқта­ла келіп, оған медицина қыз­мет­керлерін кәсіби міндеттерін орын­дау кезінде қорғауға арнал­ған заңнамалық өзгерістер де кіретінін жеткізді.

Сенат депутаты Серік Шай­да­ров Ұлытау облысындағы Жаңаар­қа ауданында болып, орман тұқымбағының құрылысы барысымен танысты. Ол жоба жетекшісімен бірге құрылыстың қазіргі жағдайын көріп, нысанның аймақ пен жалпы еліміздің эколо­гиялық әл-ауқатының маңы­зын атап өтті. Президент «Ana tili» газетіне берген сұхба­тын­да орман тұқымбағын экология­лық күн тәртібіне сәйкес ке­л­етін тұрақты орман шаруашылы­ғының эталонына айналдыру жоспарланғанын айтқан еді.

Депутат сондай-ақ Қара­ағаш ауылдық округінде ақсақал­дармен және жергілікті тұрғын­дармен кездесіп, жолдарды асфальттау, халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету және спорт кешенін салу мәселелерін талқылады. Ол Ынтымақ ауылында электр беру желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамамен де танысты. Се­на­тор мұндай жобалардың өңір­дегі өмір сүру сапасын жақ­сартуда маңызы зор екенін және инфрақұрылымды дамыту жө­ніндегі ұлттық стратегияға сәйкес келетінін айтты.