• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Түріктер Қостанайды қолайлы көріп тұр

286 рет
көрсетілді

Түріктің «Фимакс» компания­сы Қазақстанмен бизнес сала­сындағы ынтымақтастық жұмысын Қостанай облысынан бастауды жөн көріпті. Түркия делегациясын «Фимакс» компаниясының басқарма мүшесі Ихсан Юмлу бас­тап келді. Делегация өңір басшысы Нұралы Сәдуақасовпен кездесті. Негізі бұл кездесуге бастамашы Қостанай облысының басшылығы болған еді. Облыс экономикасы қаржысы да, озық технологиясы да мол инвесторды қажет етеді. Ал инвесторға Қазақстандағы қолайлы аймақтың бірі де Қостанай саналады. Менделеев таблицасы элементтерінің бар­лығын да қасиетті даладан табасыз. Облыс өндірісін түрік инвесторларына таныстырған облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк соңғы 5 жылда экономикаға инвестициялық қаржы құюдың арқасында осы салада өндірілген өнімнің жартысы өңдеу кәсіпорындарына тиесілі болып отырғанын жеткізді. Ал ауыл шаруашылығында да Қостанай еліміздегі ту ұстаушының бірі. Астық пен ұнның төрттен бірін осы аймақтың диқандары өндіреді. Ұн тартудан республикада Қос­танайдың алдына түскен өңір жоқ. Ұнның сапасы да сыртқы, ішкі тұтынушылар тарапынан жоғары бағасын алған. 5 миллион гектар жерге егін егіледі, соның 4 миллион 700 мың гектарына дәнді дақылдар себіледі. Жылына 4,5-5 миллион тоннадай астық жиналады. Дегенмен, өндірісті де, ауыл шаруашылығын да өрге бастыру үшін инновациялық жобаларды жүзеге асыру керек. Онсыз қанша шикізатқа бай болсақ та, дүниежүзі нарығындағы бәсекеде шаң қауып қалуымыз мүмкін. Озық технологияға тәуелді ин­новациялық жобалар қар­жысыз жылжуы мүмкін емес. Қаржы да, озық технология да инвестордың қолында. Сондықтан Қостанай облысының бір таңдауы түріктің нарықта 40 жылдан бері келе жатқан «Фимакс» фирмасына түскен болатын. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін бірдей қолайлы техникалар шығаратын бұл компанияның тауарлары әлемнің 85 еліне экспортталады. Компанияның экспорттайтын ауылшаруашылық техникаларының көлемі 600 миллион АҚШ долларын құрайды. Түрік кәсіпкерлері, ең алдымен, өзінің тауарын өткізуді алдыңғы орынға қоятынын айтты. Бірақ «Фимакс» компаниясы тек техника шығарумен ғана айналыспайды, нарықты терең зерттейтін олар қызметін жан-жақты дамытып отыр. Ихсан Юмлу мырза мұны «Әйелім маған сен қандай тамаққа салса да дәмін кіргізе беретін әскөк секілдісің дейді», деген әзілімен жеткізді. Айтса айтқандай, компания құс және мал шаруашылығында ет, сүт бағытындағы тауарлық өндіріс кешенін жасауды, жаңғыртуды ұсынды. Олар құс, мал өнімдерін өңдеу мен өткізу сатыларының да осы кешенге кіретінін айтты. Осы орайда Түркиядағы ірі құс фабрикасының иесі Реха Челиклер өз тәжірибесімен бөлі­суге дайы­н екенін айтты. Түркия құс шаруашылығын дамыту жө­нінен Еуропада үшінші орынды иеленсе, ал дүниежүзінде озық ондықтан орын алады. Мұндай озық тәжірибесі бар инвесторға Қостанайдың құс шаруашылығы зәру десек артық емес. Облыста бірнеше құс фабрикалары болға­нымен әлі арбаның жүрісі мандыған жоқ. Кеңес одағынан бері келе жатқан «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорнының қайырлап тұрғанына біраз жыл болды. Түріктер еңбек өнімділігін арттыру, адам ресурс­тарын дамыту, озық маркетинг пен өнімді тиімді сату және кең мағынадағы логистиканы жақсарту мақсатында заманауи менеджмент бойынша көмектесуге дайын екендігін де жеткізді. Түрік ағайындар Қостанай облысының бизнес жүргізуге қолайлы-қолайсыздығын білгісі келді. Олар Еуропаға қарағанда Қазақстанда газ бен электр энергиясы арзан деп есептейді. Негізі инвестиция салуға осы тұрғыдан келетіндігін де жасырмады. – Газ бен электр энергиясы сіздерге арзан көрінеді. Ал респуб­лика ішіндегі өлшеммен алғанда тым сіздер ойлағандай емес болуы да мүмкін. Республика бойын­ша ең қымбат газ бен электр энер­гиясы Қостанай облысында. Облыс еліміздің солтүстік өңірінде орналасқан, мұнда қыс 214 күнге созылады. Мұны да қаперге алыңыздар. Меморандумға қол қою басты мақсат емес, әңгіме сіздермен ынтымақты жұмы­сымыздың жүруінде, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов. Түркия делегациясы облыста 5 күн болып, құс шаруашылығымен айналысатын «Жас Канат» және жұмысы тоқтап тұрған «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорындарын, «Агромаш Холдинг» зауытын, тағы бірқатар ауылшаруашылық кәсіпорындарын, сүт фермаларын, сүт зауыттарын аралап көргеннен кейін журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Онда бизнес және облыстың инвестициялық әлеуеті туралы әсерлерімен бөлісті. – Қазақстан – өте бай ел. Әр­қайсысында кемінде 10 мың гектар жері бар бизнесмендермен кездестік. Түркияда он мың гектар жері бар бірде-бір бизнесмен жоқ. Сіздердің экономикалық көтерілулеріңізге барлық жағдай бар. Қостанай біздің инвестиция құюға деген ықыласымызды оятты, – деді «Фимакс» компаниясының басқарма мүшесі Ихсан Юмлу. Түрік кәсіпкерлері Қо­с­та­найдағы құс фабрикаларының жұмысы жаман еместігін, бірақ әлде де жетілдіре түсетін тұстары бар екендігін айтты. Сонымен қатар, өздері аралаған кәсіпорындарда менеждмент тұрғысында проб­лемалардың бар екендігін де тілге тиек етті. Мысалы, он мыңдаған гектар жерлері бар, мыңдаған малы бар ірі шаруашылықтардың тиімсіз екендігін жасырмады. Ихсан Юмлудың айтуынша, Түркияда басқаруға да, кәсіби бағытын өзгертуге де жеңіл орта және шағын шаруашылықтар үстем екен. Қазір дүниежүзілік дағдарысқа Түркия экономикасының төтеп беруіне орта және шағын шаруашылықтар қазық болып тұрса керек. Шілдеде «Фимакс» компаниясы Қостанайға өз техникаларының көр­месін әкеледі. Одан кейін қостанайлық кәсіпкерлер Түркияға барып, озық технологиямен және бизнеспен танысады. Меморандум да, инвестиция құю да содан кейін шешілетін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.