• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Қайта жанданған дәстүр

394 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары 5 институттық реформаны жүзеге асыру төңірегінде әңгіме өрбітті. Брифингте алғашқы болып журналис­термен ой бөліскен Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев: «Мемлекет басшысы өзiнiң «Қазақстан-2050» халыққа Жолдауында Қазақстанда мәдени саясаттың тұжырымдамасын жасауды және бекiтудi тапсырған болатын. Мәдени саясатты жүзеге асыру мәселесiнде кеңес берушi орган ретiнде, басқару және мәдени кластердi құру жұмысын үйлестiру үшiн Президент жанынан әдебиет және мәдениет кеңесi құрылуы ықтимал», – деген депутат әрі қарай барлық қазақстандықтарды біріктіретін, елдің мәдениетін дамытуға үлесін қосатын институт деп Қазақстан халқы Асамблеясын ерекше атап өтті. Бiртектi мәдениет қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзiнiң «Бір ел – бiр отбасы» атты ауқымды шарасы аясында үлкен жұмыстар атқарып жүргенін айтқан ол қазіргі күні оның аясында елiмiздiң қазiргi заманғы мәдениетi мен тарихы туралы фильмдер, хикаялар, арнайы бағдарламалар түсiрiлетініне де тоқталды. Ал депутат Оразкүл Асанғазы: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыдан қарағанда, көптеген тілдерден, мәдениеттерден қалыптас­ты. Бүгінде бізді «Мәңгілік Ел» құндылықтары біріктіреді. Ел құндылықтары біздің бай-қуатты болашағымызға бағдар болады» деп атап өткен. Қазіргі «100 нақты қадамда» да, 5 институттық реформада да көтеріліп отырған мәселе – біздің біртекті мәдение­тіміз. Елбасының тәуелсіздік алғаннан бергі арманы – елдің бірлігі. Осы бірлік жүйелі мемлекеттік саясаттан және ортақ мәдениеттен тұрады. Яғни, саясатымыз­дың сарабдал болуы, тәуелсіздік алғаннан бері әлеуметтік-саяси жағдайда жеткен жетіс­­тігіміздің дұрыс екеніне көзімізді жеткізді. Қазақ­тың байырғы, баянды, ғасырдан ғасырға үзілмей келе жатқан мәдениеті бүкіл қазақ­стандықтарды біріктіре алатын мәдениет екендігін дәлелдеді», – деген ол қазақстан­дықтардың біртектілігі турасында сөз қозғағанда, оның іргетасын қалайтын ұлттық құндылықтардың маңызына ден қойды. «Біртектілікке келетін болсақ, Наурыз мейрамы – нағыз бірліктің мерекесі, араздасқанды достастыратын, барлық өкпені ұмыттыратын мереке. Жалпы, сырға салудан бастап, қыз ұзату, үйлену тойы сияқты қазақтың кез келген дәстүрі жаңа заманға лайықталып, бұрынғыны жаңарта отырып, өте керемет мәдениетке айналды. Кейбір ата-ананың баласының тұсауын кестірмеуі мүмкін шығар, ал бірақ кез келген кәсіпте мекемелердің тұсауларын кестіру дәстүрге айналды. Айтыс өнерінің өзі бұрынғы тарихымызды тірілтті және нағыз демократияға айналды. Қоғамның, халықтың билікке айтатын сөзін біздің айтыс өнері жеткізіп отыр. Осының барлығы, қазақтың мәдениеті бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатынын көрсетеді. Сондықтан, біртектілік дегенде, біртекті мәдениет дегенде, біз қайда бірігеміз десек, ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ мәдениетінің айналасына бірігуіміз керек», деген депутат Елбасының қолдауымен жарық көрген қазақтың «1000 әні», «Бабалар сөзінің» 100 томдық жинағы мәдениетіміздің деңгейін көрсететінін атап айтты. Мұнан соң депутаттар журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».