• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2015

Акушерлердің анасы

424 рет
көрсетілді

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстандағы алғашқы медицина институтын тұңғыш бітіруші қазақ қызы, көрнекті ғалым, тамаша педагог, мықты клиницист, еліміздегі ана мен бала денсаулығын қорғау қызметінің негізін салушы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Кәмила Өтегенованың туғанына 100 жыл толуына орай «Ана мен баланы қорғаудағы үлес» атты естелік конференция өтті. Алқалы жиынды Акушер-гинеко­логтар ұлттық қауымдастығының төра­йымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Қайыпова ашып, ұлағатты ұстаздың қазақстандық дәрігерлер мен ғалымдардың бірнеше буынын қалыптастырып, артында өшпес із қалдырғанына, сондай-ақ, адамдық және кәсіби биік қасиеттеріне тоқтала кетті. – Бүгін біз ұстазымызды құрметтеп, оның алдында есеп беріп тұрғандаймыз, – деді ұстазға тағзым етудің үлгісін көрсе­тіп Нина Қайыпқызы. – Мен осындай керемет ұлы ұстаздың қасында жүріп, дәрігерлікті, адами қасиеттерді үйрен­генім үшін тағдырыма ризамын, әрі мақтан етемін. Өйткені, біздің маман­­ды­ғымыз өте күрделі, ана мен бала­ның өміріне жауап береді. Міне, Кәмила Досқызы өзінің кәсібилігімен бізді акушерия мен гинекология әлемі­не әкеліп, клиницист және екі өмір­ге жауап беретін ұлы мамандыққа тәрбие­леді. Кәмила Досқызы туған институтын­да 41 жыл адал қызмет атқарып, мыңда­ған баланың дүниеге келуіне және қаншама ананың денсаулығын сақтау­ға үлес қосты. Ол кісінің дәрістері педаго­гикалық шеберліктің мектебі болса, таңер­теңгілік өткізетін конференциялары клиникалық ойлауды дамытудың сабақ­тары екен. Өзі қорғатқан 26 канди­дат­тық диссертацияның тақырыбы өзек­тілі­гімен, маңыздылығымен жоғары баға­ла­ныпты. Өйткені, ғылыми кадр­лар­ды мақсатты аспирантура арқы­лы бел­сенді түрде дайындайды екен. Осылай­ша, ол өзінің ғылыми мектебін қалып­тас­тыр­ған. Оның шәкірттері бүгінде тек елі­мізде ғана емес, басқа да шет елдерде абы­рой­лы жұмыс атқаруда. Осыдан он жыл бұрын осы университеттің қабыр­ға­сында Кәмила Досқызымен бірге қыз­мет­тес болған әріптестері, шәкірт­тері­мен 90 жылдығын дәл осылай атап өтіліпті. Кәмила Досқызы 1915 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласын­да шаруа отбасында дүниеге келе­ді. Ондағы мектепті ойдағыдай бітір­ген соң, анасы Рысты балаларының жоғары білім алуы үшін Алматы қаласын таңдап, көшіп келеді. 1936 жылы мед­институтты бітірген соң, еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының Ащысай кен орнының учаскелік ауруханасында бас­тайды. Көп ұзамай аурухана меңгерушісі болады. Талантты жас одан әрі ғылымға ден қоюы үшін 1938 жылы өзі оқып бітірген оқу орнының акушерия және гинекология кафедрасының клиникалық ординатурасына түседі. Алматыдағы 1-перзентханада ординатор (1939), 1939-40 жылдары Мәскеудің акушерлік-гинекология институтында ғылыми қызметкер, 1945 жылы кандидаттық диссертациясын 2-ші Мәскеу мемлекеттік медицина институтының ғылыми кеңесінде, ал 1955 жылы Ленинградта КСРО Медицина ғылымы академиясының Ленинградтағы бірнеше институттары ғылыми кеңесі мүшелерінің алдында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. 1952 жылдан 1958 жылға дейін педиатрия факультетінің акушерия және гинекология кафедрасын, 1958 жылдан 1978 жылға дейін, яғни 20 жыл емдеу факультетінің акушерия және гинекология кафедраларын басқарып, елімізде медицинаның аса күрделі акушерия мен гинекология саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосады. Ұстазы профессор А.И.Малининнің дарынды шәкірті, көрнекті хирург, өзінің дәрігерлік, педагогтық, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырушылық қабілетімен ұштастыра білген қазақтың санаулы талантты қыздарының бірі – Кәмила Досқызы 11 жыл бойы Денсаулық сақтау министрлігінің бас акушер-гинекологы, 20 жыл бойы Қазақстан акушер-гинекологтар қоғамының төрайымы, Бүкілодақтық акушер-гинекологтардың ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары, салалық журналдардың алқа мүшесі, Алматы облыстық кеңесінің депутаты болған. Гинекология саласының білікті маманы ретінде Өтегенованың акушерлік даңқы Одаққа мәлім еді. Кеңес әйелдерінің көрнекті өкілі ретінде ол Жер шарының көптеген қалаларын аралап, талай халықаралық съезд, форум, конференцияларға қатысып, делегация құрамында Финляндия (1954), Австрия (1961) КСРО ғалымдарымен бірге АҚШ-та (1975), т.б. елдерде болған. 63 жасында өз еркімен зейнеткерлік демалысқа шығып, немерелерін бағу үшін қызы Жәмилаға қолғабыс жасауға Мәскеуге кетеді. Осыдан кейін 15 жылдай өмір сүріп, 78 жасында дүниеден озады. Конференцияда көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, денсаулық сақтау ісінің ірі ұйымдастырушысы, қоғам қайраткері жайлы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанов бекзат болмысты тума шешеннің дәрістерін студенттердің қызыға тыңдағанын, өте әділ ұстаз болғанын, ал ҚР ҰҒА-ның академигі Алшынбай Рақышев білікті дәрігер-ғалым, хирург, адамгершілігі мол әріптес болғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, аталмыш оқу орнының емдеу факультетінің акушерлік іс және гинекология кафедрасының Кәмила Досқызынан кейінгі меңгерушілері медицина ғылымдарының докторы, профессорлар Н.Н.Мезинова, А.Т.Раисова, А.М.Дощанова, Л.Ғ.Қалиева, сондай-ақ, Астанадан арнайы келген медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Сарқытқызы ұстаздарының адамгершілігі, кәсіби біліктілігі жайлы еске алды. Ғалымның 150 ғылыми жұмысы жарық көрген. Бір айта кетерлігі, «Акушерлік, гинекология және перинатология» журналы бір санын жүзге толып отырған ұстаздарына арнаған. «Артында бар оңалар» демекші, Кәмила Досқызы соңына ұрпақ қалдырып, қызы Жәмилаға элиталық білім берді. Жәмила мектепті алтын медальмен аяқтап, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, заң ғылымдарының кандидаты. Қазір балалары Тимур, Андреймен Мәскеуде тұрады. Жиын соңында Жәмила Қанышқызы жиналғандарға анасы жайлы жазылған кітабын сыйға тартып, конференцияны ұйымдастырған шәкірттеріне алғысын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».