• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2015

Даудың аяғы бітімге келу болмақ

477 рет
көрсетілді

Елімізде азаматтардың құқын қорғау амалдары қаншалықты жетілді дегенімізбен, нақты жағдай барысында оны жүзеге асыру тетіктерінің ойсырап жатқаны анық байқала бастайды. Биылдан бастап өмірімізге енген төрт Кодекстің басты қамы – адамдардың құқын өрке­ниетті талапқа сай қорғау екендігі белгілі. Адамдардың конституциялық құқы қорғалуы арқылы тұрмыс саласындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени, саяси жағдайлардың бәрі жақсаруы тиіс. Өмірдің ағымына сай жазылған заң осы мәселелерді тұтас жаңа талап тұрғысынан реттей алады. Алайда бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Мәселен, өткенде Бас прокуратурада Азаматтық процестік кодекс кеңінен талқыланды. Сонда баяндама жасаған Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов біраз маңызды жайттардың басын ашып берді. Оның айтқан­дарының ел үшін, қоғам үшін мәні мен маңызы зор екендігін көзі қарақты оқырман бірден бай­қайды. Ол сөзін мысал келтіруден бастады. Мәселен, өмірден бір мысал, дейді ол. Былтыр Қарағандыда екі көлік соғысып, иелері соттасады. Сот процесінде талапкер ашуға басып, шыбын өлтіретін мухо­бой­камен судьяны сабаған. Содан төбелес басталып, сот залы шайқас алаңына айналып кет­кен. Нәтижесінде бұзақы 3 жылға сотталды. Бұл оқиғаны БАҚ арқылы бүкіл ел білді. Алма­тыда бір адам әкімдіктің ғимаратын жарамын деп, бүкіл қаланы шулатты. Кейін берген түсінігінде ол бір дау бойынша соттың шешіміне наразы болып, осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтты. Үшінші мысал. Теміртауда Зорин өзіне ерлі-зайыпты Морозовтар 2 млн. қарыз деп, сотқа жүгінеді. Ал Морозовтар «дәлелің жалған» деп, қарызды мойындамайды. Бұл тартыс аудандық соттан Жоғарғы Сот­қа дейін жетіп, үш жылға созы­лады. Әрбір сот, әрбір процесс сайын дау ушыға түседі. Бұрын туысқандай болып жүрген адам­дар қас жауға айналып, сот залында бет тырнасып, жаға жыртысады. Осындай бір оты­рыстан кейін Морозовтың зайыбы Зориннің бетіне кислота шашып жіберген. Құдай сақтап, ол бетіне емес, бас киіміне тиеді. Аяғында дау Зориннің пайдасына шешілген. Морозовтардың негізгі табыс көзі – туристік автобусын сот орындаушысы қарызды өтеу үшін алып қояды. Бұл олардың ызасын қоздыра түседі. Түбінде не болды? Морозов мылтық сатып алып, көшеде Зоринді атып өлтіреді. Оғы жеткенде, мүмкін, оның әйелін де өлтіруге барар еді. Бұл мысалдарды неге келтіріп отырмыз? Өйткені, дау көп. Шеті мен шегі көрінбейді. Сағат сайын, тіпті минут сайын жаңа даулар қосылып жатыр. Неліктен? Бұл қоғам қайда бара жатыр? Ертеңгі күні не болады? Ешкім білмейді. Елімізде қазір адамдардың дені кәсіпкер. Сол кәсіпкерлерден «жағдайың қалай?» деп сұрай қалсаң, «біреумен соттасып жатыр­мын» деген жауапты ғана естисің. Біреу меншігін даулай­ды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Отбасындағы проблемаларын сотта шешемін деушілер де көп – ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар, өкінішке орай, астасып кеткен. Күмәніңіз болса, нақты сан­дарға жүгінейік. Мәселен, 2014 жылы соттарға 750 мың талап-арыздар түскен екен. Әр іс бойынша кемінде 2 тарап қаты­сады деп есептесек, сотқа дауы­мен, шамамен 1,5 млн. адам тартылып жүр. Сонда қалай, таби­ғатынан сабырлы, қоңыр мінезді, жанжалды жақтыр­май­тын халқымыз дауға құмар болып бара жатқаны ма? Бұл туралы біз бұрын да жазғанбыз, алайда «баяғы жартас бір жартас» дегендей де емес, тіпті адамдар бір-біріне одан әрі өршелене түскендей көрінеді. Олар, әрине, бала-шаға, қалшылдаған қарт емес, көбісі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, қоғамға пайда келтіріп жүрген атқамінер ересектер. