Қанат Мусин Жезқазған байыту фабрикасының шаң тұтқыш қондырғыларын тазалау және орнату цехының слесарі болып еңбек етеді. 2013 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмәмдаған оның байыту фабрикасына келіп, жұмысшы мамандығын иегеремін деген ойы болған да емес.
Қаладағы ірілі-ұсақты мәдени-көпшілік іс-шараларды жүргізіп жүретін Қанатты бірде фабрика басшылығы өздерінде өтетін сондай бір шаруаны атқарып беруге шақырды. Барды, атқарды. Сол жолы оны өндірістегі өмір қатты қызықтырды. «Осында жұмысқа тұруға бола ма?», деді. «Мамандығың келе қоймайды ғой» деген сөзге өз уәжін айтты. «Маған сенсеңіздер, кез келген мамандықтың бірін тез-ақ үйреніп, игеріп кетемін» деген соң, ынта-ықыласын, талабын байқаған басшылық бетінен қақпады. Сөйтіп, өндірістегі өмірі басталды.
– Біздің міндетіміз – еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, цехтағы шаң-тозаңның алдын алу, яғни жұмыскерлердің ауасы таза жерде жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұмыс орны еңбек етуге қолайлы болмаса, жұмыскердің де тірлігі маңдып жарытпайды. Сол тұрғыда біз олардың табысты еңбегінің негізін қалаймыз десек те болады, – дейді Қанат өз жұмысы туралы.
Өндірісте де өнер дейтін өмір бар. Жезқазған кен өндірісінде өнер адамдары аз болмаған. Ақиық ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов, даңғайыр жырау, ақын Шынболат Ділдебаев, кеніш директоры болып жүрсе де, қаламы қолынан түспеген Садық Асатов... Бұл тізімді одан әрі де соза беруге болады.
Қ.Мусиннің есінен сол ағалары ешқашан шықпайды. Өндірісте жүріп өнердің отын жаққан ағалары тәрізді болғысы келеді, соған ұмтылады. Өзінің айтуына сенсек, 5 жасынан бастап өлең жазған екен. Жергілікті жас сазгер Мұхамед-Әзиз Мұсабеков екеуінің шығармашылық байланысынан шыққан «Байытушылар гимні» қазір фабриканың кез келген іс-шараларында салтанатпен орындалып жатады. Мыңдаған жүректердің төрінен орын алған ұран-әннің сөзін жазғанын орынды түрде мақтаныш етеді.
Қанат фабрикадағы қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысады. 2022 жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмысшыларының арасында «Jastar Bolashaq» жастар одағы «Өндіріс сұлтаны-2022» байқауын ұйымдастырды. Бұл байқауға корпорацияның республикадағы барлық құрылымдарынан 24 жігіт қатысты. Қанат байқауда ұлы Абайдың образын сомдап, дананың қара сөзін мәнеріне келтіре оқыды. Бұдан бөлек, өзі түсірген жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігін сақтау жөніндегі бейнеролигі де жоғары бағаланды. Сөйтіп, байқау жеңімпазы атанды. Ол әртүрлі деңгейдегі ақындар мүшәйрасына да жиі қатысып, әрқашан жүлдегерлер қатарынан табылады. Ұлытау облысы ақындары арасында Тәуелсіздік мерекесіне арналған мүшәйраның бас жүлдесін де иеленді. Өлеңдері жас ақындардың республикалық жыр жинағына енді. Қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жыр-толғаулары жиі жарияланып тұрады.
Қанат мамандық қана емес, жар таңдауда да қателеспеген азамат. Оның назары түскен, жүрегі қалаған ару қыз Индира мұның босағасынан аттағанда небәрі 16 жаста болатын. Жас жұбайлар тұңғыштарының тұсаукесерін өткерген соң ғана Неке сарайына барды. Сол Индира қазір Әлғазиз, Жанайдар, Хақназар, Әлхафиз есімді төрт батырдың анасы. Бұларға қоса екі атасын, екі енесін бағып-қағып отыр. Қанатты жұмысқа күліп шығарып салып, келгенде нақ солай қарсы алады. Шаңырақтағы шырайлы ахуал азаматтың түзде де, үйде де көңілін жай етіп, мәртебесін асқақтатып жібереді. «Еңбекте де, өнерде де аз-кем табысқа жеткен болсам, бұл, сөз жоқ, үйдегі келініңіздің арқасы» деп ақтарыла айтқан лебізіне сенбесіңізге әддіңіз жоқ.
2015 жылы Оразалы ақсақал мен Кәмилә әже бастаған Мусиндер әулеті облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алған еді. Қанат – ата-әжесінің он бесінші немересі. Республикалық телеарналардың бірі Жезқазған кен өндірісі туралы «Қазақ даласының қазынасы» деген деректі фильм түсірді.
– Мені осы фильмге қазіргі жас буын жұмыскерлердің өкілі ретінде таңдап алғанын білгенде керемет қуандым. Фильм кейіпкерлерінің бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, кенші-ұңғылаушы Тұрсынбек Мақышев болды. Сондай кісімен қатар тұрудың өзі зор мәртебе емес пе? – деген Қанат осындай сәттер адамның жігерін жанып, қайратын қайрап еңбекке ынталандыра түсетінін де жасырмады.
Қ.Мусин былтыр Жезқазған қаласы әкімдігінің жас мамандарға арналған «Мен – жас қазақстандықпын» байқауында «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, өзінің өндірісте озат екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жезқазған