Алматыда созылды немесе Ассамблея тату болса ас көп
1 мамыр мерекесіне орайластырып Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қалалықтарға ерекше сый тарту етті. Ассамблея тату болса ас көп екен, осылайша әлемдегі ең ұзын лағман да жасалды.
Алматылықтар мен қала қонақтарын елеңдеткен ерекше оқиға Құддыс Қожамьяров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының саябағында өтті.
Әлемдегі ең ұзын лағманды созуға бесаспап аспаздар шақырылған. 30 бірдей аспаз ұйғырлардың дәстүрлі лағман дайындау әдісімен салмағы 687 килограмм болатын дәмді асты дайындап, жиналған жұртқа дәм татқызды.
Аспаздар алдын ала кемі 1500 кісіге лағман дайындайтындарын жариялаған болатын. Дегенмен, мерекеде адам басын санап отырған ешкім жоқ, бірақ жер бетіндегі ең ұзын лағманды жеуге келгендер саны жеткілікті болды.
Қалалықтар мәре-сәре болып жатқан іс-шара барысында мерекелік концерттер, лағман жасаудан шеберлік-сабағы, мәдени ойын-сауық бағдарламасы қоса ұйымдастырылып, оған ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері атсалысты.
Осынау ерекше оқиға барысында Солтүстік полюске барып келген Бірінші қазақстандық шаңғы экспедициясының мүшелерімен кездесу ұйымдастыру көзделген болатын.
Аталмыш науқанға Қазақ географиялық қоғамының кезекті рекордын орнату үшін, Гиннес рекордтар кітабының төрешілері шақырылды.
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай өзге де оңды оқиғалар болып жатты. Қаланың басты мейрамы Орталық мәдениет және демалыс саябағында қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен мәреге жетті. Ал сол игі шаралардың барлығында дерлік Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы болғанына сәт сайын куә болдық.
Бүгінгі таңда Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 34 этномәдени бірлестіктер кіреді. Бұл мәдени орталықтардың барлығы да ауызбіршілік пен татулыққа қызмет етіп, үлкен елдік шаралардың шырайын келтіруге барынша атсалысып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Айтжан МҰРЗАНОВ.