• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2015

Достық стеласынан басталған онкүндік

334 рет
көрсетілді

еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналды Шығыс Қазақстан – әрдайым достықты ту етіп келе жатқан өңір. Еліміздегі барша ұлт пен ұлысты ұйытып отырған келісім моделінің нығаюына ерекше үлес қосқан шығысқазақстандықтар көптеген идеялар мен жобалардың бастамашысы. Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына орай өңірде онкүндік шаралар басталды. Алдымен Өскемендегі Достық стеласының алдында шығысқазақстандық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуы­мен ауқымды флэш-моб акциясы өтті. Облыстық «Достық үйіндегі» «Ынтымақ-Содружество» жастар бірлестігінің бастамасымен өткен акцияға жастар ұйымдарының белсенділері, жоғары оқу орын­дарының студенттері және этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысты. Флэш-мобқа қатысқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық нақыштағы әсем киімдерін киіп, қолдарына еліміздің Көк туын ұстап, бір шаңырақ астында жарасымды, өзара түсіністікте өмір сүріп жатқандықтарын паш етті. – Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баев 2015 жылды – Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясының жылы деп жариялағаны белгілі. Ассам­блея­ның ХХІ сес­сиясында қабыл­дан­ған бұл ше­шімнің мәні зор. Шығыс өңірінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Мем­­лекет бас­шысының этнос­аралық ке­лісім моделінің тиімді жүзеге асыры­луының нәтижесінде өңіріміз­де барлық ұлт өкілдері достық рәуіште, тату-тәтті тір­шілік етуде, – деді Шығыс Қазақ­стан об­лысы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев. Салтанатты шараның соңын­да флэш-мобқа қатысушы жас­тар еліміздегі татулық пен тұрақ­тылықтың, бейбітшіліктің нышаны ретінде зеңгір көкке шар ұшырды. Аталған шараның мақсаты – Қазақстан халқы Ассам­блеясының жылы аясында еліміздегі достық пен ынтымақты, бірлік­ті нығайту, Отанға деген сүйіспен­шілік рухты ояту, жастарға патриот­тық тәрбие беруді жандандыру. Осы­лайша, Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылының ашылуы қарса­ңында өткен флэш-моб акция­сы шара шеңберінде өтетін онкүн­дік­тің алғашқы шымылдығын түрді. Бұл онкүндік барысында түрлі қайырымдылық акциялары, концерттер өткізіліп, дәрістер мен конференциялар ұйымдастырылды. Айталық, Достық үйінің ұжымы мен «Ынтымақ-Содружество» жастар ұйымы Зырян ауданының Серебрянск қаласындағы балалар үйіне қайырымдылық көмек ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Қайырымды қолдан махаббатпен!», «Жан жылуыңды сыйла!» атты қайырымдылық акциялары өтті. Аталған акция аясында төрт баласын бағып отырған жал­ғызілікті ана Кенжегүл Қана­пия­новаға азық-түлік себеті жеткізілді. «Вайнах» чешен-ингуш этно­мәдени бірлестігі Өскемендегі Ахмиров кентіндегі балалар үйінде концерт өткізді. Балалар үйінің директоры Аман Ісләмов кавказдық өткір билердің балалардың көңілін көтергенін жеткізіп, ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, «Сүйікті қалам» акциясы аясында этномәдени бірлестіктер мен хореографиялық ансамбльдер қаланың көрікті орындарын аралады. Этномәдени ұйымдардың жас­тары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Даңқ мемориалына, Ұлы Абайдың 170 жылдығы қарсаңында ақын ескерткішіне және геноцид құрбандарына арналған «Хачкар» киелі тасына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Өскемендегі жоғары оқу орындарында Ассамблея институтының маңызы жөнінде дәрістер оқылды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Қазақстан және құқық тарихы» кафедрасының меңгерушісі Галина Панковская Тәуелсіздік жылдары ішінде қоғамның рухани өмірінде әлеуметтік жауапкершілікті сезіну, ұлттық сананың жаңғыруы сынды өте күрделі үдерістер жүргенін, тоқсаныншы жылдардың басынан бастап тарихты қайта зерделеу кезінде ең басты қол жеткізген байлығымыздың бірі халықтар достығын сақтап қалу болғанын атап көрсетті. – 1992 жылы Қазақстан хал­қының І форумында Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған форумды тұрақты өткізіп тұру идея­сын айтты. Ал 1995 жылы 1 нау­рыз­да қоғамдық-саяси өмірімізде ұлт­тық саясат саласындағы жаңа инс­титут – Қазақстан халқы Ассам­блеясы пайда болды. Осы­лайша, ТМД елдері арасында еліміз алғаш рет этносаралық қоғамның қазақстандық моделін бекітті. Аталған институт құрылғаннан бері елімізде тұратын барлық ұлттардың өзара достығы мен келісімін нығайтуға үлкен септігін тигізді, – деді Галина Панковская. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.