Айтыс Кеше

Қайым айтыстың хас шебері

76 рет
көрсетілді

Биыл 24-ақ жыл өмір сүріп, соңына қисапсыз қазына қалдырған Ұлбике Жанкелдіқызының туғанына 200 жыл. Сырдың Тереңөзегінде туып, Жамбыл облысындағы Талас өзенінің бойы­нан топырақ бұйырғанмен, таңдайында өлеңнің ұясы бар тағдырлы таланттың мұрасы мұқым қазаққа ортақ.

Ұлбике есімі алғаш рет Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлы, Әубәкір Ди­ваев, Василий Радлов зерттеулері арқылы хатқа түсіп, Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенбі Дәуітұлы секілді ғалымдар еңбегіне арқау болды. Сөз сайысының үлкен бір саласы – қайым айтыстың алғашқы қарлығашы саналатын ақын мұрасына жанашыр жандар кейінгі жылдары өнерімен күллі қазаққа танылған таланттың ұмытылып бара жатқанын жиі айтатын еді. Туғанына екі ғасыр толуына байланысты Сырдария ауданы әкімдігі ұйымдастырған республикалық айтыс осы бір олқылықтың орнын толтырды.

Көрермендер қатарында «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ал­мас­бек Есмаханов, экономика ғылым­дарының докторы, профессор, академик Бақберген Досмамбетов, қоғам қайраткері Рахымберген Құрманғалиұлы болды. Ақындар айтысының ашылуында аудан әкімі Берік Сәрменбаев ұлттық өнер­дің асқарында тұрған таланттың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып өтті.

«Ұлбике Жанкелдіқызы қайым айтыста алдына қара салмай, дарынымен ерекшеленген. Оның тілі он екі жаста өлеңмен шыққан деседі. Айтыстары осы өнердің ең бiр жауһар, әсем үлгiсi екенiн ұмытпауымыз керек», деді аудан басшысы.

Сөз сайысын осы топырақ тумасы, белгілі айтыскер ақын Нұрмат Мансұр жүргізіп отырды. Сыр елінен шыққан жас ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар мен Алма­ты облысының атынан қатысқан Рүстем Қайыртай жұбы қоғам­дағы түрлі мәселелерді қозғады.

«Ұлбике алты алашқа мәлім еді,

Қайымда қарсыласын құрықтаған,

Ағайын, пейіліңнен айналайын,

Ақынға ықыласын суытпаған»,

деген Бексұлтанның ойын жалғаған Рүстем ақынның осы күні айтысты күні өткен өнер деп жүргендерге:

«Жоқ кезде алданышың болған айтыс,

Тоқ кезде босағаға апарылмай,

Төрде тұру керек қой керісінше,

Көнекөз Аяз бидің шапанындай»,

деген жауабына жұрт дуылдата қол соқты.

Келесі жұп қызылордалық Ерасыл Байментаев пен «ұлық айдың кеп тұрмын қарсаңында, Ұлбикені жырлауға Ұлытаудан» деген Дидар Қамиев болды. Қар­сыласының айтыстан бөлек әншілік өнерінің жайын сұраған сауалына Дидар ақынның:

«Жігітке жеті өнер де аз емес пе,

Сондықтан артық сөзді тыя тұрғын,

Тал бойымнан табылса айып па екен,

Өн бойында жоқ өнер кей ақын­ның,

Марғасқа Манап ақын жолын қуған,

Қысқасы бір өзім бір театрмын»

дегені көрерменді бір желпіп алды. Қос ақынның өнеріне баға берген қазылар алқасының шешімімен:

«Күдері мен Ұлбикенің себебімен,

Айтысқа қайым деген үлгі кірген,

Тілі шықпай жүрсе де жарты ғұмыр,

Қазақтың қайымы­на тіл бітірген»,

деген Дидар Қамиев басым түсті.

Аламанды әрі қарай жалға­ған жергілікті ақын Мұхамеджан Мансұр мен Шымкенттің намысын қорғаған Біржан Байтуов­тың айтысында ел тарихы, ұлттық құн­дылықтар сөз болды. «Алтын дом­быраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов пен Жамбыл облысының ақыны Алтынкүл Қасымбекова көпшілікке әзілі жарасқан жеңге мен қайны айтысының керемет үлгісін көрсетті.

Сөз сайысының соңғы жұбы ретінде сахнаға шыққан шиелілік Ержан Әміров пен «Айтыстың ақтангері» атанған Бекарыс Шой­беков сөз қағыстыруында Терең­өзек топырағының қасиетін, осы өңірде туып-өскен тұлғалар туралы айтты. Бекарыс ақынның

«Бұл тойды оразаға орай қыпты,

Оңынан келетінін біліпті айқын,

Мың алғыс Тереңөзек ел-жұртына,

Ұмытпай Ұлбикені ұлықтайтын,

Еркелеп үлгермеген есіл қызын,

Екі ғасыр өтсе де ұмытпайтын» деген сөзіне Ержанның:

«Ұлбике атында бір көше болса,

Сауапты іс болар еді еселенген,

Келесі келген сәтте жүрейікші,

Ұлбике атындағы көшеменен»

деген жауабы ел азаматтарының есінде жүрер шаруа деп білеміз.

Әр ақын қайымның хас шебе­рі Ұлбикенің қысқа ғұмырын­да ұлттық өнердегі салған сара жолын жырға қосты. Көрермен­ ақындардың ұйқасына, орам­ды ойлары мен тапқыр теңеулеріне қол соқты.

Қазылар алқасының ше­ші­мімен аламанның бас жүлдесі Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Жүл­делі бірінші орынды Бекарыс Шой­беков, қос бірдей екінші орынды Алтынкүл Қасымбекова мен Дидар Қамиев алды. Үшінші орын Рүстем Қайыртай мен Біржан Байтуов­қа берілді. Сонымен қатар айтыста өнер көрсеткен өзге ақындарға арна­йы марапат табысталып, қаржылай сыйлықтар берілді.

 

Қызылорда облысы,

Сырдария ауданы