• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2015

Бюджетті қадағалау қатая бермек

317 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында өткен жылғы бюджеттің орындалуы туралы Үкіметтің есебі мен Есеп комитетінің қорытындысы бекітілгенін айтты. Комитет төрағасы сөзді қоғам алдындағы өз кемшіліктерін айтудан бас­тады. «Мен Есеп комитетіне төраға болып келгенде, бірінші кезекте органның жұмысымен жұртшылықты үзіліссіз, үнемі хабардар етіп отырамын деп өз алдыма міндет қойған болатынмын. Өкінішке қарай, бірқатар себептерге байланысты бұл уәдемнің үдесінен шыға алмай қалдық. Бұл біздің жұмысымыздағы үлкен бір кемшілік деп білемін. Себебі, біздің қызметте ешқандай құпиялық жоқ. Үнемі қоғамға ашық, анық ақпа­­рат беріп отыруға құқылымыз және оған мүмкіндігіміз де бар. Бұйырт­са, бұдан былай журналистерді маңызды жина­лыстарымызға қатыстыра отырып, халықты ашық ақпаратпен толық қамтамасыз етіп тұрамыз. Бұл мақсатымыздан өзім және өзге қызметкерлер де айнымайтынын айтқым келеді», деді Қ.Жаңбыршин. Халық алдындағы кемшіліктерін түгендеп алған ведомство басшысы Үкімет былтырғы бюджеттің жос­­пар­­­ланған кірістері мен шығыстарын жақсы орындағанын айтты. Әйтсе де, бірнеше кемшіліктер мен қателіктер де орын алғанын жасырмады. Өткен жылы Есеп комитеті 1,8 трлн. теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатын қамти отырып, 323 бақылау нысанында 29 бақылау іс-шарасы жүргізілгенін жеткізді. Оның айтқанына илансақ, 643 млрд. теңгенің игерілуі барысында заң бұзушылықтар анықталған. Бұған қоса, бюджет қаражатын пайдалану барысында 111,9 млрд. теңгенің игерілуінде де күмәнді тұстар көп болған. Нәтижесінде, 90 млрд. теңгеден астам қаражат бюджетке кері қайтарылған. Былтырғы жыл бойы Үкімет пен тиісті органдарға комитет тарапынан 68 ұсыныс, 244 тапсырма жіберіліп, олар 90 пайызға орындалыпты. Нәтижесінде, 336 лауазымды шенеунік тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Мұнымен бірге, Бюджет кодексіндегі «бюджет қаржысының игерілмеуі» термині нақты ұғындырылуы тиіс екенін айтты. «Жыл сайын Үкімет пен Есеп комитеті арасында игерілмеген бюджет қаржысы көлеміне қатысты қайшылық бар деп айтқаннан гөрі Бюджет кодексіндегі аталған терминді ұғындыру дұрыс деп санаймын. Сонда бұл мәселе жойылар еді. Жыл сайын бюджетті сапасыз жоспарлаудың нәтижесі болып табылатын көптеген қаржылық заң бұзушылықтар туралы фактілерді алға тартқаннан гөрі, бір рет бюджетті жоспарлайтын органға жауапкершілік жүктейтін норманы заңнамаға енгізген жөн. Дәл осылай болған жағдайда көптеген мәселелер өзінен өзі шешімін табары хақ», деді комитет төрағасы. Оның бұл пікірінен ұққанымыз, Үкімет пен Есеп комитеті республикалық бюджеттің орындалмауы туралы бірдей түсінік беруі үшін Бюджет кодексін нақтылай түсуі қажет. «Біз республикалық бюджеттің игерілмей қалған қаражатына республикалық бюджеттен трансферт түрінде қандай да бір нақты нәтижеге қол жеткізу үшін орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік секторға бөлінген қаржы жатады деп есептейміз. Міне, осылар республикалық бюджеттен бөлінді және қаржылық жылда игерілмей қалды. Дәл осы ақшаны біз республикалық бюджеттің игерілмей қалған қаржысы деп санаймыз», деген спикер, күзге қарай әлі күнге дейін заңнамадағы шешілмеген мәселелер жойылуы тиіс екенін қадап айтты. Сөйтіп, бұдан былай бюджетті қадағалау қатая беретінін меңзеді. Сөздің мәнісіне қарағанда, Бюджет кодексіне күзде түзетулер енгізіліп, одан кейін органдар арасында есеп бойынша ешқандай айырмашылық болмайды екен. Журналистердің сұрағына орай комитет төрағасы тендерлердің кеш өткізілуіне байланысты да жауап берді. «Менің ойымша, тендердің барлығы өз уақытымен өткізілмейді деуге болмайтын шығар. Десем де, кейбір тендерлердің кеш өткізілетіні рас. Оған себеп, кейбір тендерлердің қорытындысы сот арқылы жойылады. Мәселен, жергілікті органдардың қызметіне жасаған талдауымызда көзімізге түскен кемшіліктердің бірі, тендер өткізу уақытының өзгертілуі. Оның себебі біріншіден, тиісті құжаттамалар уақытында дайындалмайды. Мәселен, инвестициялық жоба жасау үшін тендер өткізу уақыты белгіленген. Бірақ оның техникалық-экономикалық негіздемесі немесе жобалау-сметалық құжаттамалары жоқ. Тағы да тиісті құжаттамалары дайын болмайды. Соған байланысты тендердің уақыты кейінге, басқа уақытқа шегеріледі. Осының салдарынан, осы аралықта жобаның құны көтеріліп кетеді», деді Қ.Жаңбыршин. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».