Кеше Астанадағы Ұлттық музейдің баспасөз орталығында «Казахстанская правда» газетінің қолдауымен жарық көрген «Свет Победы» кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхамедқали Сатов, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-тың вице-президенті-бас редактор Жанболат Аупбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Свет Победы» кітабына «Казахстанская правда» газетінде Ұлы Отан соғысына қатысқан айтулы тұлғалар мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері және еліміздің бүгінгі Қарулы күштерінің әлеуеті жөнінде жарияланған материалдар топтастырылыпты. Жеңістің 70 жылдығына орай шығарылған бұл еңбектің тұсаукесер рәсімінде «Казахстанская правда» газетінің басшысы Александр Тараков: «Біз бұл кітапты шығару арқылы жеңімпаз ардагерлерімізге деген құрметімізді білдіргіміз келді. «Казахстанская правда» басылымы 2004 жылдан бастап 1941-1945 жылдар аралығындағы соғыс кезінде майданда және тылда ерлігімен танылған қазақстандықтар жөнінде үзбей жазып келеді. Біздің журналистеріміз бұл бағыттағы жұмыстарын өз еріктерімен жалғастыра береді. Өйткені, ардақты ардагерлеріміздің өнегелі жолын, ерлікті істерін келер ұрпақ біліп өсуі қажет», деді.
Бұдан кейін сөз алған Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхамедқали Сатов, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Татьяна Костина және соғыс ардагерлері жаңа кітап жөнінде өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде Татьяна Костина алдағы уақытта аталмыш кітаптың жалғасын шығару қажеттігіне назар аударды. Ал Мұхамедқали Сатов ардагерлерді Жеңістің 70 жылдығымен құттықтай отырып, тұсауы кесілген жаңа кітаптағы құнды деректердің маңыздылығын сөз етті. Сондай-ақ, ол осы еңбекті Ұлттық ұлан сарбаздарына міндетті түрде таныстыратынын жеткізді.
Шара барысында «Казахстанская правда» газетінің оқырмандарын көбейту мақсатында ұйымдастырылған «Сенің Түркияға жолдамаң» атты акцияның қорытындысы шығарылды.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, осы күні «Казправда» редакциясының ғимаратында газеттің Ұлы Отан соғысында қаза тапқан журналистеріне арналған ескерткіш тақта ашылды.
Жиын барысында белгілі болғандай, соғыс кезінде бұл басылымның 8 журналисі Отан үшін жанын беріпті.
Басылым басшысы Александр Тараков: «Соғыс кезінде біздің газетіміз «Боевой товарищ и друг» деген атпен шыққан екен. Аласапыран басталған алғашқы күннен газет бетінде халқымыздың басқыншыларға қарсы жанқиярлық күресі туралы мақалалар, очерктер, репортаждар үздіксіз жарияланған. Ондағы әрбір материал елдің ерік-жігерін жанып, жеңіске деген құлшынысты арттырумен болды. «Казахстанская правданың» көптеген қызметкерлері майданға аттанды. Олар қайтып оралмады. Біздің газеттің ұжымы сол бір аяулы жандарды ешқашан ұмытпайды», деді.
Айта кетейік, бұл ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Леонид Картаузов, Моисей Гольдберг және Қадан Бекенов сынды ардагерлер қатысып, өткен шақтан сыр тартып, тәрбиелік мәні зор, көңіл толқытар естеліктер айтып берді. Сондай-ақ, олар «Казахстанская правда» газетінің кешегі соғыста ерлікпен қаза тапқан журналистеріне көрсеткен құрметтері үшін редакция ұжымына алғыстарын білдірді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.