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсау­да. Дауласып жатқандарға судьяларды, сот қызметкерлерін, про­курорларды, адвокаттарды, заңгерлерді, сарапшыларды, сот орындаушыларды, «жан­күйер­лерді» қосыңыз. Оның үсті­не істер әртүрлі сатыларда бір­неше реттен қаралады. Астана қаласында бір судья күніне 10 шақты азаматтық іс қарайды екен. Соттарды «адам тағдырының конвейеріне» айналдырсақ, олар­дан қандай сапалы шешімдер күтуге болады? Ал сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Алғашқыда бір жағы риза болса, екінші жағы өкпелі. Кейін соттың шешімі орындалмаса, дауда жеңгендер де ренжіп жатады. Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің атақты еңбегі «Сот реформасы туралы жазбаларында» билер сотының басты міндеті – «жеңу не болмаса жеңілу емес, жеңілдету» деген екен. Міне, осыған орай дауды шешу жүйесі мемлекет үшін үлкен салмақ болып отыр. Мұндай жағдайдың негізгі себебі – қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің кемшілігі. Ол 99-шы жылы қабылданған. Негізінен кеңестік кодекстің көшірмесі деуге болады. Ол кезде заман мүлдем басқа. Нарықтық экономика енді ғана бас көтерген кез. 15 жылда АПК-ға 50 рет түзету­лер енгізілген екен. Бірақ, бұл өзгертулер жыртыққа жамау болып, кодекстің тұжырым­дамасын заман талабына сай келтіре алмай отыр. Неліктен? Біріншіден, даулар кез келген қоғамда бар. Бірақ, олардың барлығын сот арқылы шешу мүм­кін емес. Сондықтан дамы­ған мемлекеттерде осындай тар­тыс­тарды шешетін балама институттар көп. Оның үстіне олардың соттары барын салып, екі жақты келістіруге ұмтылады. Әрине, тараптар өз еркімен келісіп, бір ымыраға келіп жатса, онда дау сол жерде бітіп, жоғары сатыларға кетпес еді. Кейбір адамдар алғашқыда ашуға беріліп, сотқа жүгініп, кейіннен ақылға жеңдіріп: «Мен осы қатты кеткен жоқпын ба? Алдыма келсе шешу жолын іздер едік қой», деп айтып жатады. Ал қолданыстағы АПК бойынша процеске дейін екі жақты жүздестіруге, оларды бітімге шақыруға, келісімнің артықшылықтарын түсіндіруге сот міндетті емес. Соттың мақсаты – қалай да істі тез қарап, тез шешім шығару. Яғни, тікелей айтсақ, дауларды ушықтырып жүрген қазіргі АПК-ның өзі. Дауласушыларды келісімге ша­қыр­май, оларға сот процесі­нің бола­шағын айтпай, екі та­рап­ты ортақ әңгімеге тарт­пай, дереу шар­шы алаңға шай­қас­қа шығарып жібереді. Бұдан дауласушылардың саны еш­уақытта азаймайды. Басқа амал қажет. Мәселен, АҚШ-та осын­дай тартыстардың 97 пайы­зы соттан тыс шешіледі екен. Яғни, сотқа 3-ақ пайыз даулаушы келе­ді. Қытайда сотта даулардың 30 пайызы, Словенияда – 40, Ба­тыс Еуропада тіпті 90 пайызы бітім­гершілікпен аяқталып жатады. Міне, жаңа жоба осы проб­леманы шешеді деген сенім бар, дейді Жақып Асанов. Заң қабылданса, тараптардың бітімге келуіне жәрдемдесу сот үшін басты міндет болмақ. Ол үшін медиациядан бөлек бірнеше жаңа мүмкіндіктер пайда болады: адвокат көмегі, тараптарды бітімге келтіру үшін арнайы судья бөлінбек немесе тараптар қаласа, онда істі қарайтын судья медиаторға айналмақ. Бұл орайда тараптардың дауын бітімгершілікпен шеше білген судьяның мүмкіндігі шексіз деген сөздің жаны бар. Өйткені, бітімгершілік қазақ халқына жат емес. Билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақ­тарды бітістіру, татуластыру, табыстыру болған ғой. Ендеше «Дау мұраты – біту» деген нақыл сөз содан қалған. Қазақ әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов «Қазақ билер соты – ол бітім мен келісім соты» деп, таң қалып жазған. Ғалым Күлтелеев «Уголовное обычное право казахов» деген кітабында 120 мың Ресей шаруаларының өз дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Олар өздерінің сот бюрократиясынан қашқандарын атап көрсеткен. Демек, жаңа Кодекстің ең басты жетістігі –дауласып жүрген тараптардың бітімге келуіне барлық жағдайдың жасалуы. Екі жақтың өз еріктерімен, ұрыс-керіссіз, бір-бірін тыңдап, дау-дамайды таразылап, бір мәмілеге келулеріне ықпал етуі. Сондықтан халқымыздан қалған бай тәжірибе, жүздеген жылдар бойы дұрыстығын дәлелдеген идеялар заңнамаға енгізіліп отыр. Ал жаңа жобаның екінші жетістігі – қажетсіз құжаттарды, шиеленісті азайтады. Мысалы, кейбір істер бойынша сот оты­ры­сын өткізу қажет емес. Өйткені, құжаттармен барлығы дәлелденіп тұр. Бірақ, қолданыстағы АПК көп жағдайда ондай отырысты талап ететінін көпшілік біледі. Үшіншіден, бүгінгі күні кез келген дау бойынша біреу сотқа жүгінсе, сот оны қарауға міндетті. Ал жаңа жобада кейбір даулар, ең алдымен, соттан тыс жерлерде қаралуы тиіс. Ондай қадам жасалмаса, тараптардың арызын сот қабылдамайды. Төртіншіден, тараптар барлық дәлелдерін сот процесіне дейін ұсынып, көрсетуі қажет. Егер ұсынбаса, оны дәлел ретінде кейін сот қабылдамауы мүмкін. Бұл да маңызды норма. Көп жағдайда тараптар дәлелдерін басында көрсетпей, жоғарғы сатыларда қоныштан суырып жатады. Көптеген төменгі соттардың шешімдерінің бұзылуы содан. Мұндай норма болса, екі жақ сот алаңына дейін өз ұстанымдарын бағалап, одан әрі соттасудан бас тартуы да мүмкін. Екі жақ бітімге келіп жатса, онда адво­кат жалдауға, сараптама жүргізуге, жол шығындарына шашылмай, қаржысын қарызды жабуға жұмсайды. Оның үстіне татуласқан жағдайда мемлекеттік салық төлемі кері қайтарылады. Ал осындай азаматтық істер бойынша прокурордың рөлі қандай болмақ дейміз? Алдын ала айтайық, мұндай процесте тараптар тең. Әр тарап өз мүддесін өзі қорғауы тиіс. Егер тараптар жеке мүдделерін қорғап жатса, ондай процеске прокурордың ешқандай қажеттілігі жоқ. Мәселен, былтырғы статистика бойынша істердің 70 пайызы прокурорлардың қатысуын талап етпеген. Бірақ дауда мемлекеттің мүддесі қозғалып жатса, сот процесіне баруға міндетті. Жеке компаниялар мемлекет қарыз деп, бюджеттен қыруар қаржыны талап етіп жатқан істер аз емес. Көбінесе, олар мемлекеттік са­тып алу, салық, кеден даулары. Мұндай істерге қатысу – проку­рор­­лардың конституциялық мін­деті. Сот тек төрелік жасап, қай жақтың дәлелдері басым, соның пайдасына шешіп отырады. Егер прокурор процесте мемлекеттің мүддесін сауатты және белсенді қорғай білсе, онда бюджетке заңсыз қол сұғушылар азаяды. Өткен жылы прокурорлар нара­зылық келтіру арқылы 42 млрд. теңге мемлекет қаржысын сақтап қалды. Бұған қоса өздерінің құқығын өз бетінше қорғауға қабілеті жоқ азаматтар мүддесін қорғауда прокурорлар қажет. Осылайша баяндамасын қорытындылай келген Жақып Асанов: «Айта кететін жайт, Жоғарғы Сот қысқа мерзімде қиын да күрделі, әрі қоғам үшін маңызы зор Кодекстің жобасын әзірлеп, баршаның назарына ұсынып отыр. Тиісті құрылымдар бұл жұмысқа белсенді қатысты. Біздің біраз ұсыныстарымыз қолдау тапты. Жобада көзделген мақсаттарға жетсек, онда қоғамымызда даулар біршама азайып, Елба­сымыздың ұстанымындағы толеранттылық, төзімділік идеясы жүзеге асады деген сенім бар», деді. Иә, біз де бұған толықтай қосыламыз. Өйткені, егер АПК-мыз бүгінгі жобадай болғанда, кім біледі, жоғарыда келтірген мысалдардың даулары келісіммен бітіп, қайғылы жағдайлар болмас па еді. Ендігі сенім жаңа Кодекс пен судьялардың ісінде. Сонда даудың бәрі бітумен аяқталатыны сөзсіз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».