• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2015

Жобалар ауқымы кеңейеді

222 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шелл» концернінің атқарушы бас директоры Бен ван Берденді қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында компа­нияның Қазақстандағы жұмысы және еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға қатысуы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың түрлі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін қамтитын перспективалы бағыттары да сөз болды. Тараптар өзара іс-қимыл ая­сын одан әрі жандандыру мен кеңей­тудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Президенті компания қызметіндегі өзгерістерге, оның «Би Джи Групп» компания­сы­мен бірігуі жоспарланып отыр­ғанына назар аударды. Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан эко­но­микасындағы ірі инвестордың бірі ретінде «Шелл» Қашаған кенішін игеру жобасында маңызды рөл атқаратынын айтты. Мемлекет басшысы компа­нияның міндеттемелеріне өзге­ріс­тер оң ықпал етеді деп үмітте­нетінін жеткізді. Б.Берден Нұрсұлтан Назар­баев­ты Қазақстан Президенті лауа­зымына қайта сайлануымен құт­тықтап, бұл сайлау ел үшін ғана емес, шетелдік инвесторлар үшін де тұ­рақтылықтың айғағы болып сана­латынын айтты. Сонымен қатар, «Шелл» кон­цернінің атқарушы директоры Мемлекет басшысының был­тыр Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі саммитке қатысу үшін Нидер­ландқа сапарлап барғанында оған «Президент Назарбаев» деп атал­ған қызғалдақтың жаңа сорты таныс­тырылғанын еске салды. Соған орай Б.Берден Нұрсұлтан Назар­баевқа Голландиядан әкелін­ген осы сорттың жаңа кесілген гүлін сыйлады. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.