Агросекторда бас ауыртатын мәселе аз емес. Шаруа қожалықтың еңсесін тіктеймін деп жүріп, қарызға белшесінен батқан азаматтар жетіп артылады. Олардың қаржылық сауатын арттырып, ізденіс ізіне түсуіне ықпал ететін орталық ашу қажеттілігі де туындаған.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру маңызды екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында атап айтты. Мемлекет басшысы бұл орайда Меркі ауданында ашылған орталық тәжірибесін үлгі еткен еді. Былтыр ашылған «Агро Сауат» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері аз уақытта біршама жұмыс атқарған.
Жыл бұрын іргетасы қаланған орталық басшысы Айман Ақынбекованың айтуынша, «Агро Сауаттың» мамандары қарызы бар тұрғындардың мәселесін шешуге ықпал ету, олардың табысын арттыру мақсатында ашылған екен. Тәжірибелік дағдыларға арқа сүйеген мамандар азаматтардың өндірістік кооперативтерге бірігуіне және тұрақты түрде табыс табуына көмектеседі. 30 адамға дейін қамтылған топтарда білікті сарапшы-практиктер тәлім береді. Олардың қатарында агроном және зоотехник секілді мамандар бар.
«Біздің орталықта скрининг және нақты мамандықтар бойынша практикалық сабақтар өткізуге арналған оқу алаңдары бар. Сондай-ақ тыңдаушылар үшін арнайы оқу-әдістемелік құралдар, технологиялық карталар әзірленген. Бұл құралдарды білікті мамандар көпшілік үшін түсінікті тілде жазған. Азаматтарды оқыту барысында құлпынай, таңқурай, алма, қант қызылшасын өсіру, сүт және ет бағытындағы ірі қара малды бордақылау, құс және қой шаруашылығы секілді бағыттар қамтылады», дейді Айман Ақынбекова.
Орталықта осы күнге дейін Меркі ауданының 130-дан астам тұрғыны оқудан өтіпті. Көбіне орталыққа несиесі бар, кепілге қоятын мүлкі жоқ, 90 күннен астам уақыт бойы берешегін өтей алмаған азаматтар табыс көзін іздеп келеді екен. Білім жетілдіргеннен кейін тауарлы несие рәсімдеуге мүмкіндік алады. Мамандар тек тәжірибеге арқа сүйемей, шаруаларды теориялық бағытта да оқытады.
«Бауыржан Арыстанбаев деген азамат 2024 жылдың сәуір айында 20 гектар жерге құлпынай өсіретін қосалқы шаруашылықты бастады. Ол тапқан табысының 50 пайызын кешіккен несиесін жабуға жұмсаса, 25 пайызымен тауарлы несиенің қарызын төлейді. Артылған 25 пайыз табысы өзіне қалады. Жаңа іс бастауға ниет еткен Бауыржанға тауарлы несие түрінде 10 000 көшет берілген. Бұған дейін екі жыл егін шаруашылығымен айналысыпты. Алайда білім мен тәжірибенің жетіспеушілігі салдарынан айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмаған. Қазір олқылықтың орнын толтырып, жаңа іс бастау арқылы табыстың көзін табуға бекініп отыр», дейді орталық басшысы.
Ауданда жыл сайын тек шаруақожалық иелері 3 мың тоннадан астам алма алады екен. Бабын келтіріп өсіргенмен, көңіл көншітерліктей табыс таба алмайды – өнімді қайта өткізерін білмей дал болады. Амалын таппаған соң арзанға жібереді. Ал жаңадан ашылған орталық қызметкерлерінің ұйытқы болуымен өндірістік цех ұйымдастырылған. Яғни мамандар дайын өнімге де толыққанды қолдау көрсетеді.
«Мақсатымыз – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, қаржылық сауатын ашу және оларды қарызсыз болашаққа бастау. Егін шаруашылығы бойынша тәжірибелік білім беруге арналған, жалпы көлемі 77 шаршы метр болатын оқу аудиториясы жабдықталған. Мұндай аудитория мал шаруашылығы бойынша білім алуға келген азаматтарға да қарастырылған. Тығырыққа тірелген шаруалармен бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз», дейді А.Ақынбекова.
«Агро Сауат» оқу-әдістемелік орталығы қызметкерлерінің айтуынша, қолға алынған бұл игілікті бастама алдағы бірнеше жыл бедерінде айтарлықтай нәтиже бермек.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы