Өткен сәрсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордада тағы бір рухани орталықтың ашылу рәсімі өтті. Ол Қазақ елі монументімен, Тәуелсіздік сарайымен іргелес орналасқан “Шабыт” шығармашылық сарайы еді.
Күн санап көркейіп келе жатқан елордамыз алғашқы кезде шенеуніктер қаласы делініп келсе, ендігі жерде ел дәулетіне сай сәулеті жарасқан рухани орталықтар бірінен кейін бірі бой көтеріп, Отанымыздың төрт бұрышынан жиналған халыққа қызмет етіп жатыр.
Атшаптырым аумаққа орналасқан шығармашылық сарайының төрт құбыласы түгел деуге болады. Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен, Үкіметтің арнайы қаулысымен бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясының базасында Қазақ ұлттық өнер университеті құрылғаны белгілі. Ендігі жерде бұл әсем ғимарат сол білім ошағына қызмет етеді.
Астанадағы бұл өнер ордасын салуға 8,5 миллиард теңгеден астам артық қаржы жұмсалыпты. Мұнда тек музыка ғана емес, өнердің сан-салалы түрлерімен қатар театр, кино, телевизияға қажет кәсіби мамандар даярланады. Ал оқитын студенттердің санына келетін болсақ, 3 мың адамнан асады екен. Орта және бастауыш мектептің би, сол секілді суретшілер мен мүсіншілер тобына 180 талапкер қазірдің өзінде қабылданып қойыпты. Мұнымен қатар, 500 орынды үлкен және 140 орынды кіші концерт залдары заман талабына сай жарақталыпты. Оқу сыныптарының ішінде де техникалық құралдар мен мамандыққа қажет аспаптардың әр алуан түрі жинақталған. Бұрынғыдай емес, университет аясының кеңеюіне байланысты мамандықтар саны да артқан. Студенттердің оқи жүріп практикалық жұмыстарды жүргізуге лайықталған бірнеше студиялар ашылғанын да айта кеткеніміз жөн. Олардың ішінде кино, телевизия студияларында шағын дүниелер жасауға мүмкіндік молынан қарастырылған. Сол секілді, театр бөлімінде оқитын жастардың сахналық шығармаларды әзірлеуіне де жағдай жасалыпты.
Биылдан бастап мұнда сценография, өнертанушы, хореография, бейнелеу, сәулет өнері, операторлық өнер және өзге де мамандықтар оқытылады. Бұрын соңды өнердің барлық түрін оқытатын, осындай уақыт талабына толық жауап беретін өнер ошағы елімізде болмаған еді. Жас таланттардың талабын ұштап, болашағына жол ашатын университетті салуға қолұшын созған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына деген алғысымыз бен ризашылығымыз шексіз. Алдағы уақытта осындай білім ордасында оқитын талапкерлер де, оларға сабақ беретін оқытушылар да білімді де білікті болуы тиіс. Біз қазір қазақ өнерінің айтулы өкілдерін шақырып, жастарға білім беріп, тәрбие үйретіңіздер деп жатырмыз, іріктеу жұмыстары басталып кетті, – дейді университет ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева.
“Шабыт” шығармашылық сарайына арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты скрипкашы ұл мен қыз әдемі әуезмен қарсы алып, ілтипат танытты. Өз кезегінде Президент өнерлі жастардың әсем әуезді сазына шын жүректен алғысын білдірді. Бұдан кейін кең зал ішіндегі өнер жұлдыздарының ән-күйін тамашалады. Әсіресе, Евгений Брусиловскийдің “Дудар-ай” операсынан орындалған увертюра, қазақ күйлерінен құралған папури, халықаралық пианистер конкурсының Гран-при лауреаты Әбдіахмет Оразбақовтың орындауындағы дүние жұртшылықтың көңілінен шықты. Ал Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Елбасына арнаған өлеңді нақышына келтіріп орындады.
Бұдан кейін Елбасы бас қаламыз Астананың күн санап көркейіп келе жатқанын, экономикамыздың өрлеп, осындай өнер ошақтарының ашыла беретінін тілге тиек етіп, бұл өнер ордасынан болашақта Қазақ елінің абыройын асырып, беделін көтеретін талантты ұл-қыз қанаттана берсін деген тілегін жеткізіп, ғимаратты шығармашылық шабыт тербеп, шартарапты шарлайтын жастар шығатынына сенім білдіріп, университеттің қадамына сәт сапар тіледі.
Мемлекет басшысы ғимарат ішіндегі дәрісханалар мен кинотелестудияны, көркем және хореографиялық залды, балет кластарын аралап көрді. Оқу орнында білім алып жатқан жас дарындар онда да өз өнерлерін көрсетті. Сөйтіп, елордамызда әрі білім беретін, әрі күні ертең мемлекетімізді озық өнерлерімен дүниежүзіне танытып, алдыңғы толқынның ізін басатын ұрпақтың алтын ұясы шаңырақ көтерді.
Сүлеймен МӘМЕТ